Бақтияр Байсейітов, грек-рим күресінен әлем чемпионы: Қиналғанда әкемнен медет тіледім

Қазақстан чемпионатында грек-рим күресінен әлем чемпионы Бақтияр Байсейітовпен жолықтық. 1998 жылдан бері Бақтияр алған шыңды бағындырар қазақ баласы әзірге болмай тұр. Финалға жеткендері бар, алтын жоқ. Біздің сұрақ басқа еді. Әкесі Бағашар осы Бақтияр баласы үшін от пен суға ойланбай қойып кететін абзал кісі болатын. Әкесін жақсы көрмейтін перзент бола ма, Бағашар әке туралы сөз қозғалғанда Бақтиярдың көзі жарқ ете қалды.

Егемен Қазақстан
11.05.2018 4637

Бала Бағашардың жастық шағы ауыр өріліпті. Балаларын өте жақсы көрген. Кезінде өзі ба­ғын­дыра алмаған биікті балаларым алады деген үмітте өмір сүр­ген. Ұлдары Руслан мен Бақ­тияр­ға барлық жағдайын жасаған.

Грек-рим күресінің жарық жұлдыздарының бірі, болашақ әлем чемпионы Бақтияр Бай­сейітовке де әуелде оңай бол­ма­ғанға ұқсайды.

Бағашар үлкен ұлы Руслан Байсейітовті олимпиадашылар ізбасарын дайындайтын спорт интернаттың күрес үйірмесіне берген. Спорт интернатта Бақтиярды ұстаздары конькишілер үйірмесіне жазған екен. Кішкентайынан шамдағай, алыса кетсе ауыл балаларын атып ұратын Бақтияр Медеуге барып сырғанап жүргенімен бар ойы күресте болған.

Конькишілерді таңғы сағат алтыда тұрғызады екен. Ба­луандар сағат сегізге дейін керіліп созылып жатады. Сағат ондағы жаттығуға асықпай барады. Құрамаға алынған өрімдей бал­уандармен конькиші бұл күрессе ешкімге алдырмайды. Ақыры, әкесіне айтып жүріп, грек-рим күресіне ауысады.
Алғашқы бапкері Жаңабай Оспанов сол кезде Мәскеудің денешынықтыру институтын бітіріп, жаңа келген кезі. Білікті маман, Мәскеудегі даңқты бал­уандардан тәлім алған жігіт шә­кірттеріне бар білгенін үйреткен. «Ағаммен күнде күресемін. Жасым кіші болса да әдісқоймын әрі пысықтаумын. Әке – балаға сыншы. Сол кезде әкемнің «осы Бақтиярым әлем чемпионы болады» деп айтқаны құлағымда қалып қойды. Жанымдай жақсы көретін әкемнің арманын орындау үшін де барымды салдым», дейді Бақтияр.

1990 жыл. Кеңес Одағының Ба­тыры Сұлтан Баймағамбетовті еске алуға арналған жастар ара­сын­дағы халықаралық турнир. Қарсыластарын қоғадай жапыр­ған Бақтияр финалға­ шық­қан. Әкесі Бағашар кілем шеті­нен кетпейді. Алып сарайды ба­сына көтеріп, баласына көтер­меші болып жүр. Әдісі дұрыс шық­пай қалса, сыбап та алады. Бақ­тияр күмәнсіз жеңді. Кілем­ге атып шыққан әкесінің айқа­ра құшақтап, әуелете көтеріп кет­кені есінде. Жүзі далау-далау болып, көзінен жас бұрқырап жүр.

Жеңімпазды марапаттау ке­зінде әкесін көзбен іздегенімен таба алмады. Әлгінде ғана залда қуаныштан құстай ұшып жүрген әкесі қайда кеткен?!
Көргендер айтқан. Бағашарды жуынатын бөлмеден көріпті. Қатты толқығанынан қос танауынан қып-қызыл қан фонтандай атқылап тұр дейді.
«Ештеңе етпейді, депті ба­қыт­ты әке. – Балам чемпион болды ғой, қаным бойыма сыймай жатыр».

1991 жыл. Әкесі мен анасының қосылғанына 25 жыл. Ағайын-туыс, дос-жаран құттықтап келген. Сол мезетте біреуі теледидарды қосқан. Мына құдіретті қарасаңшы, экраннан ұлдарын, КСРО Спартакиадасының күміс жүлдегері Бақтияр Байсейітовті көрсетіп жатыр екен. Әкесі тағы да қуаныштан көзіне жас алыпты. Қос қуаныш тойға ұласқан. КСРО құрамасының жас бапкері Михаил Мамиашвилидің сол кезде Бақтиярға көзі түсіп, құрама қатарына қабылдайды.

1992 жыл. Кисловодскідегі оқу-жаттығу жиыны. Бақтиярдың жүрегі ауызына тығылып, өзін жайсыз сезінген. Құдай білдіріп тұр екен. Дәл сол күні әкесі инфаркт алып, дүниеден озыпты.

Әкесін жанындай жақсы кө­ре­тін еді Бақтияр. «Менің балам әлем чемпионы болады». Әке­­сінің жиі айтатын осы сөзі құ­ла­ғында жаңғырып, еш ұмытыл­­ма­ды. «Әке, арманыңды орын­дай­­мын». Өзіне өзі осылай серт берген.

Бақтияр Байсейітовтің бір емес екі рет әлем чемпионы бо­лар­­лықтай қарымы бар еді. «Шы­ға­сыға иесі басшы». 1995 жыл. Пра­гада өткен әлем чемпионы­­ның жартылай финалында жо­лы әлемнің үш дүркін чем­пионы, Барселона Олимпиада­сы­ның жеңімпазы Мнацакан Ис­кандарянмен түйісті. Соңғы бес жылда 74-76 кило салмақта еш­кімнен десі қайтып көрмеген Мнац аспандағы айға қол созған бозым еді.

Екеуі сұмдық қарсыласты. Әккі Мнац түрлі айла-амалға бар­ғанымен, қазақтың құрыштан құйылғандай мықты баласына тосқауыл бола алмады. Екеуі де сілелеп шаршады. Бақтияр жең­ді. Сондағы қуанғаны-ай.

Жартылай финалда атағы жер жарып тұрған Мнацакан Искандарянды жеңді ғой. Енді Бай­сейітов – әлем чемпионы. Солай ойлаған. Олай емес екен. Бұрын еркін еңсеріп жүретін француз балуанымен беттескенде бәрін ұқты. Ұстаған жеріне желімдей жабысатын қолы қол емес, анау бір сілкіп қалса ажырап кетеді. Аяқ та дегеніне бағынбайды.

Мнацты жеңген қуаныш күшін сарқып алыпты. Күміс те аз олжа болмағанымен, қолда тұр­ған алтын көз алдында тозақ отын­дай жымыңдап, француз Ивон Римердің мойнында кетті. Ой, сондағы өкініштен өртен­гені-ай.

Евледегі әлем чемпионатында да оңай жеңістер болған жоқ. Болмайындығы да белгілі. Бұл сынға әлемде дараланған балуандар келеді ғой. Жартылай финалда ресейлік Мұрат Қар­да­новпен кілемге шықты. Кезін­де КСРО құрамасында даңқты Дәулет Тұрлыхановпен әлем­дік жарыстарға бару үшін тайта­ласқан Карданов кілем ортасын­да шынжырлы трактор секіл­ді табандап тұрып алады. Арпа­лыс кезінде араға екі жыл салып Сидней Олимпиадасының қаһар­маны болған оғланды Бақтияр кеудеге салып тік көтеріп кетті. Екеуі де әбден болдырған. Соңғы күш, соңғы мүмкіндік.

Әуеге шарасыз, мағынасыз қараған Бақтияр секундтар ішін­де әкесінің нұрлы жүзін көз алдына елестетті. Жайдары. Күліп тұрған секілді. Осының өзі бо­йына қуат бітірді. Болашақ Олимпиада жеңімпазын кеудеге алған күйі оң жаққа шалқая бере тастап жіберді. Ұпай санымен жеңіп тұрған. Ендігісі күмәнсыз.

Финал. Қарсыласы әйгілі Феливерто Аскуя. Екі рет жеңіліс тапты осы кубалықтан. Қолы аяққа тұрмай соңғы минуттарға дейін айқасатын қара қабылан әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарында жолын кесті. Енді қалай болады?!

Ер кезегі үшке дейін. Бақтияр қатты толқымайтын еді. Бірақ мына жарыстың жөні бөлек. Бұл жолы әлем чемпионы болмаса, әке аруағына берген уәдесі адыра қалады.

Кілемге беттеп бара жатқанда Дәулет Тұрлыханов арқасынан қақты. «Бауырым, бұл жеңісіңді әкеңе арна!». Көзінен ыстық жас бұрқ ете қалып, Дәулет ағасына жалт қараған.

Бес қаруын асынып майдан даласындағы жекпе-жекке ат ойнатып шыққан баһадүр бабаларындай қаһарға мініп Аскуяға жолбарыстай атылған. Ол да келсең келдің өзі. Бұл қазақты бір емес екі рет жеңген. Үшіншісінде жеңбей жын ұрды ма? Көзінде өзіне сенімділік бар.

Бақтияр оң қолын қолтыққа қысып, иығынан қапсыра ұстап, сәл жантая бере оң жаққа шиырып жіберді. Кубалық қабылан өзіне қарсы әбден дайындалған бұл әдісінен бейхабар екен. Қанкөбелек ойнап кетті. Кезінде Қажымұқан бабасы қолданған «обратный пояс» әдісін Аскуя үшін бапкерлері таңдаған еді. Қара қабылан тағы түсіп қалды. Есе бермей жатқан қазақты иығымен еңсеріп келе жатыр еді. Бақтияр жай оғындай лып етіп ішке өтіп кетті де, аш белден қысқашса қысқан қалпы кеуделетіп әкетті.

Партерде бір көтеріп тастады. 8-0! «Сол кезде оның көзінен же­ңіске деген үмітсіздікті көрдім», дейді Бақтияр.

Тегін адам Олимп шыңы мен әлемнің алтынын бағындыра ма, Аскуя үш ұпай алды. 9-3. Осы­мен бәрі бітті.

Жеңіс. Бақтияр Байсейітов – әлем чемпионы. Жеңіс тұғы­рын­да тұрып, әкесін еске алды.

«Естисің бе, әке! Арманыңды орындадым. Бағашардың ұлы – Әлем чемпионы».

Көзін ыстық жас көміп кетті. Қазақ әнұраны ойнап, көк ту жоғарылап барады.

Бақтиярға талай шәкірт «сіздің қол астыңызда жаттығайын. Сіз сияқты болғымыз келеді» деп келген. Айтатыны бір жауап. «Сені осы күнге жеткізген өз бапкерің бар. Шын ықыласың ауса, келісімін ал, өзін ертіп кел. Сосын көреміз». Құдайға шүкір, Бақтияр Байсейітовтің тәлімінде қуатты жас толқын өсіп келеді. Шәкірттерінің алды әлемдік додада олжа салғаны баршылық болғанмен жеңімпаз атануға бір қадам жетпей жүр.

Бақтияр Байсейітов грек-рим күресінен әлем чемпионы болғаннан бері бір қазақ ұланы осы биікке көтеріле алмапты.

1998 жыл. Қазір 2018 жыл. Алтынсыз өткен 20 жыл.

Әлем чемпионы «Абылай аспас сары белді» өз шәкірттерінің бірі бағындырарына іштей се­неді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.05.2018

Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге шолу

22.05.2018

Полиция сержанты бір отбасын өрттен құтқарып қалды

22.05.2018

Сенаторлар суармалы жерлерді пайдалануды тәртіпке келтіруге шақырды

22.05.2018

Елордалық шығармашылық топ Атырауға жетті

22.05.2018

Курчатовтағы Ұлттық Ядролық Орталықта жас ғалымдар мен мамандардың ғылыми конференциясы өтті

22.05.2018

Семейдегі орманның өртенуі адам қолымен жасалған іс болуы мүмкін

22.05.2018

Солтүстік Қазақстан диқандары тұқым себуді жалғастыруда

22.05.2018

Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің 3D картасы әзірленеді

22.05.2018

Солтүстік Қазақстанда жазғы ат жарысы маусымы ашылды

22.05.2018

Атырауда лифтіде жасөспірімдердің қаза табуына байланысты тергеу жүргізіледі

22.05.2018

Үкімет басшысы табиғатты қорғау және орман мекемелерінің өртке қарсы техникасын арттыруды тапсырды

22.05.2018

Елордада табиғат апатынан 13 адам жарақат алды

22.05.2018

Биыл ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілді?

22.05.2018

Мемлекет басшысы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрін қабылдады

22.05.2018

Астанада дауылдың салдарынан Бейбітшілік және келісім сарайына зақым келді (видео)

22.05.2018

Павлодар облысында 765 жазғы лагерь ашылады

22.05.2018

Назарбаев мектебі журналистер арасында конкурс жариялады

22.05.2018

Семейдегі Қызылкардонда орман өрті бәсеңсіді

22.05.2018

Ханс Тиммер: АЭФ жаһандық дамуға тигізер пайдасы зор

22.05.2018

Қостанайда лагерьлерді жөндеуге 377 млн теңге қажет

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Алматының алмасы. Шырын қайда?..

Алматы жұрты күнде жауған жауын­мен, түнде ұрған суықпен жағаласып жүріп Алатаудың бөктеріндегі биылғы алма бақ гүл шашқан көркем шақтан көз жазып қалған сыңайлы. Содан ба екен, біреу «Биыл алма гүлдеді ме?» десе, біреу «Биыл өзі алма бола ма?» дейді қамығып. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Рух көтерудің жолы

Кейінгі өскелең жас ұрпақты патриот­тық рухта қалай тәрбиелейміз, ертеңгі ел қорғар өрендеріміздің бойына отаншылдық пен патриотизмді, елге, жерге деген сүйіс­пен­шілік сезімін  қалыптастырып, келешекте ержүрек, батыл болып өсулері үшін не істеуіміз керек деп,  жастардың ертеңгі тағдыры мен таңдауына жиі бас ауыртып, жанымыздың жабырқап жататыны рас.

Қамбар Ахмет,

Каспий мен Қара теңіздерді жалғау кімге тиімді?

Мамырдың екінші онкүндігінде ақпарат һәм саясат алаңында қызу тал­қыланған тақырыптың бірі – Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Каспий мен Қара теңіздің арасын жал­ғайтын «Еуразия» каналын салу жөніндегі пікірі болды. 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Кешегінің жұрнағы, бүгінгінің көнесі 

Әдебиетке әркімнің-ақ таласы бар заман өтіп кеткенін мойындау қалай болған күнде ауыр. Нарық зама­нының елең-алаңында қолына қалам ұста­ған жігіттердің арасынан адамдар кітап­қа оралады әлі дегенді сеніммен айт­қандарына қарағанда әдебиеттің өмірдегі артықшылығына үміттері күшті болған-ау, шамасы. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Қолдан жасалған қасірет

Жылда мамырдың соңындағы Аза тұту күні жақындаған сайын мен қазақпын деген әрбір адамның жүрегі қарс айрылмауы, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің, ғаламат ашаршылықтың құрбандарын еске алып күңіренбеуі мүмкін емес дер едік. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу