Бағдарламалар • 30 Сәуір, 2018

Парижде «Рухани жаңғыруға» арналған халықаралық форум басталды

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум басталды.

Парижде «Рухани жаңғыруға» арналған халықаралық форум басталды

Іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатымен ашылды. Мемлекет басшысының сөзін Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Ғалиев оқып берді.

«Көптеген елдердің ғалымдары мен сарапшыларының, тарихшылары мен тіл мамандарының қатысуымен мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің ерекше символдық мәні бар. Әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан Түркі жұртының қара шаңырағы ‒ Қазақстан сан мың жылдық тамырлы тарихының кеткенін келтіріп, кемін толтырған «Мәдени мұра», «Халықаралық тарих толқынында» сынды бағдарламарды іске асырды.

Былтырдан бері тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алды.

Осының нәтижесінде барша адамзат тарихымен ұщтасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісі кеңейді. Даңқты бабаларымыздан мирас болған рухани қазыналар халқымызды өткеннің өшпес өнегесімен қауыштырып, жарқын болашаққа жол ашты.

Менің бастамаммен Астанада ашылған Халықаралық Түркі академясы осы бағытта жемісті жұмыстар атқарып келеді. Соның бір айғағындай бүгінгі форум арқылы Еуразия төсін жайлаған бауырлас елдердің ортақ мұралары кеңінен ұлықталып, еларалық, мәдениетаралық диалог одан әрі зор серпінге ие боларына сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!», делінген Елбасының форум қатысушыларына арналған құттықтау хатында.

Ж.Ғалиев білім мен ғылымның «ғибадатханасы» атанған ЮНЕСКО-да өтіп жатқан шараның маңызына тоқталды. Сондай-ақ жиынды ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Түркі академиясына алғысын жеткізді. 

Сонымен қатар форум барысында Әзербайжан, Қырғызстан Президенттерінің құттықтау хаттары оқылды. Жиын ЮНЕСКО-ның «Мұраны сақтау, насихаттау және жалғастыру» стратегиялық міндетіне үлес қосу мақсатымен ұйымның штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара Түркі әлемінің құндылықтарын зерттеп, зерделеу және насихаттауды мақсат еткен.

Жиынға 16 елден ғылым, мәдениет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен дипломаттар қатысты. Форум барысында қатысушылар «Түркі жазба ескерткіштері», «Түркі тілі мен әдеби-мәдени мұралары», «Түркі тілдерінің таралу ареалдар» мәселелері төңірегінде баяндамалар жасайды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

ПАРИЖ