Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикадағы орман қоры 29,42 миллион гектарды құрайды екен. Бір қуаныштысы, еліміздегі орман алқаптары жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәселен, 2008-2017 жылдар аралығында кең-байтақ даламыздағы орман қоры 1645,5 мың гектарға, яғни 5,92 пайызға артыпты. Алайда орманымыздың көлемі көңіл көншіткенімен, сол байлықты игеру, кәдеге жарату жағы ақсап тұр. Орманның ортасында отырсақ та әлі күнге жиһаз жасауға қажетті материалдың 80-90 пайызын шет мемлекеттерден сатып алуға мәжбүрміз. Облыстық орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының президенті Виталий Чернецкийдің айтуынша, еліміздің жылдық импорты 200-500 миллион АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі бар болғаны 8 миллион АҚШ долларынан аспайды. Бізге жиһазға қажет шикізат негізінен Ресей, Қытай, Украина және Беларусь елдерінен әкелінеді. Бұл ретте солтүстіктегі көршіміз көш бастап тұр (2015 жылғы үлесі – 66, 2016 жылғы үлесі – 72 пайыз). 2016 жылы Қазақстанның импорт көлемі 260 миллион АҚШ долларын құраса, оның ішінде АЖП (ағаш жоңқалы плиталар) мен АТП-ның (ағаш талшықты плиталар) үлесі – 126 миллион.
Салық көп, өндіріс жоқ
Жоғарыда республикадағы орман қоры 29,42 миллион гектарды құрайтынын айттық. Оның 3 миллион 706 мың гектары Шығыс Қазақстанға тиесілі. Бұл үш миллионның 2 миллион гектары орманмен көмкерілген аумақ. Яғни еліміздегі орманның 14 пайызға жуығы осы өңірде. Бұған республикадағы ағаш қорының 50 пайызы шығыста орналасқанын қосып қойыңыз. Шығыс Қазақстан орман алқаптарының көлемі жағынан ғана емес, ағаш дайындаудан да республикада алғашқы үштікке енеді. Ағаш дайындау демекші, елімізде ағашты өңдеу тұрғысында да шешілмеген мәселе аз емес. Ағашты өңдеумен шұғылданып жатқан мекемелер жоқ емес, бірақ тым аз. Қазіргі таңда ағаш өндірісі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында біршама жолға қойылған. Мәселен, 2016 жылы елімізде 342,7 мың текше метр ағаш дайындалса, соның 186,8 мың текше метрі Солтүстік Қазақстанда, 69,8 мың текше метрі Шығыс Қазақстанда, 42,7 мың текше метрі Қостанай облысында әзірленіпті.
Жалпы, елімізде өндірілетін ағаш өнімдерінің 30 пайызға жуығы біздің өңірге тиесілі көрінеді. Осы сала мамандарының сөзіне сенсек, жылына 1,4 миллион текше метрге дейін ағашты кесуге, пайдалануға рұқсат етілсе де, соңғы 5 жылда дайындалған ағаш көлемі 225 мың текше метрден аспапты. Бүгінде облыс бойынша 40-қа жуық ағаш өңдеуші кәсіпорын болса, соның 13-і ұзақ мерзімді келісімшартқа отырыпты. Сонда кедергі не? Ағаш өндірісінің өрге баспай отырғанының себебі неде? Орман шаруашылығы саласын бір кісідей білетін білікті маман В.Чернецкий жалпы алғанда елімізде, елімізде ғана емес, облыста ағаш өндірісін дамытуға мүмкіндік мол деп санайды. «Жасыратыны жоқ, қазір ағаш дайындаумен негізінен жеке кәсіпкерлер айналысып отыр. Кәсіпорындар өзімен өзі қалды деуге болады. Жылына игерілуге тиіс 1 миллион текше метр ағаштың облыста тек 40 мың текше метрі ғана дайындалып жатыр. Шығыс Қазақстанда Шемонаиха, Риддер, Өскемен аймақтарында ағаш өндірісімен мықтап айналысуға болады. Неге десеңіз, облыс орталығына жақын. Шығын аз. Экспортқа шығарамын десеңіз шекараға да таяу. Ағаш өндірісінде көлік логистикасы да маңызды рөл ойнайды. Мәселен, Ресейдің Таулы Алтай аймағына ағашты Жер түбіндегі Якутиядан тасығаннан гөрі іргедегі біздің облыстан сатып алған әлдеқайда тиімді емес пе?» деген ол мемлекет облыстағы ағаш дайындаушыларға қаржылай тұрғыдан көмектеспесе де инфрақұрылым жағын мойнына алуы керектігін айтады. Яғни өңірдегі орман алқаптары мемлекетке қарайтындықтан оған баратын жолды да мемлекет салуы тиіс дейді эколог. Мұны бір деңіз. Екіншіден, облыста фанера мен жиһазға арналған материал дайындайтын «Фаворит» ЖШС (Зырян ауданы), Глубокое ауданының Черемшанка ауылындағы «Бандуров» ЖК, Өскемен қаласында OSB плиталарын шығаратын «Мелисса» ЖШС секілді ағаш дайындаушы һәм өңдеуші кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау қажет. «Облыс орталығындағы «Мелисса» ЖШС жұмысын жандандырып, өнімдерін Өзбекстан мен Ресей нарығына шығарып, жақсы қарқынмен келе жатыр еді. Былтыр ғимараты өртеніп, жұмыстары тежеліп қалды. Егер «Мелисса» толық қуатында жұмыс істесе қазақстандық сұраныстың 25 пайызын жабар еді. Сондықтан импортты азайтамыз десек осындай кәсіпорындарды қолдауымыз қажет», дейді В.Чернецкий. Оның айтуынша, біздің елде ағашты кескеніміз үшін салықты Ресеймен салыстырғанда 5 есе артық төлейді екенбіз. Әрине бұдан бюджеттің бүйірі шыққанымен, өндірістің өрге баспайтыны анық. Демек бізде салық көп, өндіріс жоқ. Осы жағына да мән берсек, көңіл аударсақ дейді ол. Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Александр Скуратов аймақтағы ғана емес, еліміздің орман шаруашылығын дамыту үшін 10-20 жылға арналған ұзақ мерзімді, кешенді бағдарлама керектігін айтады. «Бірыңғай бағдарлама қажет. Бізде қазір тек орманды қорғау мен сақтауға ғана ерекше көңіл бөлініп, ағашты өңдеуге жөнді мән берілмей отыр. Облыстағы орман шаруашылықтары табыс табумен шұғылданбайды. Осы жағына да мән беру керек секілді. Егер олар табыс тапса жалақылары да жоғары болар ма еді», дейді ол.
Жиһаздың дені шетелден әкелінеді
Облыста ағаш өңдеуші шағын кәсіпорындар мүлде назардан тыс қалды деуге де болмайды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков былтыр ғимараты өртеніп кеткен «Мелисса» ЖШС мемлекет қолдауымен қайта қалпына келтіріліп жатқанын, маусым айында жұмысын қайта бастайтынын жеткізді. Өнімдері елімізде ғана емес, Ресей мен Қырғызстанда да сұранысқа ие зауытты қайта қалпына келтіріп, жұмысын жандандыру үшін «Мелисса» ЖШС базасында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен «Өскемен орман өңдеу компаниясы» деп аталатын мемлекет-жекеменшік кәсіпорын құрылыпты. Сонымен қатар Зырян ауданындағы «Фаворит» ЖШС биыл ламинатты фанер өндірісін ашуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 330 миллион теңге. Оның 264 миллион теңгесін «Даму өндіріс» бағдарламасы арқылы несиеге алды. Егер өндіріс іске қосылса 25 адам жұмыспен қамтылмақ.
«Облыстағы ағаш дайындаумен және өңдеумен айналысатын кәсіпорындар мемлекет тарапынан қолдауға ие. Қазір өңірімізде аймақтағы 500-ге жуық мектепті Назарбаев интеллектуалдық мектебі үлгісінде жабдықтау мақсатында «Менің мектебім» акциясы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осы жұмыстарға біз Шығыс Қазақстанның жиһаз жасаушыларын тарттық. Бүгінде 6 шағын кәсіпорын мектептерге құрал-жабдықтар орнатып жатыр. Яғни 6 бас мердігер 19 субмердігермен жұмыс істеуде. Бұл ағаш өңдеумен шұғылданатын шағын кәсіпорындарға үлкен демеу болары анық», дейді басқарма басшысы.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өңірдегі орман шаруашылығына арнайы сараптама жасапты. Басқарма мамандарының сараптамасына жүгінсек, жиһазға қажет материалдар мен ағаш жаңқалы плиталардың 100 пайызға жуығы шетелден әкелінеді екен. Ал жиһаздың дені Ресей, Польша, Қытай мемлекеттерінен жеткізіледі. Дегенмен облыста ағаш өндірісін дамытуға мүмкіндік зор, әсіресе Зырян, Глубокое аудандары мен Өскемен, Риддер қалаларында өндірісті жандандырып, жылына 1 миллион текше метрге дейін ағаш плиталары мен құрылыс материалдарын дайындауға болады деп санайды басқарма мамандары.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»