Парламент • 05 Мамыр, 2018

Сенаторлар ауылдық округтер бюджеті туралы мәселелерді талқылады

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Ақмола облысындағы Целиноград ауданында болып, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтер бюджетінің енгізілуі, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау мәселелерін талқылады.

Сенаторлар ауылдық округтер бюджеті туралы мәселелерді талқылады

Депутаттар Максимовка ауылында «Family Farm» ЖШС сүт зауытының жұмысымен танысты. Парламентшілер әкімдік ғимаратында жергілікті жұртшылықпен кездесті. Целиноград аудандық экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі Алмира Ибраева сенаторларға аудандағы ауылдық округтерге мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейі қалай енгізіліп жатқаны туралы айтып берді. Аумақтардың дербестігін арттыруға арналған бұл шара Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көзделген болатын.

А. Ибраева айтқандай, Целиноград ауданында биылғы жылы тұрғындар саны 2 мыңнан асатын елді мекендер бюджеттің төртінші деңгейіне өтті. Бұл ретте ауылдық округтер әкімдерінің аппаратының жұмысы көбейе түсті, осыған байланысты баяндамашы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының штаттық санын ұлғайту туралы мәселе қойды. Одан басқа, оның сөзінде жолдарға күрделі жөндеу жүргізу, Максимовка ауылына су құбырын, мәдениет үйі мен монша құрылысын салу қажеттігі атап өтілді.

Сенаторлар сапары Родина ауылында одан әрі жалғасты. Онда депутаттар астық терминалын, мал шаруашылығы кешені мен сүт зауытының жұмысымен танысты. «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэр парламентшілерге өндірістің көрсеткіштері туралы әңгімеледі. Депутаттар жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен, шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшыларымен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы кеңес өткізді.