Қазақстан • 11 Мамыр, 2018

Алматыда теңге дизайнын жасаған Тимур Сүлейменовпен қоштасу рәсімі өтті

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақстанның Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде белгілі қоғам қайраткері, еңбегі сіңген өнер қайраткері және Қазақстанның дизайнерлер Одағының президенті Тимур Сүлейменовпен қоштасу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматыда теңге дизайнын жасаған Тимур Сүлейменовпен қоштасу рәсімі өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын Алматы әкімі Бауыржан Байбек оқып берді. Мемлекет басшысы белгілі қоғам қайраткері Тимур Сүлейменовтың қайтыс болғаны жөніндегі хабарды қатты қайғырып қабылдаған.

"Тимур Бимашұлы өз мамандығының хас шебері еді. Ол архитектор және дизайнер ретінде кемел білімі мен мол тәжірибесін туған елінің игілігіне арнап еңбек етті. Қазақстанда осы өнер түрлерінің дамуына лайықты үлесін қосып, бірқатар маңызды жобалардың іске асуында өз қолтаңбасын қалдырды. Елімізде алғаш рет Дизайнерлер одағын құрып, көп жыл бойы соның жұмысына жетекшілік жасады. Кезінде республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, заң шығару қызметінің дамуына да үлесін қосты. Аяулы азаматтың еңбегі мен дидары халқымыздың жадында әрдайым сақталады деп ойлаймын", - делінген жеделхатта.

Бүгінгі күні оның өзіндік қолтаңбасын еліміздің әр өңірінен көруге болады. Олардың арасында Астанадағы саяси репрессия құрбандарына арналған Мемориалды кешен, "Атамекен" этно-мемориалды паркі, Аңырақай шайқасындағы тарихи ескерткіштер, Алматы облысындағы "Черкасск қорғанының батырлары" мемориалды кешені бар. Тимур Сүлейменов Мәскеудегі Абай ескерткіші мен Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" монументін жасауға да қатысқан еді.