Биылғы маусымда «Ливерпуль» командасы өз тобында көш бастап, 1/8 финалда «Портуды» 5:0, 1/4 финалда биылғы ағылшын чемпионы атақты «Манчестер Ситиді» 5:1 есебімен тізе бүктіруі футбол жанкүйерлерінің түн ұйқысын төрт бөлді. Өйткені «Ливерпуль» 2014 жылы Луис Суарес команда сапынан кеткеннен кейін ойыны қожыраған-тын. Ал қазіргі қарқыны басқа. Ойын ырғағы толысқан, футболшылар позициясына берік.
Команданың бұл жетістігін мамандар мысырлық шабуылшы Мұхамед Салахтың арқасы дейді. Басқасын айтпағанда, Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Ромаға» қарсы ойында Салах екі доптың авторы атанып, биылғы маусымдағы 47-ші ойында 43-ші голын соқты. Осы көрсеткішімен-ақ бұл азамат Месси, Роналду, Неймар бастатқан көкжалдары шаңға көметін түрі бар.
Сонымен әлем футболындағы жаңа жұлдыз Салах кім? Оның толық аты-жөні – Мұхамед Салах Хамед Гали. Египет елінің өрені. 1992 жылы 15 маусымда орталықтан шалғай Басьюне-Гарбия жеріндегі Нагриг атты кедей ауылда туған. Жеті жасынан бастап аяқдоппен әуестенген. Оның өзінде спорттық доп емес, елдер лақтырып тастаған ескі-құсқы байпақтарды жинастырып, желімдеп одан домалақ доп жасап алып, тасырлатқанда адамдар таңырқап қарайды екен. Қайдан білсін ел, бұл бұйра бас баланың 10 жылдан кейін жұмыр жерді дүр еткізерін. Қысқасы, Мұхамед Салах 14 жасына дейін көше футболынан ұзап кете қоймаған.
Қысқасы, ауылда ақ шаңды бұрқыратып доп теуіп жүрген бала біреулердің көзіне түсіп қалып, оны мысырлық футбол клуб «Мокавлун» академиясына алып барады. Осында жүріп 2010 жылы ересектер қатарына өтіп, төл клубы «Мокавлун» сапына алынды. Кейін «Әл Ахлиге» барады. 2011 жылы Египет ұлттық құрамасына қабылданып, келесі 2012 жылы Лондон олимпиадасы үшін жүргізілген топтық ойында қарсыластар (Жаңа Зеландия, Бразилия, Белоруссия) қақпасына қос-қостан доп салып, еуропалық мамандарды жалт қаратты.
Сол жылдың жазында «Базельдің» сапынан табылып, Швейцария чемпионатында 10 голдың авторы атанып, 11 дүркін дәл пас жеткізді. Әсіресе, Чемпиондар лигасының алғашқы кезеңінде «Челсимен» жолы түйіскен базелдіктер 2:1 есебімен ағылшынның азулы клубын тізе бүктірді. Осындағы екі голдың да авторы біздің кейіпкер. Сөйтіп 2012 жылы Швейцарияның «үздік футболшысы» атанумен қатар, Африка құрлығының жастар арасындағы үздігі деген марапатқа ие болды.
Мұхамед Салах 2013 жылы шаңырақ көтеріп, үйлену тойын өзі туған жұпыны ауылда өткізіп, ақсақалдарды төрдің басына шалқытып қойды. Қызық болғанда атағынан ат үркетін той қонақтарына босағадан орын тиіпті. «Бұл қалай?» дегендерге Салах: «Алланың алдында адамдардың бәрі бірдей, ендеше мен қалай оларды жіктемекпін» деген де қойған.
Үйлену тойынан кейін оны жазғы трансфер кезінде «Челси» қатарына алып, Салахқа бес жарым жыл ешқайда кетпейтіні жайлы шарт жасасты. Салах «Челси» Чемпиондар лигасында топжарған 2014 жылы 13 дүркін алаңға шықты. Бірақ чемпионат аяқталмай жатып оны италиялық клуб «Фиорентина» жалға алады. Іле-шала Салахқа «Рома» құда түсті. Бұл команда сапында екі маусымда 65 ойын өткізіп, 29 голдың авторы атанды.
Осы тұста «Ливерпуль» соңғы үш жыл бойы маусымдық ойындарда 14 голдан аса алмай пұшайман күй кешіп жүрген-тін. Бұндай абыройсыздықтан құтылудың жолы ретінде клуб қожайындары бапкер Юрген Клоппқа «команданы аяғынан тік тұрғызатын футболшы тап, әкесінің құнын сұраса да береміз» дейді. Клопптың тапқаны Мұхамед Салах. Сөйтіп «Рома» сапында атойлап жүрген жігітті «Ливерпуль» 42 миллион еуроға сатып алды. Сауданы қымбатсынғандар «Мұндай сомаға екі мықты шабылушы алуға болар еді» деп күңкілдеген. Қызық болғанда Ю.Клопп Салахтан айырылмау үшін оның құнын (алда-жалда сатылар болса) 225 миллион еуроға көтеріп тастады. «Шыдасаң осы, шыдамасаң әрмен жүр» дегендей. Егер бұл трансфер іске асатын болса, әлемдегі ең қымбат ойыншы ретінде тіркелері сөзсіз. Қызық болғанда әлемнің бай клубтары «Реал», «Барселона», ПСЖ жоғарыдағы сомаға кеңкілдеп күліп, «қажет болса Салахты сатып аламыз» деп отыр. Соған қарағанда діндес бауырымыз әлем футболы тарихында ең қымбат ойыншы ретінде тіркелетін сияқты.
Осылай жазғы трансферде «Ромадан» «Ливерпульге» ауысқан Салах 29 кездесуде 23 гол соғып, 8 дүркін дәл пас берген екен. Клуб тарихында бұрын-соңды қысқа мерзімде дәл бұндай нәтиже көрсеткен адам жоқ. Тіпті бұлай жасау атақты Луис Суарестің де қолынан келмепті. Клуб бапкері Юрген Клопп: «Егер Салах осы екпіннен жаңылмаса, әлемдік рекордтардың бәрін талқандауы мүмкін» деп болжайтын көрінеді.
Сонымен қатар Мұхамед Салах – лига тарихында сол аяқпен 20 гол соққан алғашқы футболшы. Кәсіби мамандар айтады: Салахпен атақты Мессидің ойын өрнегінде ұқсастық көп, бірақ мысырлықтың артықшылығы – өте жылдам. «Базель» командасының бапкері Хакан Якин Салахты «аяқдоптың Үсейіні» деген екен. Яғни оны атақты желаяқ Үсейін Болтпен шендестіргені.
* * *
Өткен жылы Мұхамед Салахтың жұлдызы оңынан туды. Атап айтар болсақ, ағылшынның «Ливерпуль» сапында бабы қанған тұлпардай аршындап, арқыраған дүбірі төрткүл дүниені елең еткізген 25 жастағы Салах «Африка құрлығының үздік футболшысы» атағын алды. «Бұл марапат оңай келген жоқ» депті еуропалық баспасөздерге лепес білдірген Салах бауыр. Өйткені қарт құрлықта атойлап жүрген африкалық жігіттер шаш етектен. Осылардың ішінен габондық майталман футболшы Пьер-Эмерик Обамэянг («Арсенал») және Сенегал футбол құрамасының белді ойыншы Садио Манэ («Ливерпуль») үшеуі шешуші турға өтіп, 625 дауыс жинаған мысырлық жеңіске жетті.
Ал биылғы маусымда ол «Ливерпуль» клубының үздік ойыншысы атанумен қатар, ағылшын премьер-лигасының да үздігі болды. Салахтың бұл жетістігін «Исламның беделі» деп түсінген Саудия патшасы оған Мекке қаласынан жер телімін сыйлады.
Осылай Салахтың маңына марапаттар үйіріліп жатыр. Жуықта кәсіби футбол федерациясы оны «Жылдың үздік ойыншысы» деп таныса, іле-шала «Еуропаның үздік аяқдопшысы» атағына ұсынылды. Келесі кезең не болуы мүмкін? Яки бұл жігіт әлемнің ең үздік футболшысы атағына лайық ба, жоқ па? Бұл сұраққа көптеген мамандар мен ақпарат өкілдері бір ауыздан «иә» деп жауап берері сөзсіз.
Мысалы, атақты ағылшын аяқдопшысы Робби Фаулер «Салах керемет футболшы. Егер ол әлемді мойындатқысы келсе, біріншіден, Чемпиондар лигасында командасы топ жаруы керек, екіншіден Египет құрамасы әлем чемпионатына қатысатындықтан олар сенсациялық ойын көрсетуі шарт. Осы екеуін жасай алса, Салах «әлемді бағындырдым» деп есептей беруіне болады» депті.
Салахтың арқасында Мысыр футбол құрамасы 28 жылдан кейін әлем чемпионатына қатысатын мәртебеге ие болды. Футбол тойын өткізетін Ресеймен бір топта ойнайды. Қызық болғанда бұл топта Луис Суарес бастаған Уругвай және Салахты туған ұлдарындай қадірлейтін Сауд Арабиясының құрамасы бар.
* * *
Футболшы өзі туған Нагриг ауылына мектеп, балабақша және аяқдоппен айналысқысы келетін балалар үшін толық жарақты алаң тұрғызып берді. Ауыл жастары үйленген жағдайда олардың шығыны Мұхамедтің мойнында. Осылай жақсылық жасап жатқан ұлын халқы қадірлемей қайтсін. Салах оқыған орта мектепке футболшының атын берген екен. Нысанға адам есімін беру бізде қалыпты оқиға болғанымен, Мысырда бұл некен-саяқ.
Өткен жылы Египет экономикасын тығырықтан шығару қорына 210 мың фунт стерлинг аударды. Басьюн қалашығына толық жарақты аурухана салып берді. Мысырдың бір байы «Таңда, Еуропаның қай қаласынан вилла сыйлайын» дегенде Сәкең: «Сіз одан да ол ақшаны менің туған ауылым Нагригтің пайдасы үшін жұмсаңызшы», деп өтініпті.
Көптеген адамдар «түбі осы жігіт сонау жылдары Либер футболшысы болған Ж.Веа сияқты өз елінің патшасы болатын шығар» деп жорамалдайды. Бұл да әбден мүмкін дүние.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»