11 Мамыр, 2018

Осы біз қалай демалып жүрміз?

1585 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қатарынан келетін үш-төрт күндік демалысы бар мерекенің қарсаңы болатын. Ойда жоқта кездесіп шүйіркелесе кеткен бір танысымнан дағдылы әдетпен алда бірнеше күн демалыс келе жатыр, не бітірейін деп жатсың деп сұрай салдым. Шынын айтсам, оның не бітіретіні мені онша қызықтырып та тұрған жоқ, әншейін, әңгімені бірдеңеден бастау керек болған соң қойыла салған сұрақ болатын. Е-е, не істеуші едік. Демалысты пайдаланып ұйқыны бір қандырамыз да деп жауап қайтарды әлгі танысым. Немене, сонда төрт күн бойы ұйықтай бересің бе деп мен де қарап тұрмай қазбалай түстім. Бұл да енді әңгімені соза түсудің амалы. Жоға-а, деді жаңағы танысым, төрт күн бойы ұйықтап не көрініпті. Түске дейін ұйықтасақ та жетеді ғой. Түс ауа, уақыт болса, базар, дүкен аралап қайтатын шығармыз. Үйге керек-жарақтар алуымыз керек қой...

Осы біз қалай демалып жүрміз?

Осы бір тосыннан туындаған әңгіме күтпеген жерден менің өзімді де  ойлантып тастады. Қазір қаладағы кез келген үйдің алды автотұраққа айналған. Мұндай көрініс біз тұратын үйге де тән. Аула толған машина. Тіпті балалар ойнайтын да орын жоқ. Ойын тұрмақ, бірі келіп, бірі кетіп жатқан автокөліктердің арасынан әрі-бері өтудің өзі кейде өмірге қауіп төндіреді. Дегенмен, біз айтқалы отырған мәселе мүлде басқа. Мені ойландырған жайт подъездер алдында тұратын машиналардың көптігі емес, сол машиналардың демалыс күндері, яғни халықтың нағыз қыдыратын кездерінде қаққан қазықтай  тапжылмайтындығы. Оған бұрын онша көңіл бөлмеген екенмін, жаңағы танысымның «түске дейін ұйықтаймыз» деген сөзі біраз жайттан хабар беріп, санамды сергіткендей болды. Дәлірек айтқанда, аулада тұрған автокөліктердің түске дейін орын­дарынан қозғалмауының сырын енді түсіндім. Сөйтсек, біздің бауырлар күн тас төбеге көтерілгенше алаңсыз «қорылға басады» екен ғой.

Мен тағы ойландым. Соншалықты бір ойшыл, данышпан болғандықтан емес, әрине, керісінше, көп жайтты түсіне алмағандықтан, түсінуге ақылым жете қоймағандықтан. Мой­ын­дауымыз керек, демалысты бәріміз де дем­алуға, яғни ұйықтауға, одан кейін диванда шалқайып жатып теледидар қарауға берілген уақыт деп түсінеміз. Сондықтан көпшілігіміз солай жасаймыз да.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын еуропалық нәсілді бір жігіт менің көнеріңкіреген авто­кө­лігімді сатып алды. Ол алдыңғы және артқы доңғалақтары қатар «жетелейтін» «кроссовер» машина болатын. Сонда жаңағы жігіт біз жолдастарымызбен демалыс күндері балық аулауға шығамыз, мынадай көлік сол үшін керек деп еді. Ол кезде мен  сауданың сабылысымен жүріп жаңағының айтқандарына онша мән бере қоймаппын. Бұл сөз жоғарыда әңгімелескен танысымның «түске дейін ұйық­таймыз» дегенінен кейін ғана барып есіме түсті.

Расында да, біз осы қалай демаламыз? Жалпы, демалыс дегенді қалай түсінеміз? Демалыс деген ұйықтау, теледидар қарау, одан қалды дүкен аралау ма? «Дүкен аралау» деген сөз бұл ретте тегіннен-тегін айтылып отырған жоқ. Аптаға жететін азық-түлік, басқа да тұрмысқа қажетті дүниелер алу керек болған соң демалыс күндері бәріміздің де дүкенге бір соғып кететініміз шындық. Сонда не байқайсыз дейсіздер ғой? Айтайын. Қай сауда орталығына барсаң да көретінің қаптаған қазақтың қыздары мен жігіттері. Және олардың көпшілігінің біз сияқты азық-түлік алуға келмегені бірден байқалады. Біріншіден, ұстаған сөмкелері жоқ, екі қолдары қалталарында. Екіншіден, қандай да бір зат сатып алу ойларына да кіріп-шықпайды, әншейін серуендеп уақыт өткізуге келгендері көрініп-ақ тұр. Айта берсең, дүкенде жүретіндердің дені 20-ның о жақ, бұ жағындағы жастар, араларында мектеп оқушылары да аз емес, олар дорбалап азық-түлік тасиды дегенге кім сенер?! Осыдан-ақ олардың бос уақыт туа қалса сауда орындарын жағалайтынын, демалудың одан әлдеқайда пайдалырақ түрлері бар екенін түсіне бермейтінін аңғаруға болады. Құй сен, құй сенбе, біздегі жағдайдың ақиқаты осы. 

Таяуда бір кісі кітапханаларға бара қалсаң өңкей өзге ұлттардың өкілдерін көресің, біздің қазақ жастарын мүлде кездестірмейсің деп жазып еді бір мақаласында. Жарайды, демалыс, мереке күндері кітапханаға бармай-ақ қойсын делік. Бірақ мәдениетті түрде демалғысы келген адам үшін оның өзге түрлері жетерлік емес пе?! Айталық, еуро­па­лық нәсілді жігіт айтқандай, балық аулаға неге бармасқа? Бала-шағаңмен табиғат аясына да шығуға болады. Бүгінде автокөлігі жоқ адам сирек. Демек, барам деген жерге баруға еш кедергі жоқ. Оның сыртында театрлар мен концерт залдары тұр есіктерін айқара ашып. 

«Дұрыс демала білу – өркениеттіліктің ең жоғарғы сатысы» деген екен ағылшын философы Бертран Рассел. Менің пайымдауымша, өте орынды айтылған сөз.

Қаланың у-шуынан бір ауық алыстап, таза ауада демалу денсаулық үшін де пайдалы екенін баршамыз да білеміз. Біле тұра жаппай үйкүшіктікке салынып алған сияқтымыз, алысқа аттап басуға қанға біткен керенаулық пен бойға біткен бойкүйездік жібермейді. Керек десеңіз, өзен жағалап балық аулау дем­алыстың бір түрі ғана емес, сонымен бірге отбасыңа тегін тамақ тауып берудің де бір жолы. Бірақ оның бәрін ескеріп, елейтін біз бе?!

Өзге жұртты білмеймін, біздің қазақ бау­ыр­­лардың көпшілігінің демалыстары мен ме­рекелерін базарлар мен дүкендерді аралаумен өткізіп жатқаны айдан анық. Онда да ұйқылары қанғаннан кейін.

Ал сіз ше?..

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»