Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

ШҚО-да майдангерлерге 500 мың теңге тапсырылды

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда жылдағы дәстүр бойынша биыл да Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 500 мың теңгеден тапсырылып жатыр. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір өңірде қан майданды көзімен көрген 240 қария тұрады.

ШҚО-да майдангерлерге 500 мың теңге тапсырылды

9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласы, Зырян мен Глубокое аудандарында тұратын бірнеше соғыс ардагерінің үйіне арнайы барып, мейраммен құттықтап, жарты миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Ұлан ауданының тумасы, бүгінде облыс орталығында бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқан Қабатай Қалдыбаев ақсақал 5 мамырда 100 жасқа толды. Қара және Азов теңіздері жағалауларын жаудан қорғап, Солтүстік-Кавказ майданында шайқасып, зейнеткерлікке шыққанға дейін Белогор тау-кен байыту комбинатында өрт сөндіруші болып еңбек еткен қарияны аймақ басшысы ғасырлық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. «Әр ардагер мен тыл еңбеккері – халқымыздың қазынасы, ұлттық мақтанышы. Ұрпақ болашағы жолында танытқан қайсарлықтарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Мұндай құрметке бүгінде ТМД-ның бірде-бір елінің ардагерлері ие болып отырған жоқ деп сеніммен айта аламын. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың жемісі. Біз сіздерді қашан да мақтан тұтамыз», – деді облыс әкімі.

Облыс әкімдігі тарапынан беріліп жатқан 500 мың теңге майдангерлердің есепшотына аударылып та қойыпты. Бір қызығы, облыс әкімі Зырян ауданындағы бір ардагерге сертификат тапсыра отырып: «ақсақал, ақшаңызды аудардық. Білесіз бе?» деп сұрағанда басын шайқапты. Сірә, балалары ақшаның түскенін айтпаған секілді. Содан да болар Д.Ахметов өзі құттықтаған әрбір ардагерге осы сұрағын қойып, көзін жеткізгендей болды. Мәселе – ақшада емес қой. Бүгінде 90-нан асып, 100-ге жуықтаған қариялар ақшаға емес, ең әуелі жылы қабақ пен ашық пейілге зәру екені анық.          

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы