«Мен мақаламен жақсы таныспын. Онда айтылған ұлттық код, сананы жаңғырту, тарихтан қол үзбеу секілді мәселелер қоғам болып қалыптасуға, ел болып еңсені көтеруге өте керек бастамалар. «Рухани жаңғыру» – қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне айтылған үндеу іспетті. Осындай көшбасшысы бар Қазақстанның жолы болды. Бұрын Кеңес одағы тұсында түркі әлемінің бетке ұстары Түркия болса, қазіргі таңда көреген көшбасшысы бар Қазақстан ту ұстар елге айналды», деді С.Экер.
Әлемде жеті мыңнан астам тіл бар. Алайда олардың көбі жоғалып кетуі мүмкін. Қытай этностық әдебиет қоғамы президенті, Чао Гаджиннің келтірген деректеріне сүйенсек, екі мыңға жуық тілде сөйлейтіндер саны он мыңға жетер-жетпес. Солардың қатарында кейбір түркі тілдері бар. Профессор Чао Геджин жойылып кету қаупі бар тілдерді сақтап қалуда цифрлы технология қолданудың тиімділігін атады. Оның айтуынша, ЮНЕСКО қолдауымен жүзеге асырылған Talkmate бағдарламасы қазіргі таңда тіл үйренушілерге таптырмас құралға айналған.
Адам Мицкевич атындағы университеттің (Польша) профессоры Хенрик Янковский өз зерттеуінде түркі тілдерін үш бөлікке жіктеп қарастырған. Біріншісі – негізгі тіл ретінде, екіншісі – басқа тілмен бірге қолданылатындар. Үшіншісі – қолдану аясы тар тілдер. Олардың қатарында хакас, құмық, қарақалпақ секілді тілдер бар. Түркітанушы М.Эрдал мұның себебі ретінде жастардың өз ана тіліне көңіл бөлмеуін атап көрсетті.
Бұдан бөлек, ЮНЕСКО ақпарат және байланыс саласы бойынша әлеуметтік білім бөлімі бағдарламасының өкілі Ирбгарда Касискайте-Буддеберг, Упсала университетінің (Швеция) профессоры Эва Ксато, Франкфурт университетінің (Германия) ғылым докторы Ирина Невская, Еуразия ұлттық университеті профессоры Сәуле Тәжібаева түркі тілінің таралуына қатысты баяндама оқыды.
Форум жұмысы барысында жойылу қаупі бар түркі тілдерінің өкілдері өз ана тілінде ЮНЕСКО-ның мінберінде сөз сөйледі. Айта кетерлігі, бұған дейін олардың дауысы мұндай іргелі ұйымда естілмеген болатын. Спикерлер өз сөздері арқылы саны аз қалған ұлттардың үнін барша әлемге паш етті.
Сонымен қатар іс-шарада тілдері жойылу қаупінде тұрған алтай, тыва, xакас, саxа, сары ұйғыр, қашқай, қарайым, гагауыз секілді бауырлас xалықтардың өкілдері өз тілдерінде баяндама жасап, басты құндылықтарын сақтау, қорғау және дамыту жөнінде нақты ұсыныстарын айтты.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан» – ПАРИЖ
Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ