10 Ақпан, 2010

ОНЖЫЛДЫҚТЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ

1216 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Дәстүрге айналған Елбасының Жолдауын халық жыл сайын ай­рықша күтеді. Өйткені, Президент­тің Жолдауы кешегі істеріміздің көңіл қуантар жетістіктері мен кем-кетігін, алдағы асқаралы мақсат­тардың нақты көрінісін айқындап, қолымызға бағыт-бағдар көрсететін әлеуметтік-экономикалық картаны ұстатады. Бұл жолғы Жолдау Қа­зақстанның үлкен стратегиясының алғашқы онжылдығын қорытын­дылап, екінші онжылдықта жүзеге асырылар істерді саралауға арнал­ды. Жолдау – алдағы онжылдық­тың жол картасындай. Көреген­дікпен жасалған “Қазақстан-2030” Стратегиясы бағдарламаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына бүгінгі күн куә. Елдің еңсесі көтеріліп, сонау тоқсаныншы жылдардағы болашақ алдындағы үрей сезімінің орнын нық сенім алмастырған бүгінгі күні қазақстандықтарды жаһандық дағдарыс та сындыра алған жоқ. Әлемді қалтыратқан дағдарыстың біздің қоғамға ықпалының аз болуы халықтың әл-ауқаты мен экономи­калық дамуын кезең-кезеңімен жүзеге асырып отыруға жұмыл­дыратын нақты бағдарламаның байыппен жүзеге асырылып келе жатқанында болса керек. Елбасының биылғы Жол­дауы­ның басты бағыты экономи­каны әртараптандыру болып табылады. Әртараптандырылған экономика ғана бізді өркениетті елдер қатары­на шығарып, экономикалық тәуел­сіздікке жеткізетінін бәріміз біле­міз. Президенттің тапсырмасымен Үкімет өткен жылы жеделдетілген Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен елді Индустрияландыру карта­сын жасағаны белгілі. Осы маңыз­ды екі құжат алдағы бесжылдықта өз нәтижесін беруі тиіс. Иннова­циялық саясатты, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына тереңдеп ендіру жайында Елбасы баса айтты. Агроөнеркәсіпті дамыту дегеніміз – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз екенін бәріміз жақсы білеміз. Азық-түлік қауіпсіздігі – экономикалық және саяси тұрақтылықтың басты тетігі. Тек өз жұртымызды ғана азық-түлікпен қамтамасыз етіп қою емес, әлемдік рыноктарға отандық өнім­дерді шығаруға біздің әлеуетіміз жетеді. Әрине, егер инновациялық технологиялардың озық түрлерін салаға пайдаланатын болсақ. Әзірге ол жағынан ұятты болып тұрғаны­мыз да шындық. Агроөнеркәсіп ке­шенін дамытуда басты екпін еңбек өнімділігін арттыруға жасалуы ке­рек дегенге Елбасы баса назар ау­дар­тып отыр. Бізде ауыл экономи­касының тиімділігі төмен, біздің шаруа жылына орта есеппен небәрі 3 мың доллардың өнімін өндірсе, дамыған елдерде әрбір шаруаның өндіргені жылына 50 мың долларға жуық. Бес жылдың ішінде халқы­мызға керек тамақтың 80 пайызын өзімізде шығаруымыз керек. Сон­дықтан да ауыл шаруашылы­ғының еңбек өнімділігін инновациялық технологиялар арқылы көтеруіміз қажет. Экстенсивтіліктен интенсив­тілікке көшу арқылы еңбек өнімді­лігін арттырудың жолы – иннова­циялық технология мен техника­ның соңғы түрлеріне жол ашу. Сон­дықтан да аграрлық сектор өкілі ретінде маған бұл тақырып өте жақын. Өсімдік, мал шаруашы­лығы өнімдерін сапалы да әлемдік талаптарға сай етіп өндіру жолында еңбек етіп келе жатқан қазақстан­дық аграрлық ғалымдар баршылық. Экономиканы ғылымсыз өр­кендету де мүмкін емес екендігіне көз жете түсті. Қазіргі кезде рес-пуб­­ликамызда ресурстарды, ылғал­ды үнемдеу, ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын арттыру бойынша бірқатар инновациялық жобалар ендірілді де. Әйткенмен, ендірілген бұл басымдықтар әзірше біз алға қойып отырған мақсаттарды толық­қанды шеше алмауда. Сондықтан да жаңа инновациялық жобалар алдымен қазақстандық ғалымдар­дың озық жетістіктерін зерттеу және әлемдік озық технологияның біздің климатымыз және топыра­ғымызда сынақтан өтіп, оңды нә­ти­же беретінін пайдалану арқылы іске асырылуы тиіс. Озық агротех­нология, тұқым сорттары, мине­ралдық тыңайтқыштар – бұл индустриялық-инновациялық технологияның ауыл шаруашылығы саласына тереңдеп ендіретін басты тетіктері дер едім. Елбасы минералдық тыңайт­қыштар өндіретін зауыттарды қал­пына келтіруге де баса назар аудар­тып отыр. Бұл аса жанды мәселе. Минералдық тыңайтқыш ауыл ша­руашылығы дақылдарының өнім­ділігін ғана қамтамасыз етіп қой­май­ды, ол тозып бара жатқан то­пырақтың құнарлылығын қалпына келтіреді. Сапалы да мол өнім беретін негізгі көз – топырақ. Ауыл шаруашылығын интенсивтен­дірудің төмендігінен бүгінгі күні топырақтың құнарлылығы жойы­лып барады. Республика бойынша, орташа есеппен топырақ құнарлы­лығы осыдан 50 жылмен салыстыр­ғанда 25-30 пайызға төмендеп отыр. Топырақты минералдық тыңайтқыштармен байытпай, қара күшке салып пайдалану осындай нәтижеге жеткізді. Осылай кете беретін болса, ертеңгі күні әлемдік бәсекеге қосылмақ түгілі, өзімізді асырауымыз мұң болып қалмақ. Шындығына келетін болсақ, өзімізді өзіміз минералдық тыңайт­қыштармен қамтамасыз етуге ша­мамыз жетеді. Бізде “Қазфосфат”, “Қазазот” секілді компаниялар бар. Олардың шығарып жатқан өнімдері Қазақстан сұранысын қанағат­тандырар еді. Өкінішке қарай, аталған компаниялардың зауыттары өнімін өз елінің ауыл шаруашы­лығы өнімін өндірушілерге сатудан шет елдерге сатуды маңыздырақ көреді. Ауыл шаруашылығы минис­трлігі тарапынан минералдық тыңайтқыштарды дұрыс пайдалану мәселесіне қатты назар аударыла бастады. Субсидия тек озық техно­ло­гияны қолданатын өндірістерге беріледі. Бұл оң шешім. Тыңайт­қыш, ресурс, ылғал үнемдеу технологияларын ендіруге мүдделі өндірістерге қолдау көрсету болашақта өз жемісін береді де. Бірақ Қазақстанда жұмыс істеп, өнім өндіріп жатқан зауыттарға Үкімет тарапынан мынадай шарт қойылуы тиіс деп ойлаймын: алды­мен өз еліңнің ауыл шаруашылығы саласының қажетін қамтамасыз ет, содан кейін ғана артылғанын экспортқа шығар. Ішкі рыноктың 80 пайызын отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырған еліміз үшін аграрлық секторды кешенді дамытуды қолға алу – үлкен істің алдындағы тың серпін деп есептер едім. Осы уақытқа дейін сырттан асыл тұқымды сиырлар мен қошқарлар әкелдік. Бірақ олардың жейтін жем-шөбі, жайылатын жайылымы сай болмағандықтан, күткен нәтижені бермей, оған жұмсалған шығын шаш-етектен болды. Минералдық тыңайтқыштар өндіретін зауыттарды қалпына келтіру керек деген Елбасының нұсқауы осынау еш дәйексіз қаржыны далаға шашуға нүкте қойып, оның орнына агросекторды дамытатын нақты негізгі тетіктерді іске қосуға жол ашады деп сенеміз. Асыл тұқымды мал, астық, жеміс-жидек тұқымдарын сырттан алып келу үшін де алдымен солар өніп-өсе­тін топырақты құнарланды­руы­мыз керек екенін ұмытпаған жөн. Қазақ аграрлық ұлттық универ­ситетінде егіншілік және өсімдік саласында Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары климатына бейімделген 12-ден аса жоба жүзеге асырылуда. Тамшылата суаруды пайдалану, жеміс-жидек өсіру, жеміс-жидек өнімдерін өңдеу және сақтау секілді озық ғылыми-инновациялық жобалар, соя, рапс дақылдарын өсіру мәселелері Дүниежүзілік банк қорының желісі бойынша жүзеге асырылуда. Уни­верситет ғалымдары республика Үкіметі қаржыландыратын деңгей­дегі жобаларды жасауға болашақта да қатыса беруге құлшынып отыр. Қазір­гі кезде Алматы облысының әкім­дігі осы облыс аймағында өсірілетін жем-шөп, бұршақ, жеміс-жидек дақылдары бойынша иннова­циялық технология жобала­рына жылына 12 млн. теңге, Жам­был облысы жеміс-жидек көшет­терінің инновациялық жобаларына жылына 6 миллион теңге бөліп отыр. Бұл жобаларды аграрлық университет ғалымдары ұсынады деп аталған әкімдіктермен келісім жасалған. Яғни, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда қазақстандық ғалымдардың қосатын үлесі сүбелі болмақ. Аграрлық жо­ғары оқу орындары ғалымдарының ғылыми-зерттеу институттары, ха­лықаралық дәрежедегі ғалымдармен интегра­циясын жүзеге асыру мәсе­лесі бүгінгі күннің басты мәселесі. Интеграция дегеніміз – бәсекеге, өсуге, үйренуге, ұмтылуға мол мүмкіндік береді. Елбасы айтқандай, бәсеке жоқ болса, ұйқың тыныш болады, бірақ өмір сүру деңгейің төмендейді, ал біз жақсы өмір сүргіміз келеді. Ол үшін сапалы мамандар даярлаудың қажеттігі белгілі. Агросекторға маман даярлайтын жалғыз ұлттық аграрлық университет биыл өзінің 80 жылдық мерейтойын тойлағалы отыр. Аталған университетте жастардың сапалы білім алуының барлық мүмкіндіктері қарастырыл­ған. Ауыл шаруашылығы минис-трлігінің құрамындағы 22 ғылыми-зерттеу институтының 14-імен біздің университетіміз тығыз байланыста болып, кадр даярлауда. Студент жастар олардың лабора­ториясында зерттеулер жүргізіп, алған теориялық білімдерін тәжі­рибе жүзінде шыңдауда. Жалпы ғалымдар арасындағы интеграция ғылымға көп нәрсе береді. Жоға­рыда айтып кеттім, біздің универ­ситетте ғалымдардың күшті тобы бар деп. Солардың әлеуетін, ғы­лым­ға беретін мүмкіндігін пайдала­ну әлі де болса толыққанды жүргізіл­мей отырғаны рас. Алдағы уақытта осыны ескерсек жаман болмас еді. Университетімізде сонымен қатар 34 шетелдік ауыл шаруашы­лығы мамандарын даярлайтын оқу орындарымен тығыз қарым-қаты­нас орнатылып, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс жасал­ған. Оқытудың интерактивті, муль­тимедиялық формалары, интер­тақталар секілді иннова­циялық жаңа түрлері өз нәтижесін беруде. Ал жоғары оқу орындарында кеңінен енгізіле бастаған жаңа кредиттік технология қарқын алып кете алмай отыр. Себебі, оған қажет материалдық-техникалық база жетіспеуде. Сондықтан да Елбасы­ның Астанадағы жаңа университет аясында жаңа үш ғылыми орталықтың ашылатыны жөнінде айтқаны осы ақтаңдақтың орнын толтырады деп ойлаймын. Бұл мәлімдемені біз, ғалымдар, жоғары бағалаймыз. Соның ішінде әсіресе, агросектор, ауыл шаруа­шы­лығы мамандары – инженер кадрларын даярлайтын біздің университет үшін қатысы бар энергетикалық зерттеулер орталығы назарымызды ерекше аударды деуге болады. Электр энергиясының дәс­түрлі емес түрлерін дамытып, қол­данысқа енгізуде біздің ғалымда­рымыз бен студенттеріміз жан-жақты зерттеулер жүргізіп, тәжіри­бе жүзінде сынақтан өткізетін осын­дай орталық ауадай қажет болатын. Естеріңізде болса, Елбасы осы­дан біраз жылдар бұрын қазақстан­дықтарды интеллектуалдық ұлт жасаймыз деген болатын. Осы Жол­даудан мен сол мақсат баспал­да­ғының құрылып отырғанын байқап отырмын. Жеделдетілген индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 162 жоба (бөлінген қаржы 6,5 трлн. теңге) таяу арада жүзеге асырылмақшы. Сол ашылатын өндіріс орында­рында қазақтың жастары еңбек етеді. Өндірісте жұмыс жасаған азаматтардың әрқайсысы өз ор­нын­да инновациялық технология­лармен жұмыс істейді. Ол дегеніңіз – адамдардың интеллектуалдық өсуіне, үнемі білімін жетілдіріп отыруына жол ашады. Президен­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың назарынан адам капиталы ешқашан сырт қалған емес. Бұл жолғы Жолдауында Елбасы балабақшадан басталатын “Балапан” бағдарлама­сы жас өскіннің бала кезден тәлімді тәрбие алып, университетке пат­риоттық сезімі басым, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне алатын толыққанды азамат болып келетін ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосады деп ойлаймыз. “Ел болғың келсе, бесігіңді түзе” деген бар, сол­қыл­даған жас мемлекетіміздің іргесі мықты болуы үшін жас буын тәр­биесін қолдан шығарып алмауымыз керек. Бағдарлама тәрбиешілер мен ұстаздарға үлкен жауапкершілік артатыны белгілі. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта тер төгеді деп есептеймін. Біздің түсінгеніміз – әркім өз орнында, атқарып отырған қызметі барысында өз ісіне деген жауапкершілік жүгін адал алып жүретін болса, ештеңе де бүлінбейді. Мәселе, сол жүкті әркім­нің әртүрлі атқаруында болып тұр ғой. Сондықтан да өсер ұр­пақты жастайынан мемлекетшіл­дікке, пат­риоттыққа тәрбиелеу күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қазақстандағы әрбір қазақ­стан­дық өзінің Отаны – тәуелсіз Қа­зақ­стан екенін түйсінуі тиіс екен­дігін айта отырып, Елбасы пат­риотизм мәселесіне баса тоқталды. Жоғары оқу орындары алдындағы жауапты міндеттердің бірі осы патриотизм болуы тиіс деп ойлай­мын. Жастардың бойына осынау ізгі қасиетті егу үшін тек науқан­шыл ұрандар немесе жалпылама жарнамалар мен бір күндік мәдени шараларды қуып кетушіліктің қажеті шамалы. Сабақ барысында берілетін тақырыптардың маз­мұнын кеңейтіп, тәрбиелік мәнін, ондағы ұлттық қасиеттерді кеңінен ашып, ұлттық мазмұнды кеңінен қолданысқа ендіру керек. Мына өмірде бір ұққаным – адам баласының ниеті түзу болуы тиіс. Қазақ халқының ниетіне әлем мойындайтын басшы беріліпті. Жаhандық дағдарыс әлемнің қос өкпесін қысып, тынысын тарылтып тұрғанда біздің елде халықтың еңбекақы, зейнетақысы, жастардың шәкіртақысы, жәрдемақылар көлемі белгіленген мерзімінен бұрын-ақ өсірілгелі отыр. Дамыған деген ба­тыс елдері жұмыссыздық қыспа­ғынан тұншығып жатқанда, бізде жұмыс орындары ашылып жатыр. Ғалым, ұстаз ретінде мен Елбасы­мыздың биылғы Жолдауындағы алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыра отырып, тағы бір онжыл­дықты табыстармен еңсереміз дегенді толық сеніммен айта алмын. Өйткені оған негіз бар. Рахымжан ЕЛЕШЕВ, академик, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Агроинновация және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры. БІЛЕККЕ – БІЛЕК, ТІЛЕККЕ – ТІЛЕК ҚОСҚАН ЖЕТІСУЛЫҚТАР ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАУДЫ ЖАЛҒАСТЫРУДА Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын талқылауға партия филиалдары төрағаларының орынбасарлары, партия белсенділері, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілдері қатысты. Облыстық партия активінің жиынын облыс әкімі Серік Үмбетов жүргізіп, оның маңыздылығына ерекше тоқталды. Жиында Жолдаудан туындай­тын міндеттерді жүзеге асыру жай­л­ы партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айтбай Сейітов кеңінен әңгімеледі. Жаңа Жолдауда 2020 страте­гия­лық жоспары айқындалған. Онда экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел ин­дустрияландыру және инфрақұры­лым­ды дамыту есебінен эконо­ми­каның тұрақты өсуіне қол жеткізу, адам капиталының бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін бел­сен­ді инвестициялау, қазақстандық­тар­ды сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, ұлтаралық келі­сім­ді нығайту, ұлттық қауіпсіздікті арттыру, халықаралық қарым-қа­тынасты одан әрі дамыту мәселе­лері қамтылғандығы жан-жақты айтылды. Алдағы он жылда қалалық, ауыл­д­ық жерлердегі бүлдіршін­дер­ге мектеп жасына дейінгі тәрбие беру, оқумен қамту мәселесі оң шешімін табатыны айтылды. Осы мақсатта “Балапан” арнайы бағ­дар­ламасы әзірленіп, іске асыру жос­парланған. Интеллектуалдық мектеп бағдарламасы ерекше ба­сым­дыққа ие. Халықтың денсау­лы­ғы Қазақстанның барлық аза­мат­тарының өмір сапасы мен дең­гейін жақсарту, халықтың жұмыс­пен қамтылуына қол жеткізу алда­ғы аса маңызды міндет екені даусыз. Болашаққа белгіленген орасан зор міндеттерді орындау үшін ұлт­тық стратегия қажет болса, Прези­дент ұсынған төрт қағидатты бас­шылыққа алуға міндеттіміз, деді сөз сөйлеуші. Басты құндылы­ғы­мыз – тәуелсіз Қазақстан, екін­шіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұ­рақтылығы мен елдің әл-ауқа­ты­на кері әсер етуге ықтимал кез кел­ген қадамның алдын алу қажет. Сондай-ақ, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкіл­ха­лық­тық іс және қоғамның әлеу­мет­тік мәселелерін шешудің кілті, өңір­лік және әлемдік деңгейде ин­теграцияланудың – маңызды шарты. “Нұр Отан” партиясының ха­лық­тық тұғырнамасы мен Жол­дау­ды жүзеге асыруда өңірлік бағдар­ла­ма жасалса, ол облыстың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуының айнасы деуге болады. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында өнім өн­діру көлемінің өсуі байқалады. Шағын және орта бизнес сала­сында өндірілген өнім мен қызмет көрсету түрлері артып отыр. Өткен жылы тұрғын үй бағдарламасы то­лы­ғымен орындалса, “Жол кар­тасы” бойынша 12,7 млрд. теңге игеріліп, 303 жоба іске асырылған, өңірдегі 20 мыңға жуық жұмыс орындарында жұртшылық белсен­ді еңбек етуде. Облыс әкімінің гранты бой­ынша жетім және әлеуметтік жа­ғы­нан жеткіліксіз қамтылған 273 студент білім алуда. Білім беру са­ласы бойынша 2010 жылы 80 ба­ла­бақша мен 286 шағын орталық­тарда мектепалды тәрбиелеу жұмыстары жалғасын тапқан. Халық қалаулысы атану оңай шаруа емес, деді баяндамашы одан әрі. Сайлаушылардың аманатына ие болған депутаттар оны бел­сенді, әрі орындауда адамгершілік тұрғыдан қызмет жасауы керек. “Нұр Отан” білекке – білек, ті­лекке – тілек қоса білген, желісі ширай түскен, сыр-сипат пен іс-әрекеттің күшін таныта білетін, ел тілегін арқалаған партия екенін дәлелдеп келеді және осы бағытын алда да жалғастыратын болады. Жарыссөзге Алакөл ауданы­ның әкімі, партия филиалының төр­ағасы Бағдат Қарасаев, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар­тиясы Талдықорған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсия Ахметова, облыстық мәслихаттың депутаты Амантай Зияданов, Ілияс Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемле­кет­тік университетінің студенті, “Жас Отан” жастар қанатының мүшесі Самат Сүлейменов, Пан­филов аудандық мәслихатының хатшысы Тілуберген Оспанов шығып, биылғы Жолдаудың та­рихи маңызы зор құжат екеніне тоқ­талды, оны жүзеге асыруға бай­ланысты ой-пікірлерін ортаға салды. Актив жиынында облыс әкімі Серік Үмбетов сөйлеп, қаралған мәселеге байланысты түсініктеме берді және ағымдағы жылы өңірде атқарылатын ауқымды шаралар жобасымен таныстырып, Жолдау­ды ел арасында насихаттаудың жаңа жолдары мен әдістері жайлы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне сергек қарау, зерттеу қажеттігі туралы ойымен бөлісті. Жиын қорытындысында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының облыс тұрғындарына арналған ұсынысы қабылданды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ЭКОНОМИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА Н.Погодин атындағы орыс драма театрында облыс активінің жиы­ны өтті. Оған аудан, қала әкімдері, мәслихат хатшылары, саяси, қо­ғам­дық, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, жастар, атқарушы орган­дар мен ірі кәсіпорын басшылары, БАҚ өкілдері шақырылды. Жинал­ғандар алдында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов баян­дама жасап, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың “Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты кезекті Жолдауынан туындайтын басты міндеттерді атап көрсетті. Елбасы өз Жолдауында еліміз­дің таяу онжылдықтағы даму жо­лын, оның ішінде бірінші кезекте жүзеге асырылатын стратегиялық басымдықтарды айқындап берді. Олар – экономиканы әртараптан­ды­ру, жедел индустрияландыру, инфрақұрылымды дамыту есебінен экономиканың тұрақты өсіміне қол жеткізу, адам капиталының бәсекеге қабілетін арттыру секілді іргелі міндеттер. Алдағы жоспар барлық саланы қамтиды. Елбасы­ның талаптарын орындауға сол­түс­тікқазақстандықтар тас-түйін дайын. Осылай дей келіп, Серік Сұлтанғазыұлы облыстың ішкі әлеуетіне тоқталды. АӨК-ті дамы­ту экономиканың тұрақты дамуы­ның негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл орайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорт мәселелері айрықша на­зар­да тұр. Былтыр ауыл шаруа­шы­лы­ғы өндірісін көтеру үшін рес­публикалық бюджеттен 54 мил­лиард, жергілікті қазынадан 66,2 миллион теңге жұмсалды. Ендігі мақсат – индустриялық дамудың тың резервтерін пайдалану. Бұл орайда, еңбек өнімділігінің кешенді артуына қол жеткізудің барлық жолдарын қарастыруды С.Біләлов орынбасарлары мен тиісті ведомство басшыларына жүк­теді. Ауыл шаруашылығы ши­кі­затын қайта өңдеу, озық техно­ло­гияларды енгізу, жаңа құрал-жабдықтар сатып алу бағытында жаңашыл бастамалармен еңбек етіп жатқан шаруашылықтар үлгі етілді. Мәселен, Қазақстанның Еңбек Ері Г.Зенченко ішкі резерв есебінен үшінші сүт фермасын іске қосты. Қазір мұнда әр сауын сиырдан 6-7,5 мың литр сүт сауылады. Еңбек өнімділігі үш есе артты. “Тайынша-Астық” ЖШС-інде сүт кешенінің құрылысы аяқталып, Канададан 1000 бас сиыр әкелінді. Петропавл бройлер фабрикасының өнімдері еліміздің көптеген өңірлеріне жөнелтіледі. Міне, осындай қанатқақты жоба­лар сапалы, бәсекеге қабілетті өнім­дер шығаруға деген сенімі­мізді нығайтты. Серік Сұлтанғазыұлы экспорт­тық әлеуетті іске асыруда қыруар шаруалар тұрғанын атап көрсетті. Үш ел арасында Кедендік одақтың құрылуы тығыз экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі же­тілдіре түсетін болады. Өткен жылы облыс пен көрші елдің сауда айналымы 548 миллион АҚШ долларын құраған. Алайда, импорттың үлес салмағы әлі ба­сым. Алыс-жақын шетелдерге ас­тық, ұн шығарылады. Бұл жеткі­лік­сіз. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі сауатты сауда саяса­ты­нан да айқын аңғарылады. Сон­дықтан интеграциялық үдерістерге кәсіпкерлеріміз де қызу атсалы­сып, біртұтас экономикалық ке­ңіс­тікте өз орындарын анықтауы тиіс. Ал мемлекеттің қолдауынсыз кәсіпкерлікті жандандыру қиын. Былтыр шағын және орта бизнес субъектілері 124 миллиард теңге­нің өнімдерін шығарды. Оларға қаржылық демеу көрсету мақса­ты­мен 11 миллиард теңге несие бе­рілді. Елбасы кәсіпкерлерді эко­номиканы жаңғыртудың қозғаушы күші ретінде атап, “Бизнестің жол картасы – 2020” бірыңғай бюд­жет­тік бағдарламасын енгізуді ұсын­ды. Бұл бағыттар бойынша облыста ауқымды шаралар жүзеге асырылып, қаржыландыру сала­сын­да бизнес өкілдеріне жаңа мүмкіндіктер беріледі. Баяндамашы 2020 Стратегия­лық жоспарының аса маңызды буыны саналатын жаңа өңірлік саясат жайын да сөз етті. Облыс жұртшылығы “Жол картасының” 2020 жылға дейін жалғасатынын естіп, Президентке деген зор ри­за­шылық сезімдерін білдіріп жа­тыр. Өйткені, бұл бағдарламаның өміршеңдігін ауылдықтарға дейін айқын сезініп отыр. Былтыр 4,5 миллиард теңге қарастырылып, ауқымды істер атқарылды. 6700 жаңа жұмыс орындары пайда болды. Биыл бұл мақсат үшін 5,3 миллиард теңге бөлінді, деді Серік Сұлтанғазыұлы. Сөзінің соңында ол үгіт-насихат топтарының Жол­даудың мән-маңызын түсіндіруге кірісіп кеткендерін жеткізді. Жолдауды талқылауға арналған жиында сөйлеушілер өз әсерлері мен түйген ойларын бөлісті. Олардың арасында Қызылжар ауданының әкімі Қайрат Пішен­баев, “ЗИКСТО” АҚ бас дирек­торы Иван Коровин, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық бөлімшесінің директоры Балахмет Молдинов, т.б. болды. Олар Жолдаудың зор міндеттер жүктейтінін, ендігі мақсат жергі­лік­ті жерлерде оның мән-маңы­зын, стратегиялық басымдық­та­рын жете ұғындыруда жатқанын жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ҰТЫМДЫ ОЙЛАР – ОРТАҚ ТАБЫСЫМЫЗ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы  еліміз дамуының бағыт-бағдарын айқындап береді. Жолдау еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуының қадау-қадау мәселелерін талдап, алдағы міндеттерді саралаумен қатар, ең бастысы, халқымыздың рухын көтереді. Президент биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асыр­ғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды”, деп атап көрсетті. Жер-жаһанды ұйытқытып отыр­ған қаржылық дағдарыстан да аман өтіп келеміз, енді алдағы міндет, Елбасының өзі айтқандай, “еліміздің алдағы он жылдағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз ету, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу”. Жолдауда айтыл­ған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы ұйытқы, үлкен күш “Нұр Отан” ХДП болып отыр. Жолдаудан кейін жергілік­ті жерлерде партия жұмысты бастап кетті. Қос­танайда өткен барлық деңгейдегі мәсли­хат­тар депутаттарының–“Нұр Отан” пар­тиясы фракциясы мүшелерінің форумы осының айғағы. Форумда баяндама жасаған облыстық мәслихаттың хатшысы, “Нұр Отан” ХДП об­лыс­тық филиалының төрағасы Ғани Сағиев партияның жергілікті жердегі беделін тілге тиек етті. Бүгінде облыста нұротандық­тар­дың қатары 59 300 адамға жетті. Әрине, оның қатарына кіргендер қарасының көптігі партия беделінің көрінісі екені рас. Деген­мен, нағыз бедел іспен келді. Мұны облыс­тық мәслихаттағы “Нұр Отан” ХДП фрак­циясының жетекшісі Римма Бектұрғанова нақты дәлелдермен жеткізді. Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев алға қойып отырған мақсаттар мен міндеттер үдесінен шығу үшін депутаттық фракция мүшелері қалай жұмыс істеу керек? Ең алдымен пар­тия жұмысы шынайы, нақты болу үшін нұр­отан­дық депутаттар қарапайым адамдардың, сайлаушылардың тірегі болуы тиіс. Облыс тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істеуі шарт. Әр кездесуде партия  тұғырнамасы  мен Елбасы Жолдауындағы айтылған мақ­саттар мен міндеттер егжей-тегжейлі түсін­дірілуі қажет. Римма Шыңғысқызы бұл орай­да облыс әкімі Сергей Кулагинді депу­тат­тарға үлгі етіп ұсынды. Өткен жылы об­лыс әкімі бармаған ауыл мен аудан кем шы­ғар. Ол жыл бойы тұрғындармен 707 рет кез­десу өткізіп, оған 40 мыңнан аса адам қатысыпты. Облыстағы барлық деңгейдегі мәслихат­тарда нұротандық депутаттар фракциясы бар. Олар тұрғындар мен билік арасындағы көпір міндетін атқарып отыр. Бұл үшін депутаттар ұйымдастырған үнқатысу алаңдары, сайлау­шы­лармен кездесулердің басқа түрлері қоғам мен билік арасын жақындатып, проблема­лар­дың шешімін табуын тездете түседі. Облыстағы бірқатар сайлау округтерінде нұротандық депутаттардың қоғамдық қа­был­дауы ұйымдастырылған. Мысалы, облыстық мәслихат депутаттары Р.Бектұрғанова, И.Аронова, Б.Ертаева, Т.Шерстобитова­лар­дың қоғамдық қабылдауы сайлаушылар арасында кеңінен танымал. Оларда көтерілген мәселелердің үлкен-кішісі жоқ. Аталған форумда партияның бастауыш ұйымдары жұмысының тиімділігі туралы да әңгіме өрбіді. Бастауыш ұйым жергілікті жердегі экономикалық және әлеуметтік өмірдің тыныс-тіршілігінің таразысы іспетті. Өйткені, жергілікті жердегі жетістіктер де, қандай да бір проблемалар да алдымен пар­тияның бастауыш ұйымында әңгіме болады. Форумда облыстық жастар мәслихаты­ның төрағасы Артем Давыдовтың сөзі ерек­ше назар аударды. Ол балалар мен жасөспі­рім­­дер қозғалысы көшбасшылары бас қоса­тын жазғы “Құрдастар” лагерінің базасын анықтап беруге депутаттардың көмек беруін өтінді. Өйткені, партияның жас белсенді­ле­рін, көшбасшыларды оқытуда, тәрбиелеуде мұндай лагерьлердің пайдасы ұшан-теңіз. Ал Артемнің айтуынша, мұндай лагерь рес­пуб­лика аймақтарында әзірге біреу ғана. Депутаттар форумында сондай-ақ жергі­лік­ті жерлердегі жүзеге асып отырған істер тек тізбеленбей, көптеген ұтымды ойлар да ортаға салынды. Форум жұмысына Пар­ла­мент депутаттары Х.Валиев, Б.Баймағам­бетова, О.Киколенко, Т.Қадамбаев, А.Тұрсынов және А.Жазин қатысты. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай. ЖАСТАР — БІЗДІҢ БОЛАШАҒЫМЫЗ Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміз жастарының біліктілігі мен білімділігіне ерекше ден қойып келеді. Осыны қаперде ұстаған жас қауым өкілдері кеше “Дәулет” ұлттық теннис орталығы спорт комбина­тының ғимаратына жиналып, форум өткізді. Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа эко­но­ми­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” атты халыққа Жолдауын қолдауға арналған форумға “Нұр Отан” ХДП хатшысы Е.Т.Қарин, “Нұр Отан” ХДП Астана қалалық филиалы бас­шы­сының бірінші орынбасары Ә.М.Рақымжанов, “Жас Отан” ЖҚ басшылығы мен активі, жоғары оқу орын­дары мен бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері және студент жастар қатысты. Жастар – біздің болашағымыздың негізі.  Өзінің халыққа Жолдауында Мемлекет бас­шы­сы елдің өркендеуі мен дамуының маңызды ба­сымдықтарының бірі ретінде оның болаша­ғын қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктерді ерекше атап көрсеткен болатын. Елбасының сая­сатын жүзеге асыруда “Нұр Отан” халық­тық-демократиялық партиясы мемлекет тара­пы­нан өскелең ұрпаққа, оның ішінде олардың бастамаларына  қолдау білдіру қажеттігін, өз жұмысындағы басты бағыттарының бірі жастар саясаты екендігін айқындап алған. Ал, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асы­руда “Жас Отан” жастар қанатының алар орны ерекше. Жастар форумы негізінен Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауын түсіндіруге бағытталды. Онда жастардың еліміз қоғамдық өмірінің барлық саласында белсенділік танытуы, 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы айқындап берген стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде Мемлекет басшысының айналасына шоғырлану қажеттігі кеңінен айтылды. Осылайша жастар форумын өткізу Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауындағы қазіргі заманғы құндылықтарды және өскелең ұрпақтың қалыптасуындағы прогресшіл ойларды қала жастарының бойына сіңірудің ең басты тетіктерінің бірі болмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, Астана.