Әкесі Мұңайтпас Әндіжандағы «Кеңтүп» ауылында болыс болған кісі. Ол өз заманының озық ойлы азаматы ретінде ауылында «Хан» мектебін ашқан. Ләтипа осы мектепте білім алып өседі. Бұл ХХ ғасырдың басы болатын. Сол мектепке сабақ беруге осы өңірде туып-өскен, парсы, араб, шағатай сияқты көптеген тілді меңгерген, парасатты, ойлы, өткір көзді жігіт Қоңырқожа мұғалім болып орналасады. Латипа мен Қоңырқожа осылайша танысып, табысады. Алайда әлеуметтік жағдайлары арасындағы айырмашылыққа байланысты екі жастың қосылуына әке тарапынан қарсылық туындап, екеуі елден кетуге мәжбүр болады. Олардың осылай кетуіне Ләтипаның туған ағасы Серәлі көмектесіп, басқа уезге барып, жұмысқа орналасады. Ол кісі де этнограф, ғалым, қайраткер болған. Өнерлі әулеттің қос шынары осылайша өмір жолдарын бастаған еді. Қос ғашық Орта Азияны түгелдей дерлік шарлап шығады. Үлкен ұлдары Қожахмет Қызылордада, Құлахмет Түркістанда, Нұрахмет Шымкентте, Сұлтанахмет Жамбылда дүниеге келеді. Соған қарамастан Ләтипа Ташкенттегі қазақ педагогикалық училищесіне түсіп, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады. Үйірме мүшелерінің күшімен 1921 жылы «Шығыс кештері» ойын-сауық бағдарламасы бойынша әзірленген «Біржан – Сара» спектаклінде Сараның рөлін сомдайды. Ләтипаның суретшілік шеберлігі 1925-1926 жылдары қазақ драма театрында, 1936-1958 жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында еңбек етіп жүрген кезінде ерекше көзге түседі. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне, сонда қойылған қазақ опералары киімдерінің авторы ретінде қатысады. Ләтипа Қожықованың шығармашылығы алуан қырлы болатын. Өмірінің соңғы жылдары ол қазақ ою-өрнек өнерінің фольклорлық қорын жасауға белсене араласты. 1958 жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде оның қолынан шыққан киіз үй әдемілігімен көз тартып, орындаушылық шеберлігімен келушілердің назарын өзіне аударды. Ләтипа Мұңайтпасқызының мемлекет тапсырысымен тіккен костюмі АҚШ-тың отыз екінші президенті болған Франклин Рузвельтке сыйға тартылған. Ол қазір Құрама Штаттардағы Рузвельт музейінде тұр. Ләтипа – жүзден аса өрнектік туындылардын авторы. Қазір оның жұмыстары Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Будапешт, Вашингтон музейлерінде сақтаулы. Л.Қожықованың дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ұлдары да еліміздің көрнекті өнер қайраткерлері: Қожахмет – қазақ бейнелеу өнерінде жаңа жанрды қалыптастырған кәсіби график суретші, Құлахмет – қазақтан шыққан тұңғыш театр және кино суретшісі, Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ кинематографиясының алтын жұлдызы «Қыз Жібек» фильмінің бас режиссері. Ері Қоңырқожа Қожықов – білімнің, мәдениеттің және қоғам өмірінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым, ағартушы және қоғам қайраткері. Осындай тума талант өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбалары қалған Қожықовтар қазақ тарихында таңбалы орны бар әулет. Осы орайда Ләтипа Мұңайтпасқызын еске алу, құрметтеу, еңбегін насихаттау мақсатында Көркемсурет галереясында «Қожықовтар қолтаңбасы» атты көрмесі өткізілді. Аталмыш шара елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көрмеге Құлахмет Қожықовтың қызы Сәуле Құлахметқызының қорында сақталған туындылар, Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтардың қазақ кинофильмдеріне арнайы салынған эскиздері, декорация мен сахналық киімдерге салынған ою-өрнек түрлері, қазақ болмысы мен салт-дәстүрін көрсететін картиналар қойылды. Қазақтың осындай біртуар қызының өмірі сағымдай болып ұшып кетті десек те, артында сансыз ізгілікке толы әсем де әдемі із қалды.
Нұрсұлу КҮЗЕМБАЕВА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Қызылорда облысы