Мүмкін бұл ой-пікірлерді түбегейлі жоққа шығарудың да жөні бола қоймас. Дегенмен халқымыздың о бастағы ән мен күй мұралары қатарында табиғатынан эстрадалық әуендерге сұранып тұрған дүниелер де жеткілікті екенін айтқан жөн.
Мұның өзі эстрадалық жанрдың ең басты шикізаты. Осы арқылы аталмыш жанрдың мүмкіндігін байыта түсіп, оның заманауи классикалық үлгілерін пайдалануға болады. Қазір бұл бағыт оң жолға түсіп келеді. Осы орайда белгілі бір жетістіктер мен нәтижелер де бар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қазақ эстрадасы өсу және өрлеу үстінде. Бұған толық негіз бар дейді белгілі өнер шебері, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов.
Әйтсе де, тағы бір өнердің өз өкілі, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Дәукенованың пікірінше, бүгінгі қазақ эстрадасының төңірегінде шешілмей келе жатқан түйіндер де жеткілікті. Соның басты себептерінің бірі эстрада әндеріне лайықталған, оның бүгінгі талаптары мен өлшемдеріне жауап бере алатын репертуарлық дүниелердің жұтаңдығы. Шөп те өлең, шөңге де өлең деген үстірт көзқарас эстрада табиғатына сәйкеспейді.
Қазіргі кезде бұдан тиісті қорытынды шығарылды деп айтуға да ауыз бара бермейді. Бұл эстрадалық әндердің бітім-болмысына мүлдем кереғар. Оның жаратылысын жарқыратып жеткізудің орнына тұқыртып, тұншықтыратын, өресін кемітетін жайт. Ендеше дарынсыз, қуыс кеуде композиторсымақтардың бір қайнауы ішінде дүмбілез дүниелердің репертуарлық кеңестен өтіп кету көріністеріне тосқауыл қойған жөн. Алдағы уақытта өресі биік, әуезді әндерді сараптай білсек, қазақ эстрадасының көркемдік деңгейі мен мазмұны тереңдей түсер еді деп тұжырымдады өз ойын белгілі сахна шебері.
Бүгінгі қазақ эстрадасының жай-күйі туралы әңгіме қозғаған кезде оның жанрлық ерекшелігі отаншылдық және патриоттық бағыттағы әндер табиғатымен тығыз ұштаса алатынын айту парыз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасында туған жерге деген махаббаты тұтастай елге деген биік те асқақ отаншылдық сезімге ұластыра білу қажеттілігі айтылды.
Әрине мұндай сәтте таңдау мүмкіндігінің барынша кең болғаны, репертуарға енгізетін шығармалар еліміздің алдында тұрған асқақ мұраттар мен мүдделерді паш ете білгені жөн. Сонымен бірге жас мемлекетіміздің бұған дейін жеткен жетістіктері мен биіктері де ұмыт қалмағаны абзал. Өкінішке қарай, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі уақыттың ішінде еліміздегі эстрадалық әндерді орындаушылардың арасында байқау, фестивальдер аз өткізілген. Осы кереғар жайт жас дарындардың арасындағы бәсекелестіктің төмендеуіне әрі шынайы шығармашылық байланыстардың әлсіреуіне әкеліп соқтырғандай әсер қалдырады. Мұндай жағдайда жүйріктің делебесі қыза қоймайтыны да, қоза қоймайтыны да бесенеден белгілі.
Осы олқылықтың орнын Батыс Қазақстан облысындағы Казталов ауданының орталығында өткізілген «Қызғалдақ-көктем» атты І халықаралық ән байқауы толықтыра алады дей аламыз. Бұл ретте байқау күндерінде аталған ауданның әкімі Абат Шыныбековтің ұлттық өнеріміздің жанашыры, ұйымдастыру қарым-қабілеті мен парасат-пайымы биік басшы екендігі жөнінде көптеген оң пікірлер естідік. Шалғай аудандағы байқау облыстық ауқымда немесе елордамыз Астана мен мегаполис қала Алматыда Мәдениет және спорт министрлігі және Үкімет деңгейінде өткізіліп жүрген республикалық және халықаралық байқаулардың бірде-бірінен артық болмаса, олқы түспегені аталмыш байқаудың басты жетістігі мен басты олжасы болмақ. Бұл орайда біріншіден эстрадалық әндерді орындаушылар өз республикамыздың батысы мен шығысынан, солтүстігі мен оңтүстігінен және орталығынан арнайы келіп қатысқанын айтқымыз келеді. Сондай-ақ халықаралық байқауда Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор және Волгоград пен Астрахань облыстарында тұратын 17-32 жас аралығындағы жас орындаушылар өнер көрсетті.
Үш күнге созылған эстрадалық әндерді орындаушылардың халықаралық ән байқауы кезінде қазақ, орыс, ағылшын, француз және украин тілдерінде әсерлі әуендер әуелеп, сырлы саздар қалықтады.
– Біз байқауға Ресейдің Самара облысынан келдік. Ашығын айтқанда Қазақстанның ең шалғай түкпірдегі ауданында жоғары сахналық мәдениет, шынайы орындау шеберлігі, орындалатын шығармалардың әсерлі аранжировкасы мен талғам биіктігі бізді таң қалдырды. Бұл жөнінен ресейліктер үйренетіндей біраз үрдіс бар екен, – деді газет тілшісіне байқаудың «Көрермен көзайымы» аталымына ие болған «Самара» триосының әншілері Игорь Цукин мен ағайынды Сергей және Андрей Поликартовтар.
Сондай-ақ халықаралық байқаудың қазылар алқасының құрамы елімізге танымал өнер шеберлері арасынан белгіленгені де оның мәртебесін биіктете түскені анық. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Донеділ Қажымов, Гүлнәр Дәукенова, қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт-аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Дина Хамзина сынды өнер тарландары бар.
Байқауға республика облыстары мен ТМД ауқымынан келген 39 орындаушының қай-қайсысы да жүлдесіз, сый-сияпатсыз қалған жоқ. Бас жүлдеге эстраданың батысқазақстандық жас перісі Айымбек Сартөков ие болып, оған 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай марапат табыс етілді.
«Қызғалдақ-көктем» эстрада әншілерінің халықаралық байқауын өткізудегі басты мақсаттың бірі таяу және алыс шетел жастары арасында халқымыздың бүгінгі музыка мәдениетінің деңгейі мен танымалдығын дәріптей білу десек, оның ойдағыдай орындалғаны анық. Екіншіден халықаралық байқау мемлекетаралық сипаттағы мәдени байланыстардың нығая түсуіне де ықпал жасай алғаны анық. Сондай-ақ мерейі үстем басқосу елімізде эстрадалық әндерді орындауға бейімі бар жас таланттардың тұсауын кесуімен де ерекшелене алады. Бір сөзбен айтқанда, ауқымды ән мерекесі эстрадалық-вокалдық жанрдың одан әрі дамуына, әрі оның жаңа тынысы ашылуына негіз қалады деп ой түюге толық негіз бар. Осындай көзқарас тұрғысынан қарастырғанда эстрадалық әндер репертуарының көркемдік деңгейін тереңдету ісінде де қордаланып қалған мәселелердің тіні тарқатыла түсері хақ. Мұндай сипаттағы әндерді оған қатысушылардың дені шебер орындағаны жөніндегі қазылар алқасы мен көрермендер пікірінің бір арнаға тоғысуы да эстрадалық әндерді орындаушылардың болашағынан үлкен үміт күттіреді.
Республикамызда өткізілген эстрада әндерін орындаушылардың І халықаралық байқауы неге «Қызғалдақ-көктем» деп аталған. Мұның басты себебі – қазақ даласында қызғалдақтар бүр жарған мамыр айының басында өткізілуінде.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: «Қызғалдақ-көктем» халықаралық ән байқауынан көрініс
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ