Шындығында олардың көбін әнші деудің өзі қиын. Рас, белгілі бір дәрежеде ән айта алады. Термин тілімен сөйлесек, музыкалық «слухы» бар. Бар «кереметі» осы ғана. Сөйте тұра, не құзырлы органдар тарапынан, не көрермендер тарапынан талап пен талғамның болмауы салдарынан туындаған мүмкіндікті өз мүдделеріне пайдалана білген көптеген пысықайлар «аңқау елге – арамза молданың» керін келтіріп-ақ жүр.
Жалпы, қазақ халқының табиғатынан әнге жақын екенін былайғы жұрт әлдеқашан мойындаған. Қаттырақ қолқаласаң әрбір екі қазақтың бірі «әу» деп бере алады. Бірақ оған қарап оларды әнші деп түсіну барып тұрған қателік болар еді. Ән айта білетін адам болады да, нағыз әнші болады. Бұл екеуінің арасы жер мен көктей. Халық көп жиналған жерде ән салушыларды әдетте «ауылдың алты ауызын айтушылар» деп атайды. Ондай «әншілердің» өздері де әдептен аттамауға тырысып, «аздап әу дейтініміз болған соң біздікі әншейін халықтың өтінішін жерге тастамайық деген ғой, әйтпесе әкетіп бара жатқан әншілігіміз жоқ» деп сыпайылық сақтайды. Бұл жайт ауылда туып, ауылда өскен кез келген қазаққа жақсы таныс. Бұрындары той-томалақтарға ешкім сырттан әнші, әртіс шақырып, босқа әуреленбейтін. Оның есесіне сол ауылдың өнерлі жастарының өздері-ақ тойыңның шырайын шығарып беретін.
Қызығы сол, бұрынғы кездерде тойларда ән айтатындар бүгінде аяқ астынан «жұлдызға» айналып, сахналардан, теледидар экрандарынан түспейтін болды. Мұның өзі «жұмысы жоқ, тамағы тоқ» ағайындарымыз үшін уақыт өткізудің таптырмас амалына айналса, әртістердің өздері кәсіптерін «той-бизнес» деп атайтын болыпты. Ал телеарналарға келсек, жоғарыда айтылғандай, «ию-қию» ансамбльдер мен «әу» деуден әрі аса алмайтын әншісымақтардың концерттері эфир уақытын толтыру үшін нағыз іздегенге сұраған болып отыр. Осындай сапасыз дүниелердің көбейіп кетуінің кесірінен қазақстандық телеарналарды қараудан қалдық дейді үлкендер жағы. Өйткені қай телеарнаны қосып қалсаң да көретінің сол баяғы жүздері таныс «жұлдыздар». Бәлкім бір жібі түзу ән айтып қалар деп тыңдай қойсаң, кең тынысты, әуені делебеңді қоздыратын ән жоқ, сыңсыған жылауық бірдемелер. Ол аз десең, фонограмманың көмегімен айтқан әндерінің көбі бір бірінен аумайды, арасында қазақтың әуеніне мүлде ұқсамайтындары да жетіп-артылады. Сөйтсе бүгінде интернетіңнің өзі «жұлдыздар» үшін жолда жатқан батпан құйрықтан кем емес мүлік болып шыққанға ұқсайды. Ютубтағы өзбек, қырғыз ағайындардың әндерін алады да, мақамын сәл-пәл өзгертіп, дым сезбейтін көрерменге өзімнің әнім деп ұсына беретін көрінеді. Таңдауы таяз біздің туыстар не берсең де талғамай жұта салады.
Экраннан мезі қылғандарымен қоймай, әр адамның игі қуанышы болып табылатын тойларға барып тағы шаршататынын қайтерсің жаңағы «жұлдыздардың». Осындай шайтан-сабалақ дерлік көріністердің көбейіп кетуінен бе екен, бүгінде кейбір жұрт қазақтың тойы шаршатады дейтін болыпты. Осындай сөзді қалжыраған шал-кемпірдің емес, қырыққа жаңа ғана келген жігіттердің аузынан естігенде таңданбасқа лажың да қалмайды екен.
Біз өзіміз естіп-біліп жүрген «әртістерді» көп деп күйгелектеніп жүрсек, онымыз мәселенің бер жағы ғана болып шықты. Сөйтсек әр қалада бірнешеуден ашылған ән студиялары болашақ тойларда ән айтатын «жұлдыздардың» жаңа легін дайындап жатқан көрінеді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген тәмсілді жақсы меңгерген біраз ағайын, өскенде тойға барып ақша тапсын дейтін шығар, балалары мен немерелерін жетелеп жаңағы қаптаған студияларды жағалайтын болыпты. Обал-ай дейсің осындай «өнер ордаларына» барып жатқан жеткіншектердің келешегін ойлаған кезде.
«Жалған әдет, әрине жоғалмақшы, Жоғалмақшы замана оңалмақшы. Айналайын зиянсыз өтірік-ай, Сонда біздің күніміз не болмақшы?!» деп арқалы ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, жағалай шашылып той жасап, оған әлемтапырық әншісымақтарды шақырып, оларға доллармен гонорар төлейтін қазіргі дарақы заман да, ерте ме, кеш пе, келмеске кетуі тиіс. Сондай дұрыс уақыт келген шақта жеңіл-желпі білім беретін студияларды бітіргендердің жағдайлары не болмақшы? Егер олар шетінен тума таланттар болып, арасынан Ермек Серкебаевтар, Байғали Досымжановтар, Күләш Байсейітовалар, Роза Бағлановалар мен Бибігүл Төлегеновалар шығып жатса, құба-құп, олай болмай, бүгінгі «жұлдыздардан» әрі аса алмай қалатын болса, ондай жасанды әншілер, әсіре әртістер қайтіп күндерін көрмек? Сол кезде ата-аналары балаларымызды заман сұранысына сәйкес келетін кәсіпке неге баулымадық екен деп өкінбесе болғаны, әйтеуір.
Оның сыртында «Бәрің бірдей тойшы болсаң қу боларсың, бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың...» деген де аталы сөз бар. Бүгінде әлемде Жерді былай қойып, Марсты мекен етуге, демалыстарын ғарышта өткізуге ұмтылып жатқан ұлттар бар. Адамзат баласы өркендеу жолымен өрге басып жатқан ХХІ ғасырда біздің жиналып алып айтыс өткізіп, ертеден қара кешке дейін концерт қойып, ойсыз-санасыз ахахулап жүре беруіміздің жөні қалай болар екен деп те ойлайсың жоғарыда айтылғандай жайттарды көріп-білгенде...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»