Аймақтар • 05 Мамыр, 2018

Қостанайда қазақ күресінен «Өнер барысы» қайырымдылық турнирі өтті

48 реткөрсетілді

«Өнер барысы» турнирін өткізуге  өнердің айналасында жүрген жастардың өзі бастама көтерген болатын. Әсіресе, облыстық қазақ драма театрының Төленді Әлқожин бастаған  жас актерлері белсенділік танытты. Олардың бастамасын облыстық Мәдениет, Спорт  басқармалары және «Дерек» қоғамдық қоры қолдап, турнир ұйымдастырылды.

Өнердегі жастар  «Өнер барысы» турнирін облыстық «Костанайские новости» газетінің «Жизнь на ладони» жобасымен бірігіп,  қайырымдылық шарасына айналдырды. Турнирден түскен қаржы   Жангелдин ауданындағы Ақерке Жексенбай атты 8 жасар қызға заманауи есту аппаратын сатып алуға жұмсалады.

Турнирге облыс өңіріндегі 20-40 жас аралығындағы әнші, күйші, жыршы, мәдениет қызметкерлері және асаба болып жүрген 32 өнерпаз  жігіт қатысты. Сонымен, бозкілемге шыққан әуесқой балуандар  түрлі салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты.   Турнирді нағыз бүгінгінің сал-серілері арасында өткен дода болды десек те жарастындай.

Екі топқа бөлініп белдескен балуандар арасында 65 келіден жоғары салмақта Талғат Әлқожа  бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қалыбек Әли еншіледі. Үшінші орынға Дастан Беков жайғасты. Ал ауыр салмақта белдескен топ арасынан Ерлан Қасымов суырылып алға шығып, «Өнер барысы» белдігін жеңіп алды. Еркебұлан Құрметов тиісінше екінші орынды еншілесе, Бағдат Нұрмұхамбетов жүлде көмбесінің үшінші сатысына көтерілді. 

«Рухани жаңғыру» дегеніміз  ескерткіш орнату, иә болмаса ағаш егу емес, ол сананың жаңғыруы. Бүгінгі турнир осындай мақсатта ұйымдастырылғанын айта кету керек. Жобаны қолға алған Төленді Әлқожин тәрізді азаматтар арамызда көп болғай. Сонда ғана, ұлттық өнер, ұлттық спорт дамитын болады» деді турнирдің салтанатты марапаттау рәсімінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Айтпақшы, «Өнер барысын» қолдауға Алматыдан Серікболсын Кішкенбаев пен Ернар Садырбай тәрізді жас эстрада жұлдыздары келіп, жанкүйерлер алдында өнер көрсетті. Осылайша, олар да кішкентай Ақеркені қолдауға шама-шарықтарынша өз үлестерін қосты.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар