Жуырда ғана «Әулиеата» халықаралық әуежайында «Мәскеу – Тараз – Мәскеу» бағытындағы халықаралық рейс қайтадан іске қосылды. Енді бұдан былай жолаушылар Тараз қаласынан Мәскеу қаласына дүйсенбі сайын жүйелі түрде ұша алатын болады. Халықаралық рейсті қайтадан S7 Airlines әуекомпаниясы іске қосып отыр. Ал «Әулиеата» халықаралық әуежайының пиар-менеджері Юлия Егорованың айтуынша, болашақта Тараз бен Мәскеу арасындағы апталық рейс саны жиілеуі де мүмкін. Дегенмен, бұл ұсыныс әлі де талқылану үстінде екен. Сонымен қатар, маусым бойынша жұмыс істейтін Тараз бен Мәскеу бағытындағы әуе билеттерінің бағасы 40 мың теңгеден басталады.
«Мәскеу – Тараз – Мәскеу» бағытындағы халықаралық рейстің іске қосылу салтанатына орай, тараздықтар «Әулиеата» әуежайынан Мәскеуден келген 160 жолаушыны қарсы алды. Енді келешекте Тараз қаласынан Ресейдің Санкт-Петербург, сондай-ақ еліміздің Ақтау және Атырау қалаларына тікелей ұшу бағыттарының мүмкіндіктері қарастырылуда.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы