Кино • 06 Мамыр, 2018

Халықаралық Канн кинофестивалінде «Қазақстанның ұлттық павильоны» ашылады

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамыр айының 8-19 аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 71 Халықаралық Канн кинофестивалінде отандық киноиндустрия өнімдері ұсынылатын «Қазақстанның ұлттық павильоны» өз жұмысын бастайды. Аталған іс-шаралар Қазақ ұлттық өнер университеті мен Астананың 20-жылдығына орай жасалғалы отыр, деп хабарлайды Мəдениет жəне спорт министрлігің баспасөз қызметі.

 

Халықаралық Канн кинофестивалінде «Қазақстанның ұлттық павильоны» ашылады

Мəдениет жəне спорт министрлігің баспасөз қызметінен хабарлағандай, павильонда Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің тұсаукесері өтеді. Атап айтқанда, «Еуразия» кинофестивалінің әкімшілік басқару тобын, бағдарламасын, қазылар алқасы мүшелерін таныстыру, Еуразиялық киножобалардың нарығын өткізу, отандық фильмдерді тарату бойынша дистрибьютерлік компаниялармен кездесу, Қазақстан киномектептерін таныстыру, «Еуразия» ХКФ картиналарды іріктеу, ҚР кинематографистерінің қатысуымен пресс-брифингтерді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілмек.

«Оңтүстік-шығыс Жерорта теңізі жағалауында өтетін беделді кинофорумдағы Қазақстанның павильоны биыл екінші рет ашылмақ. Бұл жылы Қазақстанның жас әрі талантты режиссерлерінің көптеген фильмі бірнеше конкурстық бағдарламаларға қатысып отыр. Биыл Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасында еліміздің атынан Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» фильмі, Жаннат Алшанованың «Конец сезона» фильмі Синефондасьон бағдарламасында, ACID бағдарламасында Ольга Коротьконың «Так себе зима» фильмі қатысады. Сондай-ақ, режиссерлері Венера Қайыржанова мен Берік Жахановтың қысқаметражды «Тығылмақ» және «Асан» фильмдері Marchedufilm кинорыногы аясындағы «ShortFilmCorner» («Қысқаметражды фильмдердің бұрышында») көрсетілетін болады», - делінген хабарламада.

Делегация құрамында мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, шығармашылық интеллегенция, Қазақстан киносы мен телевизиясының белді азаматтары және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері бар. 2018 жылдың 8 мамыр күні «Hôtel Barrière Le Majestic Cannes» қонақүйінде ұлттық павильонның ашылуына орай «Канндағы қазақ кеші» атты ресми жиын өтеді. Бұл айтулы кешке Мемлекеттік «Солистер академиясы» оркестрінің сүйемелдеуімен ҚР Халық артисі Айман Мұсақожаева мен еліміздің танымал әншісі Димаш Құдайберген және басқа да әншілер өнер көрсетеді.

«Қазақстанның ұлттық павильоны» Канн Халықаралық кинофестивалі аяқталғанға дейін өз жұмысын атқарып, шетелдік кинокомпаниялармен бірлесіп кино өндіруге қажетті серіктестерді тартумен айналысатын болады. «Қазақстанның ұлттық павильоны» ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Франциядағы Елшілігінің қолдауымен ашылады.