Әр адамның басында өмірдің өнегелі сәті де, өкінішті тұсы да болады әрине. Тағдыр деген таразының тең ұшында тайталасып бақ пен сор тұрады. Әрбір жан бақытты болуға, жақсы өмір кешуге лайықты десек те, кейде өмірдің өткінші сәтінде өзін жоғалтып алатын, жалғанның жасанды жарқылдарында көзі қарығып, өзінен басқа өзгені көрмей қалатындар да болады. Мұның бәрін тағдырға теліп, маңдайға жазылғаннан көру оңай сияқты болғанымен, әр адамның тағдыры өзіне тікелей байланысты екенін де ұмытпаған дұрыс сияқты. Тарихта талай теперіш көрсе де, бір рулы елдің отын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай отырған аналар жайлы білеміз. Тіпті бір кейуананың сөзінен екі елдің ортасындағы дауға нүкте қойылып, екі жақтың бітімге келгені де көне аңыздар мен әңгімелерде баяндалады. Қазақта қалыптасқан ердің мәртебесі, әйелдің абыройы деген адами құндылық пен әр адамның дәрежелі орны өзгеріп бара жатқандай болып тұрады кейде. Әсіресе бүгінде әйелдер қауымының отбасылық жағдайларда күйеуінен зорлық-зомбылық көргені жайлы да жиі айтылатын болды. Мұндай мәселе еліміздің әрбір өңірінде бар. Мәселен, Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар биыл 1051 фактіден 1057 фактіге дейін өскен.
– Жалпы, әйелдерге қатысты қылмыс пен құқық бұзушылыққа негіз болып отырған бүгінгі таңдағы дағдарыс деуге болады. Осыған байланысты жергілікті жерлерде тұрғындардың жұмыстан қысқаруы және толық қамтылмауы, азаматтардың соның салдарынан спиртті ішімдікке салынуы отбасында туындап жататын жанжалдарға себеп болады. Кейін бұл отбасындағы өзара қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келеді, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанысова.
Жамбыл облысында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстардың жалпы санының 67,9 пайызын жекеменшікте жасалған қылмыстар құрайды екен. Мәселен, кісі өлтіру фактісі бойынша биыл қылмыс тіркелмегенімен, зорлау фактілері бойынша – 16, ауыр дене жарақаты бойынша 4 факті тіркелген. Қарап отырсақ, әйел азаматтар бүгінде қоғамның құрбандығына шалынып бара жатқандай әсер қалдырады. Әрине мұндай жағдайлар ерлердің де беделін түсіретіні анық.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Аталған мекеме осыдан төрт жыл бұрын ашылған. Орталық директоры Жамал Қалыбекованың айтуынша, 2014 жылдан бері мұнда 357 адам келіп көмек алған екен. Оның 123-і әйелдер болса, 234-і – балалар.
– Біздің орталыққа өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдер келіп, көмек алады. Сондай-ақ мекемеде оларға 8 түрлі көмек көрсетіледі. Әйелдер мен балаларға арналған 2 психолог бар. Негізгі мақсатымыз – отбасында қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек беру арқылы оларды отбасына қайтару. Нәтижесінде 7 әйел 9 баласымен бірге отбасына оралды. Өкінішке қарай, сол күйі отбасымен ажырасып кететіндері де бар. Көбіне мұнда келген келіншектер сурет салып, кесте тігеді. Сонымен қатар ән салып, би билейтін өнерпаз жандар да кездеседі, – дейді директор.
Жалпы, зорлықтың экономикалық, психологиялық сияқты түрлері көп. Бұл тұрғыда жапа шегетіндер де әйелдер қауымы. Сол сияқты бұл орталыққа келген келіншектердің дені жоқшылық пен маскүнемдіктен зәбір көргендер екен. Тіпті бұл жерге жиырмадан жаңа асқан жас келіншектер мен жасы жетпіске тақаған әйелдер де пана іздеп келеді. Қашанда ана аты ардақталуы тиіс қой. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда олай болмай тұр. Осында келген төрт ананың тағдырын әңгімелеген орталық директорының айтуынша, оларды баласы мен келіні қосылып сабап, үйінен қуып жіберіпті. Жасы жер ортасына келіп, балаларынан енді жақсылық көрем бе деген шаққа келгенде тағдырларының тұйыққа тірелгені ойлантпай қоймайды. Сондай-ақ 2016 жылы аталған орталыққа басындағы қиын жағдайды айтып бір келіншек 9 баласымен келіпті. «Әлгі келіншектің 8 қызы бар екен. Кенжесі ұл бала. Бірақ отбасындағы жанжал оның қыз туғанынан шығыпты. Келіншектің айтуынша, күйеуі күн сайын қол көтеріп, намысына тиеді екен. Кейіннен әлгі келіншектің енесі мен қайын інісі осында келіп, балаларды өздерімен алып кетті. Ал келіншек осында қалды», дейді Ж.Қалыбекова. Ағымдағы жылы мұнда 19 әйел және 32 бала келген. Отбасындағы түрлі жағдайлармен осында қайырылған жандардың тағдырын ойлаудың өзі қиындау.
Орталыққа келген әйелдер мұнда 6 ай ғана тұрады. Егер олардың отбасындағы жағдай реттелмесе, мерзімі біткен соң олар қайда барады? Дей тұрғанмен, орталық олардың балаларының мектепке, ал өздерінің жұмысқа орналасуына көмектеседі екен. Орталық ашылғалы бері 40 әйел жеке кәсіпкерлердің қолдауымен, ал 4 әйел Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасыпты. Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша бүгінде өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдердің дені Байзақ ауданынан болып шықты. Сонымен қатар Шу ауданынан көп келеді екен. Тек Мойынқұм ауданынан келмепті.
Адам аты әрдайым бірін-бірі сыйлаумен, құрметттеумен қалыптасады әрі мәңгі жасайды. Ал әйел тағдыры, ана тағдыры бұл жерде аса маңызды. Мейлі, әйелдерге көмек көрсететін орталық болсын, басқа болсын, бәрібір әйел затының өз отбасымен, өз отының басында болғаны жақсы ғой. Жамбыл облыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болғанымызда, талай тағдырдың теперішке ұшырап отырғанын білдік. Тіпті бейкүнә бүлдіршіндердің жасқа толы жанары жәудіреп қарағанда, жаның шырқырайды. «Олар еліміздің ертеңгі болашағы ғой» деген ойға қаласың. Ал болашақтың тағдыры бүгін қалыптаспаса, ертең қалай болады? Адамзат алыптарының бәрі де анадан туған, әйел затын құрметтеуді кейінгілерге өсиет еткен. Сол өсиеттің қасиетін кетірмей, өз қадірімізді бағалай білгенге не жетсін...
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы