Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким жобалық басқару аясында атқарылған жұмыс жөнінде хабарлама жасады. Бүгінде базалық индустрияландыру бағытында құны 359 млрд теңгені құрайтын 4 жобалық бастама жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда 2,7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты 3 жобаны қамтиды. Олар - агроөнеркәсіп субъектілері үшін қаржының, сауда нарығының қолжетімділігі және экспортты дамыту, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шетел нарығына шығару және жаңа нарықты игеру болмақ.
- Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту, инвестиция тарту бағыттары аймақ үшін аса маңызды. Шағын несиелендіруге облыстық бюджеттен - 1 млрд теңге, басқа көздерден 2 млрд теңге бөлініп отыр. Жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беріледі, - деді Евгений Ким.
Елбасы тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын цифрлық бағдарламаға көшіру жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова баяндады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.