Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Уфада қазақ зиялыларына ескерткіш тақта орнатылады

573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында білім алып жатқан бір топ қазақ жастары ХХ ғасырдың басында тарихи шаһарда оқыған, еңбек еткен қазақ зиялыларына ескерткіш белгі орнатуды ниет етіп отыр.  

Уфада қазақ зиялыларына ескерткіш тақта орнатылады

Уфа дегенде тіліміздің ұшына ең алдымен «Ғалия» медресесі келері анық. Зерттеушілердің дерегіне қара­ғанда, 1906-1919 жылдары Уфа­дағы «Ғалия» медресесінде жалпы саны 154 қазақ ұланы білім алған екен. Олардың ішінде елге танымал Мағ­жан Жұмабаев, Бейімбет Май­лин, Нұғ­ман Манаев, Жиенғали Тілеп­бер­генов, Ахмет Мәметов, Бекмұ­хамед Серкебаев бар.

«Ғалия» шәкірттері өз заманының озық ойлы жастары болған. Олар 1913-1918 жылдар аралығында қол­жазба «Садақ» журналының 40 шақ­ты санын шығарған. Медресе шәкірт­тері сол кездері қазақ тілінде жарық көрген басылымдардың бә­ріне хабар-ошар, мақала жазып, қазақ балаларының сауат ашуы үшін әліп­пе кітабын шығарды. Төңкерістен кейін оқу жүйесі қожырай бастаған тұста ел ішінде мұғалімдік курстар ұйымдастырып, Қазақ елін ағартуға белсене араласты. 

Әйгілі Мұхтар Әуезов «Ғалия» медресесінде оқыған жастарды – «қазақтың ерте оянған тобы» деп бағалаған еді.

– Қазақтың көрнекті ақыны Мағ­жан Жұмабаев пен қазақ проза­сының майталманы Бейімбет Майлиннің Уфадағы «Ғалия» медресесін бітір­геніне 100 жылдан астам уақыт өтті. Олардан кейін де қаншама қазақ студенті Уфа қаласында білім алды. Солардың бірі – біз. Тарихы терең қалада оқып жүріп, бір ғасыр бұрын мұнда оқыған аталарымызға ескерткіш тақта орнатуды өзімізге мін­дет һәм парыз деп санадық!– дейді бүгінде М.Ақмолла атындағы Баш­құрт мемлекеттік педагогикалық универ­ситетінің магистратурасында оқып жүрген оралдық Әли Нәби мен Айболат Серікжанов. 

Қазақ зиялылары түлеп ұшқан «Ғалия» медресесі бүгінде – Ресей Ислам университеті. Ғимарат тарихи ескерткіш ретінде үкімет қорғауына алынған екен. Осы оқу орнының қабырғасында Шахизада Бабич, Ғалымжан Ибрагимов сынды татар, башқұрт зиялыларына арналған тақтайшаларды көріп, «біздің қазақ зиялыларына осындай тақтаны неге орнатпасқа?!» деген ой әуелі оралдық Жандос Хамзаға келіпті. Сөйтіп бүкіл қазаққа танымал Мағжан мен Бейімбеттің аты-жөні жазылған мәр­мәр тақтаны Орал қаласында өз қаржысына жасатып, Уфаға алып барғанда, күтпеген қиындыққа кездескен. Яғни, мұндай тақтаны мемлекет қорғауындағы ғимарат қабырғасына орнату үшін муниципалдық биліктің арнайы шешімі қажет болатынын біздің жастар ескермей қалыпты.

– Міне, жылға таяп қалды, біз қала басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өз жолымызды жөн­деп, Орал қаласындағы Батыс Қазақ­стан облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы атынан өтініш хат әкелдік. Ол хат қазір Уфа қаласы әкімді­гінде қаралуда. Бұл іске тарихи ғима­рат­тың қазіргі иесі – Ресей Ислам универ­ситетінің проректоры Мурсаль Аль­бертұлы барынша қолдау білдіріп отыр. Жалпы, башқұрт ағайындардың қа­зақ­қа ықылас-пейілі дұрыс, – дейді Әли Нәби.

Уфада оқып жатқан бүгінгі қазақ жастарының да ізденімпаздығына, ұлтжандылығына риза болмасқа болмайды. Студент болса да Уфа­дағы мәдени-ғылыми ортадағы іс-шараларға да белсене атсалысып жүреді. Олар бос уақытында Башқұрт­стан мемлекеттік архивінде сақталған қазақ тарихына қатысты құжаттарды зерттеп, Уфадағы көне мұсылмандар қорымынан Кіші жүздің ханы Нұралы Әбілқайырұлының зиратын іздестіріп жатыр. «Әр қазақ жоқтаушысыз қалмасын!» дейді олар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»