Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

Әлеуметтік бастамалар партия бақылауында

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына еліміздегі жетекші саяси партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар және сарапшы мамандар мүше болды. Осыған орай кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Үкімет басшысының орынбасары Е.Досаев қатысты.

Әлеуметтік бастамалар партия бақылауында

Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының партияға Қазақстан халқы Ассамблеясымен және азаматтық қоғам өкілдерімен бір­лесіп бес әлеуметтік баста­ма­ның жүзеге асырылуын қо­ғамдық бақылауға алуды тап­сырғанын айтты. Соған байланыс­ты жа­ңа­­дан құрылған Қоғамдық ке­ңес Елбасы бастамаларының уақ­тылы әрі сапалы орындалуына жалпыхалықтық бақылауды қамтамасыз етпек.

– Қоғамдық бақылауды жү­зеге асыру үшін «Нұр Отан» пар­тиясы Орталық аппараттан бастап, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы де­пу­таттық фракцияларын, партия­ның филиалдары мен бас­тауыш партия ұйымдарын және қо­ғам­дық қабылдау бөлмелерін жұ­мылдырады. Сонымен бір­ге біз Президенттің бес әлеу­мет­тік бастамасын уақтылы әрі сапа­лы жүзеге асырудың қазақ­стандықтар үшін қаншалықты маңызды екенін ескеріп, аза­маттық қоғам өкілдерімен күш біріктіріп жұмыс істеуіміз керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары «Нұр Отан» партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын айрықша бақылауға алатынын айтып, тіпті осы істе олқылық жіберген шенеуніктер дер кезінде анықталатынын да тіл­ге тиек етті.

– Біз Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын жүзеге асыруда немқұрайдылық танытқан кез келген шенеунікті дер кезінде анықтаймыз. Қажет болса «Нұр Отан» партиясы ондай шенеуніктерді жауапқа тарту мәселесін де көтеретін болады. Біз ешкімге Елбасы бастамаларын сөзбұйдалыққа салып, кешеуілдетуге жол бермейміз. Сондықтан осыған қатысты мәліметтерді кеңес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және қарапайым халықпен тығыз жұмыс істеу арқылы түрлі дереккөздерден алып отырады. Халық қажетті ақпараттарды қо­ғамдық қабылдау бөлмесі, пар­тияның веб-сайтындағы арнайы «5bastama» айдары немесе же­дел желі арқылы хабарласып бере алады. Мұндай қадам бес әлеу­мет­тік бастаманы жүзеге асыру кезіндегі олқы тұстарды уақтылы анықтап, оны тиімді шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бақылаудың тиімді тетіктері мен осы бағыттағы өзара іс-қи­мыл барысы талқыланды. Ке­ңес төрағасы болып Сенат депу­таты Бақытжан Жұмағұлов тағайындалса, оның жұмысын ұйым­дастыруды «Нұр Отан» пар­тиясы қамтамасыз етеді. Яғни, бастамалардың әр бағыты бо­йынша құрылған жұмыс тобы­ның қызметін партия хатшылары үйлестіретін болады.

Кеңестің басты міндеті – әлеу­­меттік бастамалардың жү­зеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау, бағдарламаның орындалу барысы туралы ха­лыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйым­дастыру, сондай-ақ Елбасы бас­тамаларын жүзеге асыру кезін­дегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну.

Жиын барысында орталық және жергілікті мемлекеттік ор­гандардың жетекшілері сөз алып, бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асырудағы бүгінгі ахуал жайында және бағдарламаның орындалуын бақылау жөніндегі арнайы мониторингтік топ құ­ру барысын айтып берді. Атап айт­қанда, осы бағыттағы Үкімет жұ­мысы туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­ме­нов баяндама жасады. Ал Ұлт­­тық банк төрағасының орын­ба­сары Олег Смоляков «7 – 20 – 25» жаңа тұрғын үй бағ­дар­ламасының тетіктері мен ша­ғын несие беру мәселесіне тоқталып өтті. Өз кезегінде Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов студент жатақханаларының құрылысы мен қосымша бөлінген 20 мың білім гранты жайында сөз қоз­ғады. Отырыста саяси партия мен қоғамдық бірлестік өкілдері де сөз алып, өз ойларымен бөлісті.

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»