Отандық ғалымдарымыздың қытай мамандарымен бірлесе жасаған «Quazar» деп аталатын жоғары технологиялы электробустары, біріншіден, Өскемен секілді ауасы ластанған қала үшін экологиялық тұрғыдан тиімді болса, екіншіден, дизельмен жүретін қарапайым автобустармен салыстырғанда бірнеше есе үнемді дейді мамандар. Фирма өкілдерінің айтуынша, қазір күнделікті қолданыстағы автобустар күніне 250 шақырымға 125 литр отын жақса, электробустар бір ауысымда 189 кВт энергия жұмсайды.
Айтпақшы, Өскеменге «жерсіндіріліп» жатқан электробус 1 мамыр күні облыс әкімі Даниал Ахметовке таныстырылды. «Бұл көліктерді әлі сатып алған жоқпыз. Өңір жолдарында өзін қалай көрсетеді, мүмкіндігі қандай, осыны нақтылау үшін №44 бағыттағы автобустың бағдарына жібердік», дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңірде қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жақында Семейде 15 жаңа автобус жолаушыларды тасымалдауға кірісіпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН