Отырысты ашқан Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, маусым айында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті халықаралық қатынастар мен жаһандық экономиканың тұрақсыз кезеңінде өтпек.
«Қазіргі таңда қатаң санкциялық соғыс пен геосаяси текетірестің тереңдегеніне куә болып отырмыз. Бұл, әлемдегі стратегиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға нұқсан келтіретін фактор екені сөзсіз. Осындай кезеңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің кең көлемдегі орталық моделін қалыптастыру жөніндегі көзқарастары маңызды болмақ», деді Е.Салтыбаев.
Ол сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымын әлем мойындағанын және оның беделі жоғары екенін атап өтті. Астанада былтыр өткен ШҰЫ саммитінде ұйымға Үндістан мен Пәкістанның толыққанды мүше болып кіргенін еске салды. Оның пайымдауынша, бұл ұйым арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге әрі әлеуетін арттыруға серпін береді. Е.Салтыбаевтың сөзіне қарағанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер санының артуынан қауіптенудің қажеті шамалы.
«ШЫҰ жалпыға танылған және беделді бірлестік ретінде құрылды. Ұйым Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басты тетіктердің бірі саналады. Шанхай диалогына қатысушылар өзекті сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың тиісті алаңын құра алды», деді институт директоры.
Бұдан бөлек, Е.Салтыбаев ұйым аясында сауда-экономикалық саланың жан жақты тереңдеп келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың нығая түсуі өзара ықпалдастық пен іс-қимыл әлеуетін кеңейтетінін жеткізді.
«Үндістан мен Пәкістан ұйымға толыққанды мүше болып қабылданған Астана саммитінің тарихи мәнін атап өткен жөн. ШЫҰ-ның кеңеюі ұйымның ынтымақтастығын тереңдетіп, әлеуетін арттыру үшін маңызды серпін береді. Әйтсе де, қатысушылар санының артуы келісімге келу мен шешім қабылдауды қиындатады деген пікір айтылуда. Мұндай қауіптің объективті сипатқа ие екенін ескеруіміз қажет», деді Е.Салтыбаев.
Өз кезегінде ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Айзада Субақожаева қазіргі таңда «Үлкен еуразиялық сегіздік» форматындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бірінші саммитіне жан-жақты дайындық жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Әрбір саммитте ұйымның даму тарихының жаңа тараулары жазылып, жаңа міндеттер қойылады. Алдағы саммит жұмысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары ұйымды жаңа форматта одан әрі дамытудың міндеттерін, халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді қарастырады», деді ол.
А.Субақожаеваның сөзіне қарағанда, маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін саммит өңір мен әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға, ұйым аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге айрықша үлес қосады.
Форум жұмысы барысында сарапшылар ұйымның қазіргі кездегі жағдайын бағамдап, алда кездесуі ықтимал сын-тегеуріндер мен даму қарқынын талқылады. Сондай-ақ ШЫҰ-ның геосаяси маңыздылығы мен рөлі, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттыру, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және туризм саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері сөз болды. Отырысқа қатысушылардың барлығы жиынның өзара сенімге негізделгенін айта келе, ынтымақтастықты дамытуға, күн тәртібіндегі ең маңызды проблемаларды бірлесе шешуге уағдаласты.
Жалпы, ШЫҰ форумы 2006 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Жиын ұйым саммиті қарсаңында ұйымдастырылатын маңызды шаралардың бірі саналады. Биылғы форум жұмысына Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь және Орталық Азия мемлекеттерінен келген делегаттар қатысты.
Іс-шара бүгін де жалғасады. Форум қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылмақ. Сонымен қатар Әлемдік экономика және саясат институты мен ШЫҰ елдерінің жетекші сараптамалық орталықтармен ынтымақтастық туралы меморандум бекітіледі деп жоспарланған.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»