![081211-5](http://old.egemen.kz/2011img/081211-5.jpg)
ЕЛ ӘЛЕУЕТІНІҢ ДЕҢГЕЙІ – ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ
![081211-15](http://old.egemen.kz/2011img/081211-15.jpg)
Серік НОКИН, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттік төрағасы.
ҚАРҚЫН ҚУАТТЫ, САПА СЫНДАРЛЫ
«Ой-хой, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дегендей, баспана мәселесі қашанда өзекті болып келеді. Кеңес одағы тарап, еліміз егемендік алғаннан кейін де бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен алғашқы жылдары кәсіпорындарда қаржының және бюджеттік инвестицияның болмауы салдарынан барлық көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы тоқтады. Жаңа тұрғын үй қатынастарының өмірге келуі бұл проблеманы шешудің жаңа басымдықтары мен әдістерін алға тартты. Жылдар бойы кезекке тұрып, мемлекет есебінен салынған тұрғын үйлерден тегін баспанаға ие болудан нарықтық шартпен сатып алуға көшуге тура келді. Бұл тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобын және бюджеттік сала қызметкерлерін тұйыққа тіреді. Жыл өткен сайын тұрғын үй құрылысының көлемі кеми бастады. Мысалы, 1991 жылы облыста 257,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш 1998 жылы 76,3 мың шаршы метрге дейін азайды. Шыны керек, бұл бағытта 1999 жылдан бастап коммерциялық тұрғын үй құрылысын дамыту есебінен алға басушылық болды. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа тұрғын үй саясатын жариялады. Үкімет Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама құрылыс саласының осы бағытын дамытуға серпін берді. Бағдарлама аясында коммуналдық және несиелік тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тұрғын үй салынатын аудандардағы инженерлік және коммуникациялық жүйелерді жүргізуге инвестиция қаралды. Бұл коммерциялық және жеке тұрғын үй құрылысының дамуына алғышарт жасады. Облыста 2004 жылы 102,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылы ол 296,8 мың шаршы метрге жетті. Облыста 2006 жылы 420,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан кейін 2008-2010 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Осы екі бағдарлама жүзеге асырылған алты жылда өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 20,0 мың отбасы баспаналы болды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздік жылдарында облыста 4,3 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Үстіміздегі жылы 2011-2014 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Соңғы жылдардағы тұрғын үйлерді жоспарлауды жетілдіру, жаңа озық технологияларды, сапалы құрылыс материалдарын, құрастырмаларды пайдалану есебінен олардың қолайлылық деңгейі жоғары болып отыр. Тұрғын үй құрылысын дамытуды мемлекеттік қолдау бұл бағыттағы жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылы 335,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Биыл да облыста тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұған облыстың экономикалық серпінді дамуы мен өңірде арзан да сапалы құрылыс материалдарының көптеп өндірілуі берік негіз қалап отыр. Үстіміздегі жылғы он айда барлық қаржыландыру көздері есебінен 310,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2027 отбасы баспаналы болды. Осы кезеңде тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 19,8 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 122,2 пайыз болады. Үстіміздегі жылы тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы 26,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып 393 пәтер пайдалануға беріледі деп көзделуде. Қазір 129, 96 және 168 пәтерлі үш тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып келді. Бұл тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде, олар Тәуелсіздік тойына тарту етілмекші. Жыл аяғына дейін жылдық жоспардағы 335,5 мың шаршы метр орнына 408,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Бұған толық негіз бар. Барлық салынып жатқан тұрғын үйлерде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Елімізде алғашқы рет облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған көп қабатты тұрғын үй салу қолға алынды. Бұған дейін 33 пәтерлі осындай тұрғын үй іске қосылған болатын, биыл тағыда 40 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үйлерде қоларбамен көтерілуге жағдай жасалған, пәтерлер де, балкондары да қол арбамен қозғалуға ыңғайлы, кең. Мүгедек жандарға басқа да игіліктер қарастырылған. Тұрғын үй құрылысын дамыту аудандарда да басым бағытқа ие болуда. Алайда, болашақта миллион тұрғыны бар шаһар дәрежесін алуға бағыт ұстаған Ақтөбе қаласында айрықша қарқынды дамуда. Облыс орталығының «Батыс-2» және «Ақтөбе-Сити» шағын аудандарында болашақта тұрғын үй құрылысы қарқынды дамитын болады. Әсіресе, 300 мың тұрғын болатын «Ақтөбе-Сити» шағын ауданының болашағы зор. Бұл ауданды шағын қала деуге де болады. Мұнда қазірдің өзінде инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізілуде. Алдағы жылы тұрғын үй құрылысы басталады деп күтілуде. Жалпы, облыста соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізілуде. Бұл әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі, облыстың экономикалық мүмкіндігінің молдығы, халықтың тұрмысының жақсаруы деу орынды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына осындай тың табыстармен келе отырып, бұл қарқынды алда да төмендетпеу бағытында жүйелі жұмыстар жасала беретініне сенім мол. Қанат НҰРШИН, Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасының бастығы. Ақтөбе облысы.![081211-17](http://old.egemen.kz/2011img/081211-17.jpg)
БАҒДАРЛАМА ЖӘНЕ БАСПАНА
Кез келген дамыған елдің әлеуметтік әлеуетін айқындайтын басты көрсеткіш – пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі болса керек. Бұл ретте ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы кезеңінде қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Тәуелсіз Қазақстан тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында осы 20 жылдың шеңберінде тұрғын үй құрылысын дамытуға барынша басымдық беріліп келеді. Халықтың тұрмыс дәрежесін айқындайтын осы бір маңызды саланың мәселелерін кешенді шешу мақсатымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2004 жылы еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты тұрғын үй құрылысының қарқынын кемітпеу, пәтерлердің бағасын төмендете отырып, халқымыздың басым бөлігін қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету, тұрғын үй несиелерінің мерзімін ұзарту, тұрғын үй несиелерін алу үшін төленетін алғашқы жарналардың көлемін және несиелердің ставкаларын төмендету болып табылады. Мемлекет тұрғындардың орта табысты отбасыларын қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйдің әр шаршы метрін 56 515 теңгеден аспайтын көлемде сатуды белгіледі. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарға қолжетімді пәтерлерді сату кезінде мынандай топтарға басымдық беру көзделінуде: 1. Балалары бар жас отбасыларға; 2. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың және мекемелердің қызметкерлеріне; 3. Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметкерлерге. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолжетімді пәтерлерге берілетін ипотекалық несиелердің арнайы бағдарламасы қабылданды. Ипотекалық несиелеудің мынандай жеңілдіктеріне қол жеткізілді: сыйақы ставкаларының көлемі – 9-10 пайыз; алдын-ала төленетін жарна көлемі – 10 пайыз; ипотекалық несиелер мерзімі – 20 жыл. Сөйтіп, Елбасының тікелей тапсырмасымен Тәуелсіздік жылдары ішінде іс жүзіне асырылған екі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында елімізде тұрғын үй құрылысын дамыту және тұрғындарды қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатында бұрын-соңды болмаған әлеуметтік басымдылыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жалпы көлемі 19,3 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Оның ішінде, 2005 жылы – 2,0 миллион шаршы метр, 2006 жылы – 6,2 миллион шаршы метр, 2007 жылы 8,1 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қол жеткізілген жетістіктерді ескере келіп, Мемлекет басшысы 2007 жылғы тамыз айында 2008-2010 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына өмірлік жолдама берді. Бұл бағдарлама бойынша да еліміздің аз қамтамасыз етілген тұрғындарына қолжетімді пәтерлер беруге басымдық берілген болатын. Тұрғындардың басымдық берілген топтарына жататын азаматтардың алдын-ала төлейтін жарналары болмай қалатындығын ескере келіп, бұл бағдарламада тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесінің қаржысы арқылы несиелеу шарттары қарастырылды. Тұрғын үй құрылысы жинақ жүйелері арқылы несие алушылардың сыйақы ставкаларын 4 пайыздан асырмау белгіленді. Сөйтіп, 2008-2010 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде еліміз бойынша 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Оның ішінде 2008 жылы – 6,9 миллион, 2009 жылы – 6,4 миллион, 2010 жылы 6,4 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Елімізде қабылданып, іс жүзіне асырылған екі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 1,5 миллион қазақстандық қолжетімді пәтер кілтіне ие болды. Елімізде қалыптасқан тұрғын үй құрылысын дамытудағы осы жетістіктерді одан әрі жалғастыру мақсатында 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бойынша мемлекеттік тұрғын үй құрылысын және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар салуды бюджет есебінен қаржыландыру, сонымен бірге мемлекет жеке-меншік әріптестігін ынталандыру шаралары көзделген. 2011 жылы елімізде 6 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілмек.Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
![081211-18](http://old.egemen.kz/2011img/081211-18.jpg)
Дерек пен дәйек
• Тәуелсіздік жылдарында еліміздің тұрғын үй қоры ондаған миллион шаршы метрге ұлғайды. Тек 2005-2007 және 2008-2010 жылдары жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 40 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. • 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 19,3 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 18,9 миллиард теңге қаржыға 510,6 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй салынды немесе 6184 пәтер кілті тапсырылды. • 2008-2010 жылдар аралығындағы мемлекеттік бағдарлама аясында 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй қоры іске қосылды. Бағдарлама шеңберінде 468,9 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысы немесе 6304 пәтер, сонымен бірге, 1395,7 мың метр несиелік тұрғын үй немесе 16734 пәтер кілті тапсырылды. • Елімізде 2006-2007 жылдары 3,3 мың шақырым инженерлік жүйелер, оның ішінде: 1476,7 шақырым энергиямен жабдықтау, 134,7 шақырым жылумен жабдықтау, 852 шақырым сумен жабдықтау жүйелері іске қосылды. 186,5 шақырым кәріз, 257,7 шақырым газ тарату желілері, 421,7 шақырым жол салынды. • 2008-2010 жылдары тұрғын үй құрылысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 118,241 миллиард теңге мақсатты трансферттер бөлінді. Осының нәтижесінде 2008-2009 жылдары 2332,1 шақырым электрмен жабдықтау, 139,8 шақырым жылумен жабдықтау, 872,7 шақырым сумен жабдықтау, 434,4 шақырым кәріз, 506,1 шақырым газ тарату желілері іске қосылды. 366,7 шақырым жол салынды. 2010 жылы 1264,8 шақырым электрмен жабдықтау, 54,0 шақырым жылумен жабдықтау, 391,1 шақырым сумен жабдықтау, 126,2 шақырым кәріз, 184,6 шақырым газ тарату жүйелері және 118,8 шақырым жол салынды. Тұрғын үй құрылысы саласын мемлекеттік қолдау 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында да жалғасын таппақ. Осы мақсатқа мемлекет тарапынан 120 миллиард теңге қаржы бөлінді. • Еліміздің тұрғын үй құрылысы саласында жүзеге асырылған екі мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде 1,5 миллион қазақстандық жаңа пәтерге ие болды. 2004 жылы елімізде әр адамға шаққанда 0,17 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе артып, 0,43 шаршы метрді құрады. • Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілетін 2011 жылы елімізде 6 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп күтілуде. • Қазақстандық үлескерлердің мүддесін қорғау үшін 2007 жылдан бастап мемлекет тарапынан 453,017 миллиард теңге қаржы бөлінді. Міне, осындай игі қамқорлықтың нәтижесінде 2011 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық үлескерлердің проблемасы толық шешімін таппақ. • Елімізде 2020 жылға дейінгі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реформалау бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында 10 жыл ішінде елімізде 81 мың шақырым электр, жылу, су және газ тарату желілері жаңартылмақ. Ұзақ жылдардан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген 11624 көп қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізіледі.![081211-19](http://old.egemen.kz/2011img/081211-19.jpg)
ҮЛЕСКЕРЛЕР ТҮГЕЛ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАЙДЫ
Мұхиттың арғы жағынан бастау алған қаржы дағдарысы нақты экономикалық салаларға да салқынын тигізді. Жаһандық экономикаға берік кіріккен тәуелсіз Қазақстан да одан сырт қала алмады. Қаржы дағдарысының алғашқы соққысы елімізде кең құлаш жайған тұрғын үй құрылысы саласына кері әсер етті. Әсіресе, елімізде күрт дамып кеткен үлескерлер қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй кешендері тұралап қалды. Оған жауапсыз құрылыс фирмаларының да кері ықпалы болмай қалған жоқ. Сөйтіп, жиған-тергендерін жалғыз баспана алу үшін құрылыс фирмаларына құйған мыңдаған қазақстандық үлескерлер мүддесі тығырыққа тірелді. Мәселен, 2007 жылдың ІV тоқсанында елімізде салынып жатқан 450 тұрғын үй кешенінің 62889 үлескері күрделі жағдайға тап болды. Міне, нақ осындай қысылтаяң шақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен алаяқтарға алданған үлескерлерге мемлекеттік қолдау көрсетудің кешенді шаралары белгіленді. Сөйтіп, 2007 жылдан бастап еліміздегі үлескерлер проблемасын шешуге мемлекет тарапынан 453,017 миллиард теңге қаржы бөлінді. Әлемдік қаржы дағдарысы әкелген қиындықтарға қарамастан осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан жасалған көмектің нәтижесінде 58 мың үлескердің мүддесін шешкен 410 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 13650 үлескердің қатысуымен салынып жатқан 58 проблемалық нысан қалды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 2011 жылдың 1 қарашасына дейін тағы да 3848 үлескердің мәселесі шешілген 14 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазір елімізде 9802 үлескердің мүддесі шешілетін 44 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру міндеті тұр. Оның ішінде 16 нысан Астана, 15 нысан Алматы қалаларына, 13 нысан еліміздің басқа өңірлеріне тиесілі. Астана қаласындағы 3091 үлескердің қатысуындағы 16 тұрғын үй кешенін шешудің мынандай жолдары белгіленген. Бірінші, әкімдіктің пәтерлерді сатып алуы нәтижесінде 10 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан 49,792 миллиард теңге қаржы бөлінді. Екінші, «Жаңа құрылыс» ЖШС есебінен 1 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен тағы бір құрылыс кешені, құрылыс салушылардың өз есебінен 5 нысан пайдалануға берілмек. Осының нәтижесінде биылғы жылы астаналық үлескерлердің проблемасы толық шешімін табады деп күтілуде. Алматы қаласындағы 15 проблемалы нысанның тағдыры мынандай жолдармен шешілмек. 1 нысан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен, 5 нысан құрылыс салушылардың өз есебінен, «Стресті активтер қоры» АҚ есебінен 5 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 нысанның тағдыры Қаржы министрлігінің мүмкіндігі жоқ борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитетінің қарауымен шешілмек. Ақмола облысындағы 1212 үлескердің қатысуымен салынып жатқан 1 нысан, Алматы облысындағы 2089 үлескері бар 2 нысан, Ақтөбе облысындағы 80 үлескері бар 1 нысан, Жамбыл облысындағы 72 үлескері бар 1 нысан, Маңғыстау облысындағы 542 үлескері бар 8 нысан осындай тиімді шаралардың нәтижесінде толық шешім таппақ. Қорыта айтқанда, 2011 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық үлескерлердің проблемасы шешімін таппақ. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай бұрын-соңды болып көрмеген қаржылық қолдаудың нәтижесінде елімізде ақшасын сала отырып пәтерсіз қалған бір де бір үлескер болмайды. Бүкіл қазақстандықтар жоғары көңіл-күймен қарсы алғалы отырған Тәуелсіздік тойының тағы бір табысты тартуы осындай.Жазира БУКИНА, Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің баспасөз хатшысы.
ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ БАСТАУЫ
Бұл тұжырымның ақиқаттығын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Жеке баспанаң болып, балаларыңның қызығына кенеліп, өзіңмен-өзің өмір кешкеннен артық қуаныш жоқ. «Жетім бұрыш» сағалаған кез келген отбасының берекесі болмайтындығына көзім анық жетті. Мен Астана қаласына алғашқы лекпен келіп, өз бақытымды бас қаланың болашағымен байланыстырған жастардың бірі болдым. 1998 жылы елордада еңбек жолымды бастадым. Содан бергі жылдарда Музыка академиясында, қазіргі Ұлттық өнер институтында еңбек етіп келемін. Өнер ұжымы болғандықтан елордамыздың мәдени өміріне біте қайнасып, күн сайын болып жататын үлкенді-кішілі шараларға араласып, шабыттана жұмыс істейміз. Бүгінде ұжымымыз бас қаланың басты өнер ордасына айналды десем, артық айтқандық емес. Ұлттық өнер институтының еліміздегі іргелі өнер шаңырағына айналуына жетекшіміз, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваның еңбегі ерекше. Елімізге кеңінен танымал өнер саңылағының басшылығымен біздің ұжым талай-талай әлем сахналарында Қазақстанның беделін асқақтатты. Мен Астана қаласындағы еңбек жолымды бастағанда пәтер кезегіне тұрған болатынмын. «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» дегендей, ақыры жеке пәтер алу бақытына ие болдым. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында маған осындай қуанышты хабар жетті. 13 жыл күткен пәтер кілтін алар кезде көңілім толқып, осындай күнге жеткеніме өзімді бақытты санадым. Міне, бас қаламызда бой көтеріп келе жатқан «Жағалау» атты жаңа шағын ауданнан өзіме берілген 2 бөлмелі пәтердің де табалдырығын аттадым. Бүгінгі құрылыс индустриясының озық жетістіктерімен әрлендірілген 2 бөлмелі пәтер маған хан сарайындай көрінді. Қуанышымды отбасыммен бөлісіп, жаңа пәтерде қоныс тойын тойлауға дайындалудамыз. Мұндай өмірлік қуаныш мен сияқты қарапайым өнер саласының қызметкеріне ел Тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болып отырғандығын жете сезінемін. Бас қаламыздың ортасынан осындай жеке пәтер алуыма мүмкіндік жасаған Елбасына, Үкіметімізге және өзімнің өнер ұжымыма шексіз ризалығымды білдіремін. Мемлекет басшысы елімізде тұрақтылық пен тыныштық нығая беретін болса, Қазақстанның алатын асулары асқаралы болатындығын жиі айтады. Бұл нағыз өмір шыңдығы. Міне, осы ел бірлігінің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының арқасында мыңдаған қарапайым қазақстандықтар жеке баспана алып, қоныс тойын тойлауда. Қуанышымыз қуанышқа ұласып, еліміздің мерейі әрқашан үстем бола берсін!Айсұлу ӨСТЕМІРОВА, Ұлттық өнер институтының қызметкері.
Астана.
* * *
МЕН – ҚҰРЫЛЫСШЫМЫН!
Мамандықтың жаманы жоқ. Дегенмен, адамзат тарихында бүгінге дейін белгілі болған үш мыңнан астам мамандықтың ішінде құрылысшы мамандығының алатын орны ерекше. Құрылысшы – өмір сәулетшісі. Сондықтан өзімнің құрылысшы болғанымды мақтан тұтамын. Мен бүгінде Астана қаласының тұрғын үй құрылысы саласында жемісті жұмыс атқарып жатқан «Сәтті құрылыс» ЖШС-ның алғашқы құрылған күнінен бері еңбек етемін. 2004 жылдан бері осы құрылыс ұжымында талай тұрғындардың пәтер кілтін алған қуанышты сәттеріне куә болдым. «Сәтті құрылыс» ЖШС негізінен тұрғын үй кешендерін әрлендіру жұмысымен айналысады. Қаламызда бой көтерген «Абай», «Авиценна», «Олимп-Палас», «Дипломат», «Болашақ» және басқа тұрғын үй кешендерінде менің де қолтаңбам қалды. Қазір біздің құрылыс фирмасы «Жағалау» атты жаңа шағын ауданның тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Күні кеше боз жусан тербетілген жазық далада бірнеше көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, болашақ шағын ауданның сәулеті ашыла түсті. Мен осы құрылыс фирмасында еңбек ете бастаған жылдар ішінде бірнеше құрылыс мамандығын игердім. Қазір ағаш шебері болып еңбек етемін. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланар қарсаңында «Сәтті құрылыс» фирмасы тағы бір көп қабатты тұрғын үй құрылысын пайдалануға бермек. Жүздеген астаналықтар жаңа пәтер кілтін алатын уақыт та алыс қалған жоқ.Артықбай АЖДАРОВ, «Сәтті құрылыс» ЖШС құрылысшысы.
______________________________________________
Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.