Қатары кеміген қарт майдангерлермен кездеесі дәстүрлі түрде, жыл майын өтіп келеді. Биылғы кездесу соғыстағы Жеңіске арналған деректі фильм көрсетуден басталды. Ал ардагерлерді құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің бүгінгі бейбіт өмірге жету жолындағы үлкен үлесін ерекше атап өтті.
- Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңыз бен тұрмыстарыңызға қамқорлық көрсету – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өңір басшыларының алдына қойған міндеттерінің бірі. Денсаулықтарыңыз күтімде, ғұмырларыңыз игілікті болуы үшін, аман-есен ортамызда жүріп, елдің өсіп-өркендегеніне куә болуларыңыз үшін біз барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Еліміздің бүгінгідей жетістіктерге жетуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сырттай бақылап, қажет жерінде ақыл қосып, үнемі қолдап отырасыздар, сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық тілеймін, 100 жаспен шектелмей одан да ұзақ ғұмыр кешіңіздер, - деді аймақ басшысы.
Сөз кезегін алған ардагерлер де ағынан жарылып, азаматарға ақ батасын берді. Қазір Жетісу жерінде көзі тірі 138 соғыс ардагері тұрады екен. 12 мыңға жуық тыл еңбеккері тағы бар. Жеңіс күніне орай облыстық бюджеттен әрбір соғыс ардагеріне 150 мың теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетелді.
Соғыс ардагері Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақал облыс тарапынан майдангерлерге көрсетіліп отырған қолдау мен көмекке дән риза. Талдықорған қаласында тұратын Сәрсенбай қария І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін» медалі және басқа да наградалармен мадақталған. Ардагер бейбіт өмірдегі еселі еңбегі үшін де бірқатар марапаттарға ие болған.
Жетісудың тағы бір ержүрек ардагері, 96 жастағы Әбіш Ошақбайұлының тілегі ел үстінде. Отанымыздың әлемге танылып, бейбіт тірлік кешуі қазақ халқының бірліксүйгіш мінезі мен Елбасының салиқалы басқарауының жемісі деп санайды. Ардагер осы тірліктің іргесі бұзылмасын деп тілейді. Өзі майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Майдандағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Айтпақшы, биыл облыс тарапынан ардагерлерге және еңбеккерлердің шипажайларда тегін емделуіне жағдай жасалып, ол үшін 187,5 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Мұнан бөлек екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен майдан мүгедектерін қосалқы және көмекші құралдармен қамту үшін бюджеттен 2 млрд 830 млн теңге, ал коммуналдық қызметтерге 16 млн теңге қаржы тағы қарастырылған. Қысқасы Алматы облысында қатары сиреген қарттарға жасалатын қамқорлық легі толастамайтын болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.