Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

«Егемендік» ардагердің айтары көп

379 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан майдангер қарттарды қадірлеудің жөні бөлек. От пен оқтың ортасына түсіп Отан қорғаған бұл кісілердің ерен ерлігін қалай дәріптесек те, оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Алматылық Бисұлтан Аманғалиев ел басына екіталай күн туғанда қаламын қаруға айырбастаған жан. Ардагердің атаның ел газеті «Егеменде» елеулі еңбек еткенін мақтанышпен айтамыз.

«Егемендік»  ардагердің айтары көп

Жасы тоқсан төртке келген Би­сұлтан қарияның айтары көп. Майдан даласына небәрі 17 жасында – 1943  жылы аттанған ол, Сталинградты қорғаудан бастап, бірнеше отты майданның тажал шебінен аман өтті. Жеңіс туы желбіреген тарихи сәтті Берлинде тойлаған азғантай қа­зақтың бірі де осы кісі. Ұзақ жылдар бойы республикалық газеттің тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқар­ды. Кешегі кеңес дәуірінде Бүкіл­одақтық аса маңызды шаралар ке­зінде Мәскеуден, Съездер сарайынан газет редакциясына жолдаған жедел репортаждары мен есеп-аудармалары «Егеменнің» тарихи қоржынында қатталып тұр. Жасы ұлғайғаны болмаса көңіл көкжиегі кең қайсар жауынгер, көргені мен түйгенін шежіре қы­лып шертеді. Қапыда қан жұт­­қан майдан даласындағы қару­ластарын тебірене еске алады. Жа­лындаған жастығын соғысқа берген бозбаланың арман-аңсарын әңгімеге арқау етеді. «Көпшілігінің артында әулет көшін жалғайтын із де қалмады» деп күрсінеді бір уақыт. Ардагердің осы бір сөзі  алапат соғыс қай шаңыраққа болса да оңай соқпағанын аңғартса керек.  Расында да, түтінін де түтетіп үлгере алмай, қапыда қыршын кеткен боздақтар рухының алдында бәріміздің мәңгілік борыштар екенімізді есімізге салады. 

Сұрапыл соғыста бірнеше ауыр жарақат алса да   елге аман оралған Б.Аманғалиев ақпарат саласында еңбек ете жүріп, журналистік жолда талай тағдырға араша болды. Бар қажыр-қайратын, білім-білігін қазақ журналистикасына арнады. Сол кездегі ел басқарған азаматтармен етене араласып, ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді қала­мынан тыс қалдырған жоқ.  Көңіл­дің кейбір сәттерінде ми қабығын кемірген сан алуан ойларды әлі де қағаз бетіне түсіріп, өшпес күндерді тебірене еске алады. Кейінгі ұрпаққа ұлағатын айтады. 

«Жаяу әскер, танкі әскері, әуе күштерінде шайқастым. Шайқастың небір ғаламаттарын көрдім. Тіпті бес айдай госпитальда жатып емделгенім бар. Оның төрт айында есімнен бір айы­рылып, бір жиып әйтеуір аман қалдым-ау! Нақтырақ айтсам, бір өліп, бір тірілген адаммын. Көрер жарығымыз бар екен. Майдандас бауырларымның барлығы да елі үшін жан аямай күресті. Олардың барлығы да зор құрметке лайық жандар. Бейбітшілік пен берекенің қадірін біліңдер. Одан асқан бақыт жоқ. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қанымыздан келе жат­қан қасиет. Ең бастысы, осы қа­­сиет­ті жоғалтып ал­маң­дар. Тәуел­сіздігіміз мәңгі­лік,­­ ел іргесі берік болсын. Ке­ле­­шек ұрпа­ғым­ның алды­нан енді ешқан­дай кедергі кездес­песін. Тек қана мамыражай бей­біт заман болып, соғыс өрті тұтан­басын. Адамды адам қыла­тын, адамгершілік пен адал еңбек қана», дейді көпті көрген қазына­лы қария.

Өмірлік жолдасы Шахарбану Шахметқызымен бірге сегіз пер­­­зент­ті тәрбиелеген тәлімді әке­ бүгін­гі күні ұлы Ғалидың қо­лын­да. Қамкөңіл жанның қас-қаба­ғына қарап отырған перзенті әке арманын жалғап, жалынды жауынгердің ерен ерлігін болашақ ұрпағына жеткізуді өмірлік борышы санайды.   Ел газеті «Егемен» алматылық ардагерді ешуақытта ұмытқан емес. Ұлы Жеңіс мере­кесінде барша оқырмандар атынан ардагер қаламдасымызға амандық-саулық тілейміз. 

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ