Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

Оралдың «соқыр ішегі» жарылды

568 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында биылғы мамыр мамыражай болмады. 30 сәуір күні таң алдында Шолохов көшесінде жер опырылып, шаһардың нәжіс суын шығаратын кәріз құбыры жарылды. 

Оралдың «соқыр ішегі» жарылды

– Біздің бригада оқиға орнына жедел жетіп, коллектор құбыры өтіп жатқан аумақтың жері төмен шөккенін анықтады. Бірден канализациялық сорғы стансасының жұмысын тоқтат­тық, әйтпесе лас су көшеге жайы­лар еді, – дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-нің техникалық директоры Асылбек Әміров. 
Апат салдарынан Орал қала­сының 4,5,6,7,9 шағын аудан­дары, Солтүстік-Шығыс, Құ­рылысшы аудандары сусыз қалды. Мамырдың мейрам күндері сусыз қалған ха­лық­қа ауыз су көлікпен тасып жеткізілді. 2 мамырдан бас­тап көп қабатты пәтерлерге су уа­қытпен, тәулігіне үш рет беріле бастады. 

– Коллектордағы апат көлемі өте ауқымды болып шықты. Құбырды табу үшін 7,5 метр тереңдікке дейін қазуға тура келді, бұл үш қабатты үйдің биіктігімен тең. Бұдан он жыл бұрын шыныпластиктен салынып, 2009 жылы қабылданған құбыр үгітіліп, шіріп кеткен. Бұл құбыр жалғауға, жамауға жарамайды, сондықтан екі құдықтың арасындағы 60 метрден аса құбырды түгелімен жаңалауға тура келеді. 1 мамыр күні түнде нөсер жауын болды, оның үстіне кәріз суы да қайта-қайта жиналып қалады. Екі бригада күні-түні жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарының қашан бітетінін әзірге айта алмаймыз», дейді «Батыс су арнасы» ЖШС директорының бірінші орынбасары Салауат Айбатов.

Апат себебін анықтау үшін Орал қалалық әкімдігінде арнайы комиссия құрылған. Орал қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Закариннің айтуынша, апаттың зардабы мен оны жоюға кететін қаражат мөлшері ең соңынан, қалпына келтіру жұмысы аяқталған соң ғана бел­гілі болады. Сусыз қалған шағын­аудан тұрғындарына «бір апта шыдаңыздар, бәрін қал­пына келтіреміз» деген хабар таратылған. 

Жаңа құбыр неге сапасыз?

Оралда кәріз құбырлары бірінші рет жарылып тұрған жоқ. 2007 жылы коллекторлар бойында 20 апат болыпты. Ал 2008 жылы 21-22 наурыз күндері жер астында 4-7 метрлік тереңдікте жатқан темір-бетон коллекторлар бір сәтте он жерден опырылып, жалпы ұзындығы 160 метр жүйе істен шыққан еді. Орал қаласындағы кәріздік жүйенің апатты халі, 60 мың адамның бір сәтте сусыз қалған хабары кезінде Үкіметке дейін жеткен.

Сол жолы Орал қаласында 1970-1973 жылдары салынған коллекторлардың тозығы әбден жетіп, 100% жарамсыз болғаны айтылған болатын. «Орал су арнасы» мекемесінің құзырындағы 352 шақырымдық су тарату жүйесінің 70 шақырымының «жасы» 20 жылдан асқан еді. Ал 310 шақырымдық кәріздік жүйенің 34 шақырымы жедел ауыстыруды қажет еткен. 

«Оралдың қазіргі коллектор жүйесі әрі ескірген әрі 150 мың тұрғынға ғана қызмет көрсетуге арналған. Халық бүгінде екі есе көбейді. Сондықтан біз бұл мәселеге жете көңіл бөліп отырмыз. Апатқа ұшыраған құбырды жөндеуге қаржы міндетті түрде беріледі», деген еді сол кездегі вице-премьер Өмірзақ Шөкеев. 

– Қаланың қалдық сула­рын­­ аулаққа әкетіп жатқан кол­­­лек­тор жүйесінің апатқа ұшы­­­­раған қазіргі бөлігін (5450 метр) ғана жөндеуге республика бюд­же­тінен шұғыл түрде 680,7 млн теңге бөлуді сұраймыз. Ал ты­ғырықтан шығудың бірден-бір жолы – тапсырылуы келер жылға жоспарланған кәріздік коллектор құрылысын биыл бітіру. Бұл үшін 1,5 млрд теңге керек. Жаңа жүйені бітірмей, тозығы жеткен құбырларды жамап-жасқағанмен, ондағы қысым азаймайды, – деп түсіндірген еді сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Үкімет басшысының орынбасарына.

Мұның бәрін тәптіштеп отыр­­ғанымыз, бүгінде апат бол­ған құбыр дәл сол 2008-2009 жыл­дары жаңадан салынған кәріздік коллектор болатын. Орал шаһа­рының коммуналдық қыз­­метін тығырықтан шығарып, бұрынғы шойын-темір құбыр­лардан да гөрі ұзақ қызмет етуі тиіс шыныпластик құбырдың ғұмыры неге қысқа болды? Сол кезде «темір құбырлардың қыз­мет ету мерзімі 25 жыл, ал пластик құбыр кемінде 50 жыл­ға шыдайды» деген әңгімені ма­мандардың аузынан естіген едік. 

Апат себебін анықтайтын комис­сияның шешімі де шығар. Әзірге мамандар апат болған аумақта сапасыз құбыр салынған деген пікірді алға тартып отыр. Өйт­­кені апат болған жерді қаз­ған кезде шыныпластик құбырлардың ыдырап, жаншылып қалғаны байқалған. «Шыныпластик кәріздік жүйенің улы қоспаларына шыдамай, реакцияға түсіп, іріп кеткен екен» деушілер де бар. Қалай болғанда да 2008 жылы жаңа құбыр салынған кезде ескерілмей қалған жайттар бар сияқты. Егер бұл жобалау кезінде жіберілген немесе техникалық қателік болса, кінәлі адамдар жауапқа тартыла ма, әзірге белгісіз.

Оралда ор көп

Биылғы жылу маусымы аяқталысымен өңір басшысы Алтай Көлгінов Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевқа облыс орталығында тозығы жеткен жылу құбырларын жөндеуге тапсырма берген болатын. Әрине бұл – дұрыс шешім. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, жаздың жылы күндерін пайдаланып, құбырларды ауыстырып алмаса болмайды. Оралда жылу жүйесінің 50 пайызы ескірген.

Осылайша Оралда жылыту маусымы аяқталған 15 сәуірдің ертесінен бастап қаланың орта­лығында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Көп қабатты 119 үй, 50 шақты әлеуметтік нысанға ыстық су беру уақытша тоқ­татылды. «Нұрлы жол» бағдар­ламасы бойынша 1,8 млрд теңге бөлініп, 100% ескірген ТМ-7 және ТМ-2 магистральдары жаңартыла бастады. 

Әрине жөндеу кезінде бір­қатар көше уақытша жабылып, қазба жұмыстарымен қатар жүреді. Төрт айға созылатын жөн­­­­деу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны да рас. Оралдың орталығында Достық даңғылы, Әбубәкір Кердері, Темір Масин, Сарайшық, Ғұмар Қараш, Жұбан Молдағалиев, Фрунзе көшелерінде тұратын халық жаз бойы жылы су көр­мейді. Құрманғазы көшесі жартылай жабылған, көлік қозғалысына да қиындық туды. Бүгінгі Орал айнала ор қазылған, қоршаудағы қамал сияқты. 

Бірақ бұл – жоспарлы, алдын ала халыққа ескертіліп жасалып жатқан жөндеу жұмыстары ғой. Аз күнгі қиындық қытымыр қыс­та жайлы да жылы пәтерде жей­дешең жүрген бір сәтімізде ұмытылар-ау. Аяқ астынан жарылып кететін «соқыр ішектерден» сақтасын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ