10 Мамыр, 2018

Астана іскерлік туризм орталығына айнала ма?

2249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Туризм – табыс көзі. Әлемде туризмді да­мыту арқылы ғана бюджеттерінің бүйі­­рін толтырып, сол түскен табыс­тың ар­қасында отырған мемлекеттер бар­шы­лық. Біздің еліміз де саланы дамы­ту­ға ден қойып, құдіретті табиғаттың өзі тарту еткен Жетісу, Көлсай, Шарын, Бу­­рабай, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жер­ұйықтарды туристік жұмаққа айна­лдыруға талпыныс жасағалы қашан.

Астана іскерлік туризм орталығына айнала ма?

Осы ретте соңғы жиырма жылда төрткүл дүние түгел назарын тігіп, жаһандық оқиғалар өткізудің орталығына айналған Астананың бәсі бөлек. Иә, ару Астананы іскерлік туризм орталығына айналдыру жөнінде алқалы жиындардың биік мінберлерінен аз айтылып жүрген жоқ. Осы орайда атқарылып жатқан кешенді шаралардың қарасы да біршама. 2017 жылдың соңында отандық және шетелдік тәжірибелі мамандардың күшімен жасалған «Астана қаласында туристік саланы дамытудың жол картасы» кешенді бағдарламасының тұсаукесері өткізілді. Аталмыш жол картасына сәйкес алдағы уақытта Астанадағы туристік саланы – іскерлік, қалалық демалыс түрлері және медициналық туризм бағыттарында дамытуға басымдық берілетін болады. Бас қаламызға туристерді барынша көп тарту мақсатында ғарыш музейі, ботаникалық бақ, жабық гүлзарлар, аквапарк­тер және басқа бұқаралық мәдени демалыс орындары ашылмақ. Сөйтіп 2020 жылы Астана қаласына келетін туристердің жалпы санын екі миллион адамға жеткізу, оның ішінде бір миллионнан астам шетелдік туристерді тарту көзделіп отыр.

Астананың іскерлік туризмді дамытуға қажетті әлеуеті зор. Оған адамзат ақыл-ойы­ның тамаша табыстарының бірінен саналатын бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшы­сының берген бағасы бойынша «соңғы жиыр­ма бес жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде үлкен табыспен өткізілуі айшықты дәлел болса керек. ЭКСПО-2017-нің туризм саласын дамытуға барынша ықпал ететін мол мұра қалдырғаны да даусыз. ЭКСПО-2017 көрмесінің бірегей нысаны – «Нұр Әлем» музей-павильоны. Сарапшылар Париждегі Эйфель мұнарасы, Лондондағы Хрусталь сарайы сияқты «Нұр Әлем» ғимараты ЭКСПО мұраларының әлемдік үлгілерінің қатарынан орын алады деген пікірді алға тартуда.

Дегенмен  Астана қаласының туристер тартуда екі миллиондық межені алуының ауылы алыс жатқан сияқты. Нақты статистикалық мәлімет бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесі 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елордадағы барлық қонақүйлер мен хостелдерде 800 мыңға жуық турист, оның ішінде 244 мың шетелдік турист тіркелген екен. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2016 жылы Астана қаласындағы барлық деңгейдегі қонақүйлерде 732 764 адам, оның ішінде 205 188 шетелдік қонақ тіркелсе, 2017 жылдың тоғыз айында 790 885 адам, оның ішінде 243 908 шетелдік қонақ болған. Көрмеге келген қонақтардың көпшілігі пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. «Саят» турис­тік фирмасының жетекшісі Инна Рейдің айтуын­ша, оның басты себебі Астанадағы қонақүй­лердегі жамбасақының шектен тыс қымбат­тауында болып отыр. «ЭКСПО-2017 көрмесі өтер қарсаңда елордадағы қонақүйлердің қожайындары бағаны 5-10 есе көтеріп жі­бер­ді. Көрме жұмысы басталған кезеңде қонақүйлерге келушілер қатары төмен екенін бай­қап, бағаны түсірген болды. Бірақ кеш қалған еді. Сайттарда, жарнамаларда алдын ала жарияланған бағаларды көріп, жұрт шошып кетті. Қонақүйлердің пайдаға құныққан қожа­йын­дарының ашкөздігінен әлемдік ЭКСПО көрмесіне қаншама турист келмей қал­ға­нын кім есептейтінін қайдам. Тек біздің туристік фирманың өзіндегі мәлімет бойынша, күні бұрын көрмеге келуге тілек білдірген туристердің 70 пайызға жуығы қонақүйлердегі жамбасақының шектен тыс қымбаттауына байланысты соңғы сәтте сапардан бас тартты», дейді туристік фирма басшысы.

Аймақтың іскерлік туризмінің орталығы­на айналуы үшін ең алдымен, жан-жақ­ты дамыған инфрақұрылым қажет. Ал бұл жа­ғы­нан Астана қаласы әлемдегі көш­бас­­­­шылардың бірі десек ақиқаттан алыста­маймыз. Туристер үшін тағы бір ауадай қажеттілік – аймақтағы тиімді жол қатынасы, оның ішінде қолжетімді әуе қатынасының болуы. Бұл ретте де Астананың мүмкіндігі мол. Бүгінде елорда төрткүл дүниенің төрт бұрышымен сенімді әуе қатынасын орнат­қан. Өкінішке қарай, мәселе тағы да бағаға келіп тіреледі. Мамандардың айтуын­ша, көптеген әуе компаниялары Астана әуежайының қызмет көрсету тарифтерінің өте жоғары болуына байланысты жолақыларын қымбаттатуға немесе бағыттарын қысқартуға мәжбүр. Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды, қызмет көрсетуші жекеменшік компаниялар болашақта бас қаламыздың іскерлік туризмінің орталығына айналуына мүдделі емес. Өйткені мемлекет күшімен жасалған қызмет көрсету құрылымдарына оңай жолмен ие болып алғандар қолда барда жедел байып қалуды ғана көздейді. Астана қаласында, жалпы еліміз бойынша туризм саласын дамытқымыз келсе, ең алдымен мемлекет мүддесіне басымдық берілуі керек. Ол үшін туристердің бірінші кезектегі сұранысы, қонақүйлердің, мейрамханалардың және әуе қатынасының тарифтерін реттеу керек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»