Аймақтар • 15 Мамыр, 2018

Екібастұзда вагон жасайтын зауыттың жұмысы жолға қойыла ма?

681 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екібастұздағы Қазақстан вагон жасау зауытының жұмысы 2010 жылы Елбасының қатысуымен тікелей эфир желісінде іске қосылған-ды. Өндірістік қуаты жылына 2000 ашық  және 500 жабық жүк вагондарын шығаруға жетеді делінген болатын. Елімізді ғана емес, ТМД нарығын да қамтимыз деген міндет алған. Қазіргі жоспарына қарасақ, алдағы уақытта 10 мың жүк вагонын шығармақ. Бірақ кәсіпорын жұмысының  бағыт-бағдары қалай болары белгісіз. Цехтары біресе тоқтап, біресе іске қосылады. 

Екібастұзда вагон жасайтын зауыттың жұмысы жолға қойыла ма?

Фото: Зинаида ӘШІМҚЫЗЫ

Мысалы, екі жылға созылған үзіліс­тен кейін кәсіпорын 2016 жылы жұмы­сын қайта бастап көрді. Сол кез­де зауыт басшылығы 50 жарты­лай ва­гонның жеке кәсіпорынға са­тыл­ға­нын, әрқайсысының құны 10 мил­лион тең­ге тұратын 135 жартылай ва­гон жа­салып дайын тұрғанын ха­бар­ла­ған-ды. Зауыт жұмысы бірде тоқ­т­ап, бірде жүріп жұмыс ырғағы бұ­зыла бер­ген соң жұмысшылар да еңбек­ақы­ларын уақтылы алмаған күндер болды, біразы уақытша еңбек демалысына жі­бе­рілген-ді.

Айта берсек, одан кейінгі аралықта да талай кідірістер көп болды. Жуырда облыс әкімі Болат Бақауов БАҚ өкіл­де­рімен сұхбатында:

– Зауыт екі жыл тоқтап тұрды. Жұмысын жүргізу үшін Үкімет басшы­сы Бақытжан Сағынтаевқа жүгіндік. Нә­тижесінде 18 млрд теңге қаражат бө­лінді. Өткен жылы 170 вагон құрас­ты­рылса, биылғы екі айда 200 вагон шығарылды. Қазір кәсіпорын үш ауысымдық жұмыс режіміне көшкен. Төрт ауысымға шығуға да жағдайы бар. Жоспарға сәйкес 2000-нан астам вагон шығару үшін қаржы жеткілікті,– деп жағымды жаңалықты жеткізді.

Таяуда біз де Екі­бас­­тұзға барып, Б.Бақауов айтқан кә­сіп­орын жұмысымен танысып қайттық. Бірақ алғашқы жылдары өзіміз көрген жаңа тех­но­ло­гиялар серпіні азайып қал­ғандай, кәсіпорын іші жұтаңдау кө­рінді. Бұрын келгенімізде жұмыстар ав­томат­ты түр­де қайнап, кейбірін робот-тех­ни­ка­лардың «қолдары» жасайтын еді.

– Роботтарыңыз қайда кеткен?– деп сұрап жатырмыз.

– Олар қазір жоқ...–деген қысқа жауап алдық.

Қымбат темір платформаларда ва­гон табанын жасап жатқан жұмыс­шы­лар­ды көрдік. Бұл қалың табан темір құй­малары Ресейден жеткізіледі. Жа­сыл түске боялған дайын жаңа вагондар рельске түсіп бірінен соң бірі қабылдау орындарына кетіп барады. Әрине бір көргенде отандық өндіріс деп қуанып та қаласың.

Кәсіпорын директорының орынбасары Берікбай Әміржановтың айтуынша, қазір ауыр техникалар, контейнер та­суға жарайтын темір жол платформа­сын да жасауды қолға ала бастапты.

– Биыл 270 платформалы вагонға тап­сырыс келді. Қазір күніне 5 вагон жасалса, алда тәулігіне 10 вагон құ­рас­тыру жоспары бар. Жұмыс үш ауы­сымда жүруде, 300-дей жұмысшымыз бар. Бір вагонның құны 15 миллион теңге. Құрал-жабдықтар, бөлшектері Ресейден әкелінеді. Вагондар 50 па-
й­ыз ресейлік, 50 пайыз отандық бөл­шектерден құрастырылады,– дейді ол.

Дегенмен ашық және жабық түрдегі жүк вагондарын жасайтын өндіріс орнының алдағы уақытта тұрақты жұ­мыс істейтініне әлі де болса ешкім ке­піл­­дік бере алмайды. Жүк вагондарына сұраныс артса, тапсырыс көбейсе ғана кәсіпорын жұмысы тұрақтанады. Кәсіпорын іске қосылғалы жергілікті жерде вагон құрастыратын құрал-жаб­дықтардың, шойын құймалардың жоқ­ты­ғынан өндіріс кідіріп қала береді. Шой­ын құйма тұғырлар Қытай, Ресей ел­де­рінде шығарылады. Кәсіпорынның зауытты салу кезінде банктен алған 3 млрд теңге несиесі, оған қоса жетк­і­зілген тауар үшін алған тағы 5 млрд тең­ге қарызы да бар. Б.Әміржанов біз­ге көрсеткендей, қалың табан платфор­малар, басқа да бөлшектер әлі де Ре­сейден жеткізілуде.

Биыл жұмысшылар 2400 вагон құ­рас­тыруы тиіс. Кәсіпорында «Қа­зақ­­­­стан темір жолы» ұлттық ком­па­ния­­сымен арада ұзақмерзімді ке­лі­сімдер жасалуда. Ұлттық компания 1600 жартылай вагонға кепілді тап­сырыс беріпті. Жеке тапсырыс бе­ру­ші­ден түскен сұранысқа сай 70 ашық вагондар да жасалуда. Тағы бір жаңа­лы­ғы, жүк тасымалдайтын жартылай жабық вагондардың жүк көтеру қу­аты арттырылған, жөндеуге дейінгі қол­данылу аралығы да ұзартылыпты.

Компанияның бас директоры Сүйіндік Қуандықовтың айтуынша, бұдан басқа «ҚазТемірТранс» ЖШС – 800, «БРК-Лизинг» компания­сы – 1300, «GE Logistics» компания­сы 300 жүк вагонына тапсырыс беріпті. Кә­сіпорынның қайта іске қосылуына мем­лекеттік бағдарлама аясында лизингтің бө­лінуі демеу болып тұр. Тапсырыс бе­рушілер Қазақстан Даму банкі арқылы не­сие алып, сол қаражатқа Екі­бас­тұз­дан вагондар ала алады.

Облыс әкімі Б.Бақауовтың Екі­бас­тұздағы «Богатырь Транс» ЖШС жүк ва­гондарын Ресейден емес, Екі­бас­тұз­дың өзінде жасалатын кәсіп­орын­­нан алуы керек дегені бар еді. Бірақ бұл мәселеде кәсіпорында жасалатын вагондардың ерекшеліктері, бағасы бойынша ақпараты бар коммерциялық ұсы­ныс жасалуы қажет екен. Сонда ғана вагондарды Ресейден алу-алмау туралы мәселе түйіні шешіледі.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ЕКІБАСТҰЗ