Аймақтар • 06 Мамыр, 2018

Қостанай облысында 3 күннің ішінде 30 мал ұрлығы ашылды

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәуір айының 23-25-і аралығында өткен «Скотокрад» республикалық жедел-профилактикалық шарасы  кезінде облыста 30 мал ұрлығы оқиғасы тіркелді. Оның ішінде бұрын орын алғаны да, бұрнағы жылдары ұрлық та, жақында ұрлағаны да бар. Облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлері өткізген  жедел профилактикалық шара кезінде мал ұрлығымен айналысқан топты ұстады. Олардың  келтірген зияны 5 миллион теңгеден асады.  

Қостанай облысында 3 күннің ішінде 30 мал ұрлығы ашылды

Аманкелді ауданындағы жергілікті полицияның учаскелік инспекторы тоқтатқан «Фольксваген» жеңіл машинасының багажынан жаңа сойылған сиырдың еті шыққан. Машина иесінің ол етті қайдан алғаны туралы құжаттары болмаған. Машина айдап келе жатқан 36 жастағы жігіттің жайылымдағы сиырды сойып әкеле жатқаны белгілі болды. Сиыр жергілікті 53 жастағы тұрғынның малы екендігін де полицейлер анықтады. ҚР ҚК «Ұрлық» 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер Әулиекөлден 14 мал ұрлығын тіркеді. Барымташылар ірі қара ұрлауды Меңдіғара, Қостанай, Денисов, Федоров аудандарында да «өрістеткен». Ұсталғандардың түсіндіруінше, барымташылар бір ауылға келеді де, көлігін ауылдың сыртына тастап, өздері жұрттың сарайын бақылайды. Қорадағы сиырды ауылдың сыртына айдап шығады да, сойып, жіліктеп алып кетеді. Олар оны Қостанайға әкеліп, келісім бойынша ет сататын дүкендерге өткізеді. Төмен бағамен өткізеді де, ақшасын қолма-қол алады.

Жедел-профилактикалық шара кезінде ұсталған топтағы барымташылардың барлығы да 1991 жылғы тепсе темір үзетін жігіттер. Екінші 6 адамнан тұратын қылмыстық топты полицейлер Федоров ауданынан ұстады. 21-27 жас аралығындағы жігіттер аудан өңірінде 13 рет ұрлық жасаған, соның екеуі мал ұрлығы, қалғаны үй мен дүкенді тонаған.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай