Қазақстан • 05 Мамыр, 2018

Әсет Исекешев: «Жаннұр» СҮ маңындағы оқиғаның себепкерлері жазасын алады

678 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда әкімі Әсет Исекешев «Жаннұр» СҮ алаңында орнатылған батутта ойнап, зардап шеккен балалардың хал-жағдайын білу мақсатында қалалық №2 балалар ауруханасына барды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

 Әсет Исекешев: «Жаннұр» СҮ маңындағы оқиғаның себепкерлері жазасын алады

Балалардың ата-аналарымен әңгімелесу барысында Әсет Исекешев қала билігі, ІІД мен ТЖД-нің оқиғаны өз бақылауына алғандығын алға тартты.

Ол сондай-ақ, кінәлілердің жазаға тартылатындығын да айтты.

Естеріңізге салайық, оқыс оқиға кеше, 4 мамырда сауда үйі маңында болды. Үстінде балалар ойнап жатқан батут желмен ұшып кеткен болатын. 5 бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.

Астана қаласы әкімдігінің сұрауы бойынша балаларды үздік мамандар («Нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ төрағасы Серік Ақшұлақов пен Травмотология және ортопедия ҒЗИ-ның директоры Нұрлан Батпенов), сондай-ақ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының дәрігерлері қарауда.

Елорда полицейлері ҚР ҚК 306-бабының 2 тармағына (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету) сәйкес сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.

Айта кетейік, 2018 жылдың 3 мамырында төтенше жағдайлар департаменті желдің күшейетіндігі туралы хабарландыруды таратқан болатын.

Батут орнатылған алаң жоғарыда аталған сауда үйіне тиесілі.

Елорда әкімдігі қаланың сауда және ойын-сауық орталықтарының алаңына аттракциондарды орнатуға рұқсаттама бермейді.

Кәсіпкерлік субъектілері шаруашылықты жүргізетін екі субъектінің арасындағы жалға алу жөніндегі келісім-шарттың негізінде ғана батуттарды СОСО және сауда орталықтарының алаңдарында орналастырады.

Бұл тұста заңды тұлға, яғни сауда орталығы иесінің жарғысымен нысан жанындағы алаңды жалға беру тетігі де қарастырылуы қажет.

Еске салсақ, қазіргі таңда бизнес қызметіне араласу шектеліп отыр. Дегенмен, кәсіпкерлік субъектілері (СОСО, қоғамдық тамақтану орындары және т.б) келушілерге ыңғайлы болу үшін оларды қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге барынша назар аударуы тиіс.

Қала әкімдігі ата-аналарды қырағылық танытып, құтқарушылардың таратқан хабарламасын назарға алуға, қатты жел кезінде балаларды далаға шығармауға шақырады