Назарбаев университетінен сапарға аттанған «Қазақ ұлттық жағрафия қоғамының» экспедициясы 10-29 мамырда Солтүстік және Оңтүстік Арал аралығын жүріп өтпек. Экспедиция құрамында гидробиолог ғалымдар, картографтар, мәдениеттанушылар, археологтер, экологтер, биологтер, журналистер мен фотографтар бар.
Экспедиция мүшелері тұздың, фосфордың, қышқылдың мөлшері, судың ластануы және планктондардың биоалуандылығы туралы мәліметтерді жинақтап, ғылыми сынамалар жүргізу нәтижесінде Солтүстік және Оңтүстік Арал экожүйесінің даму барысын анықтауды, сондай-ақ Арал өңірі бойынша туристік карта жасау мен бірегей фото және бейнематериалдар жинауды да көздейді.
Қазақ ұлттық жағрафия қоғамы басқарма кеңесінің төрағасы, Назарбаев Университеттің инновациялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғариннің айтуынша, Арал теңізіне QazaqGeography осымен үшінші рет экспедиция жіберіп отыр.
– Біз Арал өңірінің тұрақты даму мүмкіндігін, экономикалық және туристік әлеуетін зерттеуді жалғастырамыз. Арал теңізінің қасіреті туралы үнемі айта бергеннен гөрі, аталған өңірдің даму басымдықтарын түсінген абзал. Адамдар ол жақтан көшуді қаламайды, көбіне қалуға тырысады. Сондықтан біздің міндетіміз, әсіресе қазіргідей кіші Арал қайтадан қалпына келтіріліп жатқан кезде өңірдегі жұмыс орындарының мүмкіндігін анықтау болмақ. Экспедицияның өз істерін жетік білетін адал мүшелеріне ризашылық білдіре отырып, жұмысына сәттілік тілейміз, – деді Қ.Байғарин.
19 күнге созылатын саяхат барысында 20 адамнан тұратын экспедиция мүшелері жол талғамайтын бес көлікпен еліміздегі және Өзбекстан елінің аумағындағы 7 мыңға жуық шақырымды басып өтпек. Сәтін салса, Астанадан шыққаннан кейін Қарағанды – Балқаш – Шу – Тараз – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Бұқара – Үргеніш – Нүкіс – Мойнақ – Арал теңізі – Бейнеу – Бозой – Арал теңізі – Арал – Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды бағыты арқылы жүріп өтіп, қайтадан елордаға оралады.
Экспедиция жетекшісі, QazaqGeography менеджері Нұржан Алғашов Арал теңізінде он шақты сынама алынып, жан-жақты зерттеу жүргізілетінін жеткізді. Ал «Авалон» тарихи-жағрафиялық қоғамының жетекшісі Виталий Шуптардың айтуынша, Арал теңізіндегі кемелер зиратын көру үшін еуропалық және америкалық туристер ұзақ жолды джиптермен де, мотоциклмен де, тіпті велосипедпен немесе жаяу жүріп өтуге бар.
Саяхатшыларға тарихтың кейбір парақтары, әсіресе Арал маңайындағы кеңестік кезеңнің көріністері өте қызық. Бұл дәл сол кезде орын алған экологиялық апат болғандықтан, қаңырап қалған кемелер фотосурет үшін таптырмас нысандар. Сол үшін де адамдар мыңдаған шақырымды басып өтіп келеді» деді ол. Сонымен бірге трансшекаралық туризмді дамыту орталықазиялық елдердің барлығына да маңызды екенін жеткізді.
2016 жылы Назарбаев Университеттің ғалымдары аталған экспедиция құрамында Солтүстік Аралдың бірқатар бөлігіндегі судың гидробиологиялық жағдайын зерттеген болатын. Сол кезде ғалымдар Солтүстік Аралдың орташа тұздылығының төмендеу үдерісін байқаған-ды. Яғни, бұл Солтүстік Аралдағы экологиялық ахуал біртіндеп жақсарып келе жатыр деген тұжырымға негіз қалады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»