«Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ақмола облысында жүзеге асырылуының бірінші жылғы қорытындысын таныстырған өңір басшысы облыстағы рухани құндылықтарды насихаттау мен сақтап қалу мақсатында үлкен жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Мысалы, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы шеңберінде республикалық жобалар реестріне 97 әлеуметтік-мәдени және инфрақұрылымдық жобалар енген. 2017 жылы 298 млн теңгеге 42 жоба жүзеге асқан. Ал биыл 56 жоба басталыпты.
«Осы бағыттағы басты нәтижелердің бірі Ақмола облысындағы 10 нысанның «100 киелі жер» республикалық тізіміне енгізілгені болып табылады. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Батығай кесенесі, Оқжетпес тауы, Қабанбай батыр мазар-кесенесі, «Беспақыр» және Баубек батыр кесенелері бар. Бүгінде бұл нысандар жалпыұлттық игілік болып табылады», деді М.Мырзалин.
Әкім атап өткендей, облыста сондай-ақ QR кодтар – заманауи технологиялар көмегімен киелі нысандар туралы ақпаратты цифрландыру бойынша «Ескерткіштер сыр шертеді» атты жоба іске асырылуда. Мәселен, бірқатар аудандардағы мәдени нысандарда жерлес демеушілердің қолдауымен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасын жаңарту жөніндегі мәселелер шешілген. Жалпы, бір жыл ішінде меценаттар тарапынан 150,8 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілген.
Облыс аумағында Ботай мәдениетін дамыту және насихаттау мақсатында Бурабай ауданында «Визит Центр «Ботай» археологиялық-этнографиялық кешенінің ашық аспан астындағы мұражайын құру жоспарланып отыр.
Өңір басшысы сонымен қатар «Жаңа гуманитарлық білім «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасының ерекше рөлін атап өтті. «Жаңа гуманитарлық білім» платформасы негізінде 20 халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, 50 мақала жарияланды, халықаралық конференциялардың нәтижесінде 2 жинақ, 3 монография жарыққа шықты», деді өңір әкімі. М.Мырзалиннің мәлімдеуінше, облыста «Жер Жәннаты» энциклопедиясы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен еңбегі туралы бір томдық альбом басылып шыққан. Алдағы уақытта Мәлік Ғабдуллиннің еңбектерін 11 томдық кітап етіп жарыққа шығару көзделген. Сонымен қатар әкім қазақ тарихында өткен белгілі тұлғалардың есімдері жаңғыртылып жатқанын айтты.
«Ақмола облысы сал-серілер елі болып есептеледі. Біздің облыс Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай және басқа да тұлғалардың елі. Олардың шығармалары халықтың дүниетанымын байытып, ұлттық құндылықтар деңгейіне айналды. Қазір облыста аймақтың әйгілі тұлғаларын одан әрі насихаттау үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде. 2017 жыл ақмолалықтар үшін айтулы кезең болды. Президент Жарлығымен біздің облыстың Еңбекшілдер ауданына Біржан сал атамыздың есімі, облыстық филармонияға Үкілі Ыбырай, Көкшетау қаласындағы ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ аталарымыздың есімдері берілді. Бұл шаралар жас ұрпақты тәрбиелеу және қоғамдағы рухани бірлікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін», деді аймақ басшысы.
«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Ақмола облысында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және коммуналдық шаруашылық салаларында жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 59 әлеуметтік жоба іске асып, 14 жаңа әлеуметтік нысан салынған.
«Қорғалжын ауданында еліміздегі 80 пайыздан астам құс түрлері мекендейді. Дәл осы жерде республикадағы алғашқы аймақтық орнитологиялық орталық ашылды. Бұл жобаны кәсіпкер Құралай Түспекова 53,5 млн теңгеге түгелдей қаржыландырған және бастамашылық еткен. Маусым айынан бастап алғашқы мектеп экспедициялары басталады. Сонымен қатар осы жылы орталық базасында жалпы құны 25 млн теңгеге зертхананың, төрт бақылау пунктінің ашылуы, спорттық орнитология фестивалін өткізу, кешенді ғылыми-танымдық орнитологиялық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр», деді әкім. Сондай-ақ ол қазақстандықтарды өз туған өлкесін сүюге, шыққан тегін, мәдениетін және халқының салт-дәстүрлерін білуге шақыратын «Туған жер» арнайы жобасы аясында Қорғалжын ауданында «Балтабек» туристік кешені ашылғанын, онда туристерге атпен серуендеуге және тазы мен төбет тәрізді асыл тұқымды иттердің сүйемелдеуімен аңшылыққа шығу ұсынылғанын атап өтті. Ал биыл тағы да 30 әлеуметтік жоба бастау алмақ. Мысалы, Целиноград ауданында жергілікті тумалардың бастамасымен шамамен 2 млрд теңге көлемінде 2 жаңа мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы қарастырылған.
«Жалпы, Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынды. Өңіріміздің өз құндылықтары, ерекшеліктері бар, ал ең бастысы, рухани құндылықтарды қалыптастыру арқылы патриотизмге үндейтін адамдар бар», деп қорытындылады сөзін облыс әкімі.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»