ИЫҰ СІМ Кеңесінің қазіргі сессиясының тақырыбы «Тұрақты бейбітшілік, ниеттестілік және даму үшін ислам құндылықтарын насихаттау» деп белгіленді. Іс-шараның күн тәртібі дәстүрлі түрде қауіпсіздік және оның одан әрі даму келешегі тұрғысынан ислам әлемі үшін өзекті болып табылатын мәселелердің кең ауқымын қамтиды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Бангладеш және Мьянма шекара маңы аймағынан рохинджа халқының жаппай көшу нәтижесінде туындаған ауқымды гуманитарлық дағдарыс. Қ. Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстан рохинджа халқын қорғаудағы ұжымдық ерік-жігер мен жауапкершілікті толық ұстанатынын атап өтті. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстан Үкіметі Бангладештегі Рохинджа босқындарына 500 мың доллар көлеміндегі гуманитарлық көмек көрсетіп, олар орналасқан жерлеріне жеткізілді.
Сессияның басты тақырыбына тоқталсақ, Министр мұсылман елдерінің арасындағы қатынастарда шыдамдылықты нығайтудың және мемлекетаралық диалогқа дайындықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан 2016 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоган ұсынған ислам татуластығы бастамасына басты назар аударады. Қарардың тиісті тұжырымдамалары СІМ Кеңесінің қарауына ұсынылды және кездесудің екінші күнінде қабылданады деп күтіледі.
Баяндамада БҰҰ қамқорлығындағы Женева келіссөздерін толықтай қолдайтын және төрт деэскалация аумағында зорлықтың айтарлықтай төмендеуі, атыстың тоқтатуы, бейбіт өмірге оралу бойынша практикалық нәтижегі қол жеткізген жалғыз алаң ретінде өзін көрсеткен Сирия бойынша Астаналық процессіне ерекше көңіл бөлінді.
«Қазақстанның ислам әлемінің гүлденген болашағына деген сенімі өткен жылдың қыркүйегінде Астанада ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін өткізу туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ұсынысының пайдасына түскен басты дәлел болды. ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылығына осы тарихи кездесуге қатысқаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін », - деп атап өтті Қ.Әбдірахманов.
Қазақстандық министр Астанадағы Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша исламдық ұйым хатшылығының жұмысы іске қосылғаны туралы хабарлады.
Бұған осы ұйымның он мүше мемлекеті ратификациялаған АҚИҰ Жарғысының 2018 жылдың ақпан айында толық заңды күшіне енуі ықпал етті. Бұдан басқа, Қазақстан «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АҚИҰ арасындағы АҚИҰ штаб-пәтері туралы» келісімді ратификациялады.
Сонымен қатар, жаңа ұйымның жұмысы сапалы азық-түлік тапшылығы мәселесін шешу үшін мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін талап етеді. Бұған Ислам инфрақұрылымдық интеграциясы бойынша қазақстандық бастамасының тиімді іске асыруы ықпал ету керек. Оның негізгі мақсаты Ислам даму банкінің Орталық Азия, Африка, сондай-ақ Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша арнайы үш даму бағдарламасын байланыстыра отырып, ИЫҰ кеңістігінде әрекет ететін көліктік-логистикалық жүйелерді барынша біріктіру болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен ҚХР-дың «Белбеу мен жол» жобасының іске асыруы жаңа серпін табады.
Дакка қаласында өтіп жатқан ИЫҰ СІМКеңесі екінші күнінде Декларация және Ұйымның күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша шешімдер топтамасы, сондай-ақ кадрлық мәселелер бойынша шешімдер қабылданады деп күтілуде.
2011 жылға дейін «Ислам Конференциясы Ұйымы» деп атанған Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) 1969 жылы құрылды. Өзінің қазіргі атауын 2011 жылдың 28-30 маусымында Астанада өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясының шешіміне сәйкес алды. Қазақстан 1995 жылы Ұйымның толыққанды мүшесі болды. Қазіргі уақытта 56 мемлекет ИЫҰ-ға мүше болып табылады, ал 5 ел және 5 халықаралық ұйым байқаушы мәртебесіне иеленген.