Қазақстан • 02 Мамыр, 2018

Вильгелм Томсон медалі табысталды

508 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумында Вильгелм Томсон медалі табысталды.

Вильгелм Томсон медалі табысталды

Париж төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форумның маңызы зор. Әсіресе, жиында ЮНЕСКО–ның штаб–пәтерінде түркология саласының өзекті мәселелерінің осылайша алғаш рет талқылануы көңілге жылылық ұялатты. Мұндай шаралар болашақта да жалғасын тауып, түбі бір түркі халықтарының өкілдері осындай алқалы жиындарда әлі талай кездеседі деп ойлаймыз.

Сондай-ақ форум барысында іргелі ұйымның ресми тілдерімен қатар түркі тілдеріне де аударма жасалуын жағымды жаңалық ретінде қабылданды. Бұл да өз кезегінде алғаш рет болып отырған тарихи оқиға. Саны аз түркі халықтарының үні ЮНЕСКО-да естілуі жойылу қаупі бар түркі тілдерінің қайта жандануына себеп болып, үміт отын жағатыны анық.

Форум жұмысы аясында түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғалар ұмыт қалған жоқ. Жиыннан бір күн бұрын қатысушылар Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған болатын.

Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ж.Ғалиев, Халықаралық түркі академиясының төрағасы Д. Қыдырәлі, Ножан-сюр-Марн (фр. Nogent-sur-Marne) қаласының мэрі Жан Жак Пол Мартан қатысты.

Жиында елші Ж.Ғалиев Париж шаһарының мэріне екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан дипломатиясына 25 жыл» медалін тақты. Сондай-ақ Халықаралық түркі академиясы атынан арнайы сыйлық табысталды.  Пол Мартанның айтуынша, бұл – оған көрсетілген зор құрмет.

«Бүгін Мұстафа Шоқайдың Париждегі бюстіне гүл шоқтарын қою үшін жиналдық. Осындай іргелі шараға қатысу мен үшін үлкен құрмет. М.Шоқай Францияда уақытының біраз бөлігін өткізді. Сондықтан оған мүсін қою бізге абырой болатын. Бұл – біз үшін Қазақстанның Париждегі кішігірім бөлігі. Осындай ескерткіш орнатуға атсалысқаны үшін Қазақстан елшілігіне алғыс айтамын. Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі нығая түсетініне сенімім мол», деді қала мэрі.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар Әзербайжан демократиялық халық республикасының негізін қалаушылардың бірі, туғанына 155 жыл толған Алимардан Топчыбашының Париждегі бейітіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Жиында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ іс-шарада Халықаралық Түркі академиясының «Вильгелм Томсон» медалі көрнекті түрколог-ғалымдар, профессорлар Ларс Йохансон, Игорь Кормушин, Осман Фикри Серткая, Кадыралы Конкобаев, Игорь Кызласовқа табысталды.

Қорыта айтқанда, Париждің қақ төрінде өткен шара түркі әлемінің татулығы мен бірлігіне өз үлесін қосатыны анық. Ата-бабаларымыз мәңгілік тасқа қашап жазып кеткендей «мың жылдық, түмен күндік білігіміз бен белгіміз» болсын деген ізгі де ықыласты ниеті осылайша мерейлі жиынмен жалғасын тапты.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» – ПАРИЖ

Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ