Елбасы 18 сәуірде Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында «Қазір «Эксимбанк», «Астана банкі» және Qazaq Bank акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті», дей келіп, «...жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан әрі мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін» ашық айтқан болатын.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі күннің өзінде банк менеджменті күрделі өзгерістердің қысымына төтеп бере алмай, жаңа қаржылық дәуірдің талаптарына сай деңгейін көрсете алмағанын өкінішпен мойындауымыз керек», деп халықтың қаржы институттарына деген сенімін әлсірете түскен бүгінгі осы жүйеде қалыптасқан ахуалды сынға алды.
Мемлекет басшысы қаңтар айындағы Жолдауында қаржы секторына серпіліс қажет екенін атап көрсеткенін еске салған Сенат Төрағасы, еліміздің қаржы жүйесін реттейтін негізгі құрылым – Ұлттық банктің алдына екінші деңгейдегі банк жүйесінің жұмысын қадағалаумен қатар, банк портфелінің жағдайын сауықтыру мен берілген ипотекалық несиелер мәселесін шешу міндеті жүктелгенін, сонымен қатар Президент банктердің портфельдерін «нашар» несиелерден тазартып, банктерден қаражатты шығаруды тоқтату жөнінде талап қойғанын атап өтті.
Елбасы қойған талаптар бойынша не істелді? Қандай шаралар қолға алынды? Бұл саланы сауықтыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?
Осы тұрғыдан келген Сенат Төрағасы әуелі мемлекет тарапынан бұл салаға қаншалықты көңіл бөлініп келгенін, алайда осы мүмкіндікті олардың тиімді пайдалана алмай отырғанын баса айтты.
«Елімізде банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Осы бағдарлама шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан банктерге мемлекет тарапынан қомақты қаржылық қолдау көрсетілді.
Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде банк саласындағы жағдай біршама тұрақталып, заңды және жеке тұлғалар салымдарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.
Бұл ретте мемлекеттік қаржы ресурстарының есебінен мүмкіндігі төмен банктерге қолдау көрсету жөніндегі мәжбүрлі шаралардың соңы осы болар деп үміттенеміз. Мұндай саясат кейбір банктердің мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы саласындағы әділетті бәсекелестіктің бұрмалануына жол берумен қатар, банк секторы жұмысының тұрақтылығы мен беделіне теріс әсер етеді», деді Қ.Тоқаев.
Ұлттық банк қызметі негізінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер мен осы салада пайда болуы мүмкін құрылымдық түйткілдерге алдын ала баға бере отырып, қордаланған мәселелерді реттейтін тиімді тетіктерді кешіктірмей іске қосуға бағытталуы керектігін айтқан Сенат Төрағасы парламенттік тыңдауда қаржы саласын сауықтыруға қатысты 10 мәселеге ерекше тоқталды.
Бірінші, банк секторы жұмысының сапасына қатысты сын-пікірлерді бағамдап, оған себеп болған нақты жағдайларды анықтау;
Екінші, банк жүйесі бизнесті ұзақ мерзімге, тиімді мөлшерде несиелендіру арқылы ел экономикасының өсімін ынталандыру;
Үшінші, банк саласында ықтимал қауіп-қатерлерді басқарудың ұтымды моделін қалыптастыру;
Төртінші, банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға басымдық беру;
Бесінші, қаржы саласын реттеу мен қадағалау жүйесін заңнамалық тұрғыдан одан әрі жетілдіре түсу;
Алтыншы, қажеттілігіне қарай тиісті заңдарға түзетулер енгізу арқылы Ұлттық банктің құқығын күшейтіп, екінші деңгейлі банктердің иелері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыру;
Жетінші, банк активтерін шығарып әкетуге тосқауыл қою үшін банк акционерлеріне және олармен байланысы бар тұлғаларға несие беруге заңмен шектеу қою;
Сегізінші, бірқатар банктердің айналымын «нашар» несиелерден тазарту жұмыстарын аяқтау;
Тоғызыншы, азаматтың басындағы жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отырған ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын жалғастыру;
Оныншы, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмысын жетілдіру.
Елбасы қойған міндеттерден туындайтын он талапты алға тарта отырып, Қ.Тоқаев Парламент өз кезегінде Ұлттық банктің қаржы саласын реттеу мен қадағалауды одан әрі жетілдіру жөніндегі бастамаларын қолдауға дайын екендігін атап өтті.
Бұдан бөлек Сенат Төрағасы қаржы жүйесіне деген халықтың сенімін төмендетіп отырған қаржы саласындағы қарапайым тілдегі ақпараттың жетіспеушілігі; қаржылық қызметтер түрінің көбеюі, олардың күн санап күрделенуі; алаяқтық тәсілдердің, қаржы пирамидаларының өріс алуына да тоқталып, Ұлттық банк осы және жоғарыда аталған барлық салаларға кеңінен көңіл бөліп, қордаланған мәселелердің оңтайлы шешімін табу үшін екінші деңгейлі банктермен кешенді жұмыстар жүргізуін талап етті. Бұл талапты «Бүгінгі банк жүйесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртудағы жаңа міндеттерді орындауға және азаматтардың заман талабына сай сұраныстарына әзір болуы тиіс», деп шегендей түскен Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін «Банк қызметінің тұрақты дамуы тұтастай алғанда мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді» деп аяқтады.
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сенаторлар алдында баяндама жасап, банк секторының қызметін жетілдіру мақсатында қаржы реттеушісі жүзеге асырған шаралар туралы жан-жақты хабардар етті.
Шараға қатысушылар алдында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясы кеңесінің төрағасы міндетін атқарушы Юлия Якупбаева, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы кеңсесінің басшысы Агрис Прейманис, Стратегиялық бастамалар орталығының аға әріптесі Олжас Құдайбергенов сөз сөйледі.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырған парламенттік тыңдаудағы пікірсайысқа Сенат депутаттары Бірғаным Әйтімова қарыз беретін онлайн компанияларды тексеру туралы, Мұхтар Жұмағазиев банктердің өз қызметі туралы шынайы ақпараттың жетімсіздігі туралы, Серік Жақсыбеков жинақ салымдары туралы, Дәурен Әділбеков проблемалық несиелерді қайтару туралы, Бақтыбай Шелпеков Ислам банктерімен жұмыс істеудің болашағы туралы, Нариман Төреғалиев қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың қымбаттығы туралы, Ғұмар Дүйсембаев проблемалық активтер туралы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев аудиторлық тексерулер нәтижесінің жариялылығы туралы ашық пікірлерін ортаға салып, мәселені жан-жақты талқылауға атсалысты.
Әділбек ҚАБА