Жол жиегінде көлік тоқтатпақ болып тұрған келіншекті көріп, аяп кеттім. Үсті-басы малмандай су болыпты. Өзі сірә, қолшатыр алуды ұмытқан, иә болмаса, Алматының ауа райынан мүлде бейхабар жан секілді.
«Мынадай күйімен қалай тоқтатпақ?» деген ойдың санамда жылт ете алуы мұң екен, «Соны өзім де түсініп тұрмын ғой» дегендей ол қолын түсіріп, жеңін сілкіп, сонсоң амалсыздан қайта көтерді.
Осы сәтте оң аяғымның ұшы тежегішті қалай басқанын өзім де аңдамай қалдым. Сөйтіп ол есікті ашқан сәтте, неге екені «Тезірек отырыңыз», деп асықтырдым (әлденеден, бәлкім, әлдекімнен ақталғандай болып).
Келіншек салонның артқы жағынан көп орын алмауға тырысып, есікке тым-тым тақалып, тіпті жабысып отырды.
– Қысылмай-ақ қойыңыз, – дедім, – күн ашылған соң бәрі кеуіп кетеді.
– Иә, – деді ол ақырын ғана үн қатып. – Сізге көп рахмет.
– Оқасы жоқ. Қолшатыр ала шығуды ұмытқансыз-ау, сірә.
– Ім-м... мұндай боларын кім білген! Таңертең күн ашық, жып-жылы еді...
Содан соң ол басындағы жеңіл сулығын шешіп, шашын бір-екі рет сілкіп алды да:
– Ағай, сіз қазақша таза сөйлейді екенсіз, – деді біртүрлі таңырқап.
Мен мырс ете қалдым.
– Үйбай-ау, енді... өзіміз қазақ болсақ, қазақша сөйлемегенде...
Кенет алдымдағы айнаға қарап, оның сарғыш шашты, ат жақты, ақ құба, көк көз – тап-таза еуропалық келіншек екенін аңдап қалып, еріксіз қасымды кердім.
– Қайдам, – деп ол менің сөзіме күмәнданғандай кейіп танытты. – Бұл қалада өз тілінде сөйлейтін азаматтар аз сияқты.
Мен енді одан сайын таңырқап, иығымды қушиттым: «Түріне қарасаң, еуропалық, ал тіліне құлақ салсаң, нағыз қазақ...».
– Ал өзіңіз, – дедім аздан соң есімді жиып, әзілдеп, – қай ауылдан боласыз?
– Америкадан келдім.
– Қойыңызшы!..
– Рас айтам!
– Мәссаған! Сонда қалай?! Америкалықтардың бәрі сіз сияқты қазақша сөйлей ме?!
Таңданғаннан менің даусым қаттырақ шығып кетті-ау деймін, ол сықылықтап күліп жіберді.
Сөйтті де:
– Мәселенің өзі де осында болып тұр ғой, – деді барынша салмақты болуға тырысып. – Мен мұнда келмес бұрын бақандай екі жылымды сарп етіп, қазақ тілін үйрендім. Осы ұлттың тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын білгім келді. Сіздер өмір сүріп жатқан кең даланың табиғатын әр түрлі альбомдардан көріп, таңғалдым. Ұлы дала керемет қой, шіркін! Бүгінгі мынау нөсерді қараңызшы!..
Менің көңілімде бір күдік ояна бастады. Себебі біздің дархан даламызға қызығушылар көп қой қазір.
– Сонда деймін-ау, соншама уақытыңызды сарп етіп, қазақ тілін үйреніп, Қазақстанға келгендегі мақсатыңыз не?
Ол мұндай төте сұрақты күтпеген болса керек, бір сәт қабағын жиырып, ернін жымқырып, үнсіз қалды да:
– Жаңа айттым ғой, – деді ақырын үн қатып. Даусына сүмбідей ғана реніш араласқанын сездім. – Мына дүниедегі қазақ деген елді көру үшін, білу үшін келдім. Шынымды айтсам, неге сонша қызыққанымды өзім де білмеймін...
Тап осы сәтте манадан бері сатырлап құйып тұрған жаңбыр кілт тоқтай қалды. Бұл әрине, Алатаудың бөктерінде жиі қайталанатын құбылыс. Әйткенмен, оның тап қазір тоқтай қалғаны маған өзгеше әсер етті. Себебі артқы жақта отырған келіншектің үні енді құлағыма ап-анық естіле бастады.
– Білем, сіздерде бір сенімсіздік бар, – деді ол жеңіл күрсініп. – Біртүрлі... өздеріңізге өздеріңіз сенбейсіздер. Келешекке күмәнмен қарайсыздар. Мысалы, тіл дегеніңіз, күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, тұтастай бір ұлттың мәңгілікке деген сенімі ғой.
Тү-уһ, мына жаңбырдың бұдан да құя түскені, бұрынғыдан да үдей түскені жөн болар еді-ау...
– Кім қай тілде сөйлесе, сол елге іштей тәуелді. Артық айтсам, кешіріңіз, осыдан екі апта бұрын әуежайға түскен бойда: «Девушка, такси, такси! Куда едем?» деп тұрған қараторы қазақ азаматтарын көрдім. Алғашқыда олар мені орыс екен деп ойлағандықтан солай сөйлеген болар дегем... Сөйтсем, қанша қазақша сөйлесең де орысша жауап беруге тырысады екен!..Япыр-ай, намыс деген найзағай өз көңіліңде ойнаса бір сәрі, өзгенің көңілінде шатырлап, отын саған түсірсе тіпті қиын екен... Қара жерге кірерге тесік таппай, қап-қара боп түтігіп кеттім білем.
Кенет:
– Ой, – деді ол бөтен ел, бөгде кісінің көлігінде келе жатқаны енді ғана есіне түскендей шошып кетіп, – «Қазақстан» қонақүйінің жанынан өтіп кете жаздаппыз ғой! Мені осы жерден қалдырыңыз...
Жылдамдықты тежеп, қонақ үйге қарай бұрылған кезде тіпті көңілімнің қатты толқып, тұла бойымның дірілдеп кеткенін сездім. Машина тоқтағанда ол маған рахметін айтып, қолыма мың теңгелік сары қағазды ұстата берді.
«Жо-жоқ, керек емес. Сіз қонақсыз ғой», деген сөз тілімнің ұшында тұрса да, айта алмадым. Себебі ол: «Сіздер қызықсыздар осы, өз еңбектеріңізді өздеріңіз бағаламайсыздар», деп кінәлайтындай болып көрінді.
Сонсоң:
– Сіз Алматыда әлі қанша күн боласыз? – деп сұрадым.
Ол жымиып, басын ақырын ғана шайқады да:
– Жоқ, бүгін соңғы күнім еді. Таңғы сағат бесте ұшамын, – деді.
– Өкінішті-ақ.
– Неге?
– Мен сізді өз ұлтымыздың тарихы мен мәдениетін жақсы білетін, өз тілімізде таза сөйлейтін біраз кісілермен таныстырайын деп ем.
– А-а, ол кісілерді білем. Ғалымдар үйінде танысқам.
– Жо-жоқ, менің айтып отырғаным ауылдан келген қарапайым кісілер.
– А-а, солай ма еді?! Қап... Сізбен ертерек таныспағанымды қараңызшы. Келесі жылы... Жо-жоқ, өтірік айтам, келесі жылы Қазақстанға келем бе, жоқ па, білмеймін. Қош болыңыз!
– Қош...
Қонақүйден ұзай бере машинаны жол жиегіне тоқтаттым да өзім сыртқа шықтым. Кеудемді бір шоқ күйдіріп бара жатқан секілді. «Расында да, біз осы қандай ұлтпыз? Неге өз тілі мізде үн қатпаймыз? Неге өзімізді өзіміз төмендетіп, жалтақтай береміз?.. Неге сенбейміз?...»
Жылап-жылап өксігін жаңа ғана басқан жас баладай томсырайған аспанға қарап, іштегі шерді шығарғым келгендей үһ деп терең күрсіндім. Бетіме ып-ыстық тамшы тамғандай болды. Апыр-ай, мұнысы несі? А-а... Көзімнен шыққан жас екен ғой.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»