Мәселен, олардың бір тобы өздері жариялаған сатып алу туралы хабарландыруларды заң талап ететіндей интернет желісіне мүлдем салмайтын болса, бірқатары аталған деректерді мерзімен кешіктіріп барып жариялағаны анықталған. Бұл өз кезегінде облыста жергілікті кәсіпкерліктің дамуына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді деген пікірдің қалыптасуына әкеліп отыр.
Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Баниямин Файзулиннің айтуынша, әсіресе аудан әкімдері құрылыс жүргізуге қатысты жарияланатын мемлекеттік тапсырыс кезінде жергілікті кәсіпкерлермен жұмыс істеуге мүдделі емес. Соның салдарынан әкімдер тендерде жарияланған құрылыс материалдары мен құралдары туралы сұранысты ресми интернет-ресурстарда жариялауға қатысты Ұлттық экономика министрінің бұйрығын да орындамай отырған көрінеді.
– Жобада қарастырылған негізгі құрылыс материалдары мен өнімдеріне сұраныс бекітілген сметалық тізімді ресми интернет-ресурста жариялауды қамтамасыз ету туралы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 19 наурызында шыққан бұйрығы бар. Бұл бұйрық үш жыл бұрын орындалуы керек болатын, бірақ облыста ол орындалмады. Қазір Үкімет орталықтандырылған сатып алу қызметін құру арқылы жаңа сатыға шығуды жоспарлап отыр. Ал біз әлі бірінші сатыдағы тапсырманы орындай алмадық, – дейді Б.Файзулин.
Қоғамдық мониторинг нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Көп жағдайда жауапты тұлғалардың салғырттығы іске кедергі келтіреді екен. Мысалға, былтырғы жыл бойынша зерттеу барысында Ескелді ауданы әкімдігінің сайтында сатып алу бойынша мәліметтер 2017 жылдың қарашасында ғана шыққаны анықталған. Бұл кезде аудан аумағында құрылыс жүргізу жұмыстары аяқталып қойған болатын.
– Мониторинг бойынша Талдықорған қаласындағы 230 пәтерге арналған 16 қабатты үш тұрғын үйдің құрылысында пайдаланылған негізгі материалдардың жиынтық тізіміне талдау жасалды. Құрылысқа қолданылған заттардың 50 пайызы Қытай мен Ресейде жасалған тауар екені анықталды. Қажетті құбырлар мен желдеткіш құралдар, терезе мен есік жабдықтары Қазақстанда да шығарылады. Бағасы да қолжетімді. Демек әкімдіктер отандық тауар өндірушіні қолдауға ынталы емес. Есесіне көрші елден делдалдар арқылы тасымалданатын құрылыс материалдарына тәуелділікті арттырып отыр, – дейді өңірлік мониторинг нәтижесін саралаған облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов.
Бірақ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы заң және құқық бөлімінің басшысы Қанағат Молдабековтің кәсіпкерлердің сынына орай айтар өз уәжі бар.
– Тауар, қызмет пен қызмет түрлерін жеткізушілердің көпшілігі ұсынылған форманы қате жасайды немесе мүлдем толтырмайды. Нақты жағдайды көрсету үшін біз порталға енгізілген ақпараттарды шығарып алып сараладық. Ондағы қызмет түрлері бойынша ақпараттар түзетіліп, жеткізуші тарапынан істің аяқталмайтынын анықтадық. Мәселен, облыстық Жер кадастры департаментінің 1,9 млн теңге сомадағы келісімшарт міндетін орындау нәтижесі бойынша отандық тауар өндіруші бағанында 100 теңге деп жазылған. Сәйкесінше жергілікті құрам үлесі 0,01 пайызды құраған. Ал 28,5 млн теңге сомадағы келісімшарт бойынша отандық тауар өндіруші тарапынан жалпы сома көрсетілмеген. Мұндай мысалдар жеткілікті. Сол себептен кәсіпкерлердің мемлекеттік тапсырысқа іліге алмауы мүмкін, – дейді ол.
Жалпы, мемлекет қаржысының игерілуі жөніндегі ақпарат неғұрлым ашық әрі қолжетімді болған сайын қоғам ізгілене түсетіні анық. Және осы қадам адамдардың қаржылық сауатының артуына ықпал етіп, жемқорлықсыз орта қалыптастыруға да жол ашатыны сөзсіз. Оның үстіне мемлекеттік тапсырыс жүйесіндегі жариялылық отандық кәсіпкерліктің дамуына пайдасын тигізетіні және дәлелденген. Ал бұл бағыттағы жұмыстардың негізгісі мемлекеттік органдардан бастау алуы тиіс еді. Бірақ кәсіпкерлердің құқын қорғайтын ұйымның пайымдауы керісінше нәтиже көрсетіп отыр.
Айтпақшы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталына жыл басынан бері жалпы сомасы 78,9 млрд теңгені құрайтын 38244 сатып алу лоты жарияланған болса, бұл тапсырыстарды орындауға 3250 жергілікті кәсіпкер өтініш берген екен. Ендігі кезек баға мен жұмысты орындауға ынталы кәсіпкерлерде. Жалпы, бұл істің нәтижелі болуы отандық өнім өндірушіні қолдауға қатысты жиі сынға ұшырайтын жергілікті атқарушы органдар жұмысының жақсарғандығын да білдіретіні анық. Діттеп келгенде отандық өндіріс жанданып, мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы керек. Ал кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін кез келген жағдайдың алдын алу бүгінгі күннің талабы.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы