1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының майдандарында біздің отандастарымыздың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі мемлекетіміздің дамуының, оның гүлденуі мен қауіпсіздігінің нық іргетасын қалыптастырды. Даңқты батырларымыз, оның ішінде біздің халқымыздың батыр қыздары Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың, Хиуаз Доспанованың есімдері қазақстандықтардың есінде және әлем тарихының беттерінде мәңгілік қалады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында әйелдер мемлекеттік биліктің жоғары органдарында жауапты орындарда, біздің тыныс-тіршілігіміздің әртүрлі салаларында табысты еңбек етуде, қазақстандық армияның қатарында да әскери қызмет атқаруда.
XXI ғасырда «әйел – жауынгер», «әйел – офицер» немесе «әйел – сарбаз» деген түсініктер ешкімді таңғалдырмайды, тек қана қызығушылық пен мақтаныш сезімдерін тудырады.
Болмысынан нәзік әйелдер қауымы бүгінде Қарулы Күштер қатарында көптеп саналады, алдарына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап жүр және әскери мамандықты меңгеру арқылы әскери мансапты табысты құру перспективасына ие болды.
Бүгін Отанымыздың қорғанысында сайыпқыран жігіттермен қатар барлаушы, десантшы, ұшқыш, парашютші, байланысшы қыздар тұр. Олардың көпшілігі үшін камуфляж, полигон және атыс – күнделікті сіңісті ұғым. Қазір 7900-ден астам әйел әскери қызметші әртүрлі әскери гарнизондарда қызмет өткеруде.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғашқы рет аға ұшқыш – авиациялық эскадрилья авиациялық буынының нұсқаушысы лауазымына лейтенант Ардана Ботай тағайындалды, ол жауынгерлік ұшақты кәсіби түрде басқаруда хас шебердің өзі.
Әскери-теңіз күштерінде жауынгерлік құрбылар – бас старшина Жанар Ыбыраева және аға матрос Дарья Кириченколар әскери қызметті ерлерден қалыспай атқарып, әскери корабль экипажының құрамында тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтындығымен ерекшеленеді.
Әйел әскери қызметшілердің әлемдік деңгейде Қазақстанның имиджі мен беделін нығайтуға қосқан үлестерін де атап өткен жөн. Жыл сайын біздің армиямыздың нәзік өкілдері ерлермен қатар әртүрлі халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға белсенді түрде қатысуда.
Осылайша 2017 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 66597 әскери бөлімінің ефрейторы Шамшырақ Сержанова «Достастық жауынгері» дәрежесіне ие болды және мемлекеттік награда – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Майор Ольга Рыпакова – Қарулы Күштеріміздің мақтанышы. Жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, үш орденнің иегері.
Сондай-ақ әскери әйелдер қазақстандық жастарды патриотизм және Отанға сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу ісіне баға жетпес үлес қосуда.
Орталық ансамбль бастығының орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бас балетмейстері Яна Чигарькованың кәсіби шеберлігі мен жанқиярлық еңбегі «Жас сарбаз» қозғалысына және орталық базасында «Ерке» балалар көркемөнер тобының жұмыс істеуіне бастама болды.
Әскери ұжымдарда әскери қызметшілердің мәселелерін шешуде, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу, моральдық-психологиялық ахуалды жақсартудағы негізгі міндеттер әскери бөлімдер командирлерінің әйелдері басқаратын әйелдер кеңестеріне тиесілі.
Әрбір әскери бөлімшеде жауынгерлік рухты қолдау, тұрақты моральдық-психологиялық ахуалды орнату және отбасы институтын нығайту – бұл мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әйелдер қауымы өкілдерінің қосқан зор үлесі.
Қазақстанның әйел әскери қызметшілері рухымен ғана мықты емес, олардың ықыластылық, қайырымдылық және кішіпейілділік сияқты әйел табиғатына тән қасиеттері әскери бөлімшелердің командирлеріне жеке құрамның арасында бірлік пен саламатты ахуалды сақтауда көмектесе отырып, кез келген жағдайда әрқашан жол табуға мүмкіндік береді.
Әскери қызмет өткеру жағдайлары қаншалықты қиын болса да, әйелдер кез келген жағдайда өзінің сүйкімділігі мен әсерлілігін сақтап қалады.
Бүгінде иығына погон таққан әйелдер әскери борышын ерлермен қатар орындайтын және ел іргесіне берік қорған бола алатын, сонымен қатар отбасы құндылықтарын ту ететін білікті әскери қызметкерлер санатында.
Талғат МҰХТАРОВ,
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант