Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртістері мен халықаралық би байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүрген «Қазына» би ансамблі және түркістандық «Семсер» тобы Еуропа мен Азияның 9 мемлекетінде 22 концерт қойды. Ал облыстық опера және балет театрының солистері мен мәдениет және халық шығармашылығының әртістері Финляндия, Швеция, Эстония елдерінде өнер көрсетті. Сонымен қатар өнерпаздар Түркия елінде наурыз айында өткен «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына облыс әкімінің қолдауымен барып қайтқан. Оңтүстік өнерпаздары «Сарыарқа» әнімен Кастамону көгін тербетсе, «Бабалар рухы» әнімен ел намысын ту ете асқақтатқан «Семсер» тобының жігіттері көрермен ықыласына бөленді. Халықаралық жүлделерді иеленіп жүрген «Қазына» би ансамблі татулық пен береке-бірлікті паш етті. Бұдан бөлек, аталған өнер майталмандары Түркияның Кастамону, Анкара, Ыстанбұл қалаларының тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»