90 жыл – бір адамның ғұмыры үшін аз емес, бір басылым үшін көп емес. Сонау 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында алғашқы нөмірі «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген «Ақиқат» журналы кемел жасқа келді. Бұл күндері аталған басылым өткен-кеткенін түгендеп, 90 жылдық торқалы тойын атап өтуде.
«Ақиқат» журналының мерейтойына арналған халықаралық конференция ұлттық журналистиканың ұстаханасы іспетті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Уақыттың сан қырлы тезінен сүрінбей өткен абыз жастағы басылымның белестік басқосуына журналдың әр кезеңдегі бас редакторлары, авторлары мен журналистика факультетінің студенттері қатысты.
Дәл осында қарбалас күндерде алаш арыстарының арманын жалғастырған журнал мерейтойына арнайы келіп қатысуға мүмкіндігі болмағанымен, мүдделес тұлғалары жеткілікті болды. «Ақиқаттың» 90 жылдығына арналған мерекелік нөмірінде жүрекжарды лебіздер нөпірі көп-ақ. Халықаралық жиын барысында салиқалы құттықтаулар жеделхаттармен, электронды поштамен де келіп жатты. Оның бір парасын «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин оқып берді. Журналдан қол үзіп қалған кейбір оқырманға түсінікті болу үшін «Ақиқат» журналы бұл күнде «Қазақ газеттері» ЖШС-іне қарайтындығын айта кету керек.
Өзіндік үні бар басылымға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің жолдаған құттықтауында: «Еліміз егемендік алған сәттен жұртшылыққа «Ақиқат» деген атпен етене таныс басылымның тарихы тым тереңде жатыр. Сондықтан да, ғұмырында ел мүддесі мен ұлт мұратына қызмет еткен абыз басылымның мерейлі тойы баршамызға ортақ. Өзінің 90 жылдық тарихында ақиқаттың ақ жолын ұран еткен «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы тұтас бір дәуірдің шежіресіне, қазақ баспасөзінің іргелі ордасына айналды. Бұл орайда журналдың негізін қалаған Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов сынды мемлекет қайраткерлерінің, қарашаңырақта қолтаңбалары қалған ұлт зиялыларының, бірнеше буын қазақ журналистерінің, солардың ізгі дәстүрін үзбей жалғастырып келе жатқан сіздердің кәсіби ұжымдарыңыздың еңбегі орасан» делінген.
– 90 жыл баспасөзі кенжелеу дамыған қазақ қоғамы үшін айтарлықтай көп уақыт. Сондықтан біз «Ақиқаттың» келбетінен абыз ақсақалдың айбынын көргендей боламыз», деп «Ақиқаттың» бүгінгі тынысын айқындап, қолтаңбасын қалыптастырып отырған қабырғалы қаламгерлерге шынайы тілегін білдірген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзіне қалың журналист қауымының қосып-алары болмаса керек.
Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев 90 жыл ішінде бұл киелі басылым Қазақстан деп аталатын тәуелсіз еліміздің даму, өсу, қалыптасу, кемелдену, егемендік алу кезеңдерінің жылнамасы бола білгендігін алға тартады. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов басылымның мәнді де мазмұнды болуына қызмет еткен Сұлтан Сегізбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов сынды журналистиканың қара нарларын тілге тиек етіпті.
Осылайша, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында еліміздің рухани құндылықтары да тарихи мәнге ие арнаулы даталармен сәйкес келіп отыр.
«Егемен Қазақстан» сияқты іргелі басылымның өзімен өкшелес келе жатқан «Ақиқат» журналына арнаған сөзі төмендегідей. «...Әуел баста «саясат, білім, шаруашылық һәм әдебиет» органы ретінде, яғни әмбебап журнал ретінде жарық көрген «Қызыл Қазақстаннан» арна тартатын бұл басылымның отандық журналистикада алар орны айрықша. «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген сияқты қып-қызыл атаулармен шығып тұрған жылдарда да оның беттерінде заман, қоғам, адам жайындағы тағылымды талдауға толы терең толғаныстар талай жарияланды. Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында «Ақиқат» атанғалы бері бұл басылымның тың тынысы ашылып, мемлекетшіл ойдың еркін мінберіне айналды. Журналдың қазақ тілінің саяси лексиконын ұштауға, ғылыми терминологияны қалыптастыруға қосып келе жатқан үлесі үлкен», дейді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов.
Журналда жарияланған лебіздер үзінділерін қайталап отырғанымыздың да өзіндік жөні бар. Осы арқылы бұл күнде тиражы 170 мыңға жетіп жығылатын аға газет – «Егемен Қазақстан» арқылы «Ақиқаттың» мерейтойының ауқымын кеңейтіп, салмағын арттыруды көздеп отырған ізгі ниетіміз бар.
Тарихи кезеңдердің таразысы бола білген журналға ақ тілектер мұнымен де толастамайды. Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындары да «Ақиқаттың» 90 жылдығына ортақтасып отыр.
Ұлы тұлғалары сара жолын салып берген «Ақиқат» журналының «Мәдени мұра», «Орны бөлек ағалар», «Жас ғалым мінбері», «Білгенге – маржан», т.б. айдарларының бүгінгі оқырманға берері көп. Жасампаз ғалымдардың материалдары жас мамандарға арнайы бағыт-бағдар, сілтеме ретінде ізашар болып келе жатқаны қуантады. Бұл журналдың дәл қазіргі еліміз ұстанып отырған индустриялық-инновациялық бағытында өзіндік орнын айғақтаса керек. Сондай-ақ, басылымның әрбір айдарындағы талдамалық мақалалар ғылыми-сараптамалық құнды деректерден тұрады. Ондағы көптеген қаламгерлердің түрлі жанрдағы жазбалары оқырманның тәлім-тәрбиелік мәнін арттыра түсері анық.
«Ғылыми-танымдық журналистиканы дамытуда «Ақиқат» журналы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ондағы жарық көрген әрбір жарияланымның журналистика факультетінің студенттері үшін тағылымдық мәні зор деп білемін», дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Өзінің алғашқы қадамымен халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғамдық-саяси ойдың қалыптасуына ерекше әсерін тигізген – «Ақиқат» журналының тарихымыз үшін атқарған қызметі шексіз, дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Осы құттықтау лебіздермен-ақ «Ақиқат» журналының қазақ журналистикасындағы орнын әрі қарай шегендей беруге болады. Ұлттың тағдырына барынша игі шарапатын тизізуге ұмтылған байырғы басылымның мерейтойына жолданған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жолдаған құттықтау аманаттарын Жұмабек Кенжалин оқып берді.
Айтқандай, «Ақиқат» журналының шежірелі оқиғасына Польшадағы Н.Коперник университетінің профессоры Ивона Массака ханым да ортақтасып:
– Осы 20 жыл ішінде Қазақстанға келіп-кетіп жүрген поляктар аз емес. Ресейде де жиі боламыз. Алайда, Қазақстан көз алдымызда көркейіп келеді. Мен Польшаға қашан қайтатынымды қазірге білмеймін. Бірақ, сіздердің елдеріңіз жайлы көрген-білгенімді өз жерлестеріме сөзсіз айтып баратын боламын, – дейді.
Халықаралық конференцияда Ұлттық университетке келіп дәріс беріп жүрген басқа да шетелдік оқытушыларды көріп қалдық. Ал халықаралық студенттер арасында өткен конференцияның салмағын басылымның байырғы авторлары мен кешегі және бүгінгі басшылары арттырды. Жас та болса журналдың ендігі тізгініне ие болып, ұжымды ұйытып отырған Мұхитдин Салқынбаев журналдың тарихын тұшымды тілмен тізбектеп берді. Бас редактордың «Аңыздан – «Ақиқатқа» аталатын баяндамасы студенттер үшін күнде туа бермейтін мүмкіндік десе де болады. Академиялық лекцияға бергісіз шежірелі баяндама талай шындықтың шетін тарқатып, кеңінен ақпар берді.
...Күнделікті болып жатқан оқиғаларды күнінде, аптасында, айында тасқа басып, мәңгілікке айналдыратын газет-журналдар еді. Ал ол қоғамда әрі күрделі, әрі абыройлы мұндай мерзімді басылымдардың жұмыс істеуі аңыз болатын. Себебі, қазақ даласында мұғалімдік те болды, шипагерлер де болды, тәржімеші-тілмаштар да болды. Ал журналист мамандар болмады. Олар тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Сондықтан да халықтың көзі һәм тілі болған газет-журнал сияқты ақпарат құралдары туралы түсінік ол кезде аңыз болған деп айтуға негіз бар деп ойлаймыз, деді Мұхитдин Салқынбаев.
Ақиқатында солай болғанын қазақ журналистикасының соқпағын салған алдыңғы буын ағалар анық біледі. Бас редактор журналдың бүгінгі тынысы мен ұстанымы, жарияланып жатқан ұсынықты мақалаларды да айналып өткен жоқ.
– Міне, оқырман қауым, ата-бабамызға бір кезде аңыз болған ұлттық басылымды көруге Алла олардың ұрпағына нәсіп етіпті. Бір кездегі аңыздың ақиқатқа айналғаны осы да, – деп аяқталатын әңгіменің толық мазмұнында талай тарих жатыр.
Ендігі «Ақиқатқа» артылар міндет қандай? Қалай десек те, қазақ журналистикасында тарихы терең, мазмұны бай, ниеті түзу басылымдар көп емес. Сондықтан да кезегімен сөз алған аузы дуалы ағалардың залда отырған келешектің журналистикасына тапсырмасын кешегілерден жұққан аманат деп те қабылдауға болар еді. Ақын Темірхан Медетбектің зал толы болашақ қаламгерлерге, журналдың бүгінгі шығармашылық ұжымына қаратып айтқан:
– Сөз тозбайды! Айтылған сөзге реставрация да жасалмайды. Ең ұлы ескерткіш – сөз. Сіздер сөзден ескерткіш соғып жатырсыздар, – деп әңгіме бастап, арқалы жырымен аяқтағаны да әсерлі сәттің бірі болды.
Айтқандай, журналдың 90 жылдығына арналған мерекелік нөмірінде академик Манаш Қозыбаевтың «Басылым аты бес рет өзгерген. Неге?» деген мақаласы жүр. Бұл да қызықты.
Ал 1998-2000 жылдардағы Бас редакторы Ахат Жақсыбаев «Сараптау сипатындағы материалдарға орын берілді» десе, 2001-2003 жылдардағы Бас редакторы Нұрмахан Оразбек «Қаламы жүйрік, айтары мол адамдардың алқа мүшесі болуын қаладым» деген мақаласын ұсыныпты. Мұны тізіп отырғанымыз, газеттің тарихын бұл кісілерден асырып айту да, жазу да мүмкін емес.
Студенттер алдында сөз алған Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбек сынды журналистика саңлақтары тағылымды сөздермен әңгімелерін қысқа қайырды. Ақиқат дейтін салмағы зілмауыр ұғым деп әріден сөз бастаған «Қаламгер-медиа» орталығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан қандай кезең болса да қазақ қайраткерлерінің ешқайсысы журналдан іргесін алыстатпағанын айтады.
Ал «Қазақ газеттері» ЖШС деген атаумен бір топ басылымды бір ұжымда ұйыстырып, үлкен ұжым басқарып отырған Жұмабек Кенжалиннің түйінді сөзі төмендегідей:
– Бүгінде «Ақиқатты» зиялылар журналы дейді. Ол да рас. Өйткені, журнал өз оқырмандарына қоғамдық-саяси, экономикалық өміріміздегі ең өзекжарды мәселелерді саралап, талдап, байыптап жеткізіп отыр. Бұл үлкен жұмыс, абыройлы міндет! Ал міндет биігінен көрінуді журнал ұжымы өздерінің зор парызы санайды. «Ақиқат» журналында қалыптасқан дәстүр сабақтастығы журналистер әулетінің ізгілікті, игілікті, жемісті жұмыс істеуіне ықпал етіп отыр, – деді. Білетін адамның сөзіне біздің алып-қосарымыз жоқ.
Осыдан кейін 90 жас дейтін шығармашылық белеске бөлек тыныспен шаршамай жеткен ұжымға бірқатар құрмет пен марапаттың бары белгілі болды. Қазақстан Журналистер одағы да «Ақиқаттың» мерейлі жылын ұмыт қалдырмай, осы Одақтың құрылғанына 50 жылдығына орай мерейтойлық медальмен екі адамды марапаттады. Бірі – қазақ журналистикасының қай кезде де топ бастаған серкесі Сарбас Ақтаев болса, екіншісі – журналдың жауапты хатшысы, байырғы баспасөзші Қыдырәлі Қойтай. Ал еліміздің Мәдениет министрлігі бас редактор Мұхитдин Салқынбаевқа Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері деген атағын берсе, «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай да осы марапатқа лайық шығып, аты аталған жандардың бәрі де салтанатты түрде төрге озып, мерейлі сәттерді бастан өткерді.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.