Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Күмбездің күміс бағаны (ҰҒА академигі Зәки Ахметов туралы)

2073 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, әдебиет теоретигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің 90 жылдығына арналған мазмұны терең іс-шаралар еліміздің әр аймағында өтуде.

Күмбездің күміс бағаны (ҰҒА академигі Зәки Ахметов туралы)

Күні кеше ғана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ әдебиеті мен әдебиеттануының рухани жаңғырудағы орны мен рөлі»  атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция белгілі ғалымның құрметіне ұйымдастырылды. Ұлттық университеттегі ұлағатты жиын Ұлттық академиялық кітапханадағы «Академик Зәки Ахметов зерттеулері және әдебиеттің теориялық-әдіснамалық негіздері атты конференцияға ұласты. Аталған алқалы жиындарға Қазан қаласындағы Ғ.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының директоры Ким Минуллин, Түркияның Памуккале университетінің профессоры Мұстафа Арыслан сынды шетелдік ғалымдар қатысты.

Біз оқырман назарына әдебиеттанушы ғалым туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов жазған мақаланы ұсынып отырмыз.

Академик Зәки Ахметов ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихында, әсіресе оның қазақтың өлеңтану, абайтану, әуезовтану тәрізді күрделі салаларында салиқалы, сүйекті еңбектер қалдырған айтулы оқымысты. Ұлттық поэтика, әдебиет тарихы мен теориясы, стилистика, текстология, жалпы сөз өнері, қоғамдық ой-сана жайындағы тарихи-ғылыми қағидаттар мен құндылықтарды, негізгі ғылыми ұғымдар мен терминдер жүйесін, ғылыми тіл ерекшеліктерін, сөз қолдану тәсілдерін терең пайымдап, зерделеген білгір еді. «Айда аяқ жоқ, жылда жілік жоқ» дегендей, Зәки ағаның қапияда опат болғанына да 16 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде дарабоз білімпаздың адамшылық, ізгілік, кісілік, ұстаздық, имандылық қасиеттері, мейірбан келбеті, мәселенің мәнісін жүйелі, жинақы, бейнелі баяндап, аудиторияны намазға ұйытқандай еліттіруі көңіл айнасында сәуледей жарқырайды.

Әділдігі мен әдептілігі қандай еді әз ағаның! Академик деп қол қою Әуезов пен Сәтбаевқа лайық, кейде өз-өзімнен ұяламын деуші еді. Өзімнің анам Ханша әнші еді, ел адамдары Абайды жақсы білуші еді, әнші-күйші, қис­сашы, өлеңшілердің ортасы еді, әкем халық дастандарын тақпақтап, мә­нер­леп оқып оты­­р­атын-ды деп сыр аша­тын. «Қ­а­зақтың мемлекеттік қыз­дар пе­дагогика институтында ұс­­таз бо­лып жүргенімде Мәлік Ғаб­дул­лин Ака­демияға жарты ай­лық көлемінде қы­з­метке алған еді. Сол бір жылдарда Әуезов Абай шығармаларының жаңа ғы­лыми толық академиялық ба­сы­лымын әзірлеуге басшылық жа­сады, бар қайрат-жігерін, бі­лі­мін сарқа жұмсады. Осы бір бе­ре­келі істің нәтижесінде Абай, Әуе­зов мұрасына ден қойғаным ақи­қат. КазГУ-дегі дипломдық жұ­мысымның тақырыбы – «Абай­дың эстетикалық көз­қа­ра­сы» еді. Ғылыми жетекшім профессор Бейсембай Кенжебаев та, ресми сарапшы Мұхтар Әуезов болған-ды. Демек осы ұс­­таздарымның арқасында КСРО Ғы­лым академиясының Шы­ғыс­та­ну институтына аспи­ран­ту­раға қа­былданғанда Абайдың шы­ғар­машылық өмірбаяны бойын­ша зерттеу жүргізетін ниетте бе­кін­генім рас», деген Зәки аға ғы­лым жолына қалай түскенін аң­датушы еді.

Оның «Абай және Лермонтов» дейтін кандидаттық диссер­та­ция­сының ғылыми жетекшісі, кө­не түркі жазбаларының асқан бі­­л­гірі, мәтінтанушы, КСРО ҒА кор­рес­пондент-мүшесі С.Е.Ма­лов, орыс әдебиеттану ғы­лы­­мы б­ой­ын­ша кеңесші Еуропа, Шығыс әде­­биетінің майталманы, «Едіге», «Қарасай – Қази» жырлары ха­қын­да зерттеулер туындатқан В.М.Жирмунский, Ислам тарихынан лекция оқыған академик И.Ю.Крачковский жас ғалымның ғы­­лыми-шығармашылық әлеу­е­ті­­нің кемелденуіне әсер етті. Өзі де орыс, Еуропа, шығыс халық­т­а­ры­ның әдебиетінен мол сусын­да­ды.

Орыс тілінде Пушкин, Лер­монтов, Некрасовтарды мән-маз­мұнын жыға танып, жатқа тө­гілдіретін сахараның жас нау­шасы Зәки Ахметов 19 жасында жасындай жарқылдап, яғни 1947 жылдың қыркүйегінен бастап 1949 жылдың мамырына шейін Ленинград Мемлекеттік уни­верситетінің Шығыстану фа­культетінде дәріс оқығаны қан­дай ғанибет десеңізші! Жас бол­са да оның шалқар білімін бі­лімпаздардың ордасы кәдеге жа­ратты. Тектіліктің, тереңдіктің, зи­я­лылықтың, пассионарлық құлшыныстың нақты көрінісі ғой.

Академик Зәки Ахметов ұлт­тық өлең­тану ғылымында ай­рық­ша кесек ғылыми ой-тұжы­рым­дар өрбіткен зерт­теуші екен­ді­гіне, әсіресе оның «Казах­ское сти­хосложение» (1964), «Өлең сөз­­дің теориясы» (1973), «Қа­зақ өлеңі тео­риясының негіз­де­рі» (2002), «Поэзия шыңы – даналық» (2002) атты зерт­теу­лері айғақ. Өлеңтанушы З.Ах­ме­товтің көрсетуінше, поэ­зия тілі мен көркем формалар та­би­ғатын ұғып-түсіну үшін өлең құ­рылысының ішкі құпиясын тек­­серіп-талдау, тану аса мәнді. Рас­ында, өлең – аса күрделі, сан қыр­лы құбылыс.

Академик З.Ахметов шығыс­та­нушы Т.Ковальскийдің түркі поэ­зиясы тари­хын­да ұқсастық пай­да болуын ерте дә-
у­ірге жат­қызғанын қуат­тайды. Ака­де­мик В.В.Радлов түркі поэ­зия­сын­дағы ұй­қастың дамуы араб-парсы әде­биетінің әсерінен деп жазады. Ұй­қасу реті аааб болып келу көп­­теген шығыс халықтары поэ­зия­сына тән. Түптеп келгенде, осын­дай ұйқасым тәртібі Абайда бар, тіпті Махмұт Қашғариде де қол­данылған дейді.

Е.Бертельс Махмұт Қаш­ға­ридің «Ди­уани лұғат ат-тү­рік» шығар­ма­сын­дағы кей­бір поэ­зия­лық мұралардың ұйқа­сқа құ­­рылатындығын орынды кел­ті­реді.

Академик В.Жирмунский мен Х.Зарифов түркі поэзиясындағы ұйқас­тың пайда болуын син­так­систік паралле­лизммен байла­ныс­тырады. Академик Зәки Ахметов ұйқастың соншалықты жо­ғары дәрежеде дамуына, кең қол­даныс табуына ұлттық поэзия ті­лінің бейнелілігі, сөздің таби­ғи әуезділігі, сөй­леу­дің ырғақтық-син­так­сис­тік түзі­лісі ықпал еткен деген тұжы­рым жасайды.

Ұлттық өлеңтану ілімі тарихында академик Зәки Ахметов ұйқастың фоне­ти­калық жүйе­сіне, буын құрылы­сына, дыбыс­тар (дауысты, дауыссыз) үн­дес­тігіне, ырғақ табиғатына төр­кін­дестігін терең зерделейді. Оның көрсетуінше, ұйқас – поэ­зия­ның басты сипаты, тар­мақ со­ңындағы сөздердің үйлесімі, ды­быс­тық жарасымдылықтар, өлең­нің ыр­ғақтық-интонациялық құ­рылымының ай­рықша тұрақ­ты те­тігі. Ұйқас – өлең сөз­ді тар­мақ­тарға жіктеудің көрсет­кі­ші. Ол көркемдік сана айнасын­да поэ­­­зиялық шығарманың ыр­ғақ­тық жүйесіндегі негізгі эле­ме­нт, тұ­­тас буындарды әуез­ді­лікке кө­ші­ретін тәсіл.

Асылында, ұйқастың ырғақ пен инто­на­цияға ықпалы орасан, се­манти­ка­лық, көркемдік мәні де ерекше.

Зәки Ахметов еңбегінде ұйқас құ­рамындағы дыбыстың са­па­­сы, әуезділігі, толық мән­де­гі акустикалық сәйкестігі, сингармониялық үйлесімділігі, түр­лері (толымды, толымсыз, құ­рамды, редифті) ғылыми-тео­риялық тұрғыдан байыпталады.

Ол ұйқасты ұлттық көркемдік дәс­түрлердің баюымен, өлең құ­рылысының күрделеніп ке­мел­де­нуімен біртұтастықта қарас­ты­рып, қазақ өлеңіндегі ұйқас жүйесінің жоғары деңгейде са­ла­­­ланып-сараланып дамуына ұлт­­тық поэзия тілі­нің об­раз­ды­лы­ғы, сөздің табиғи әуез­ділігі, сөй­­леудің ырғақтық-синтак­сис­тік түзілісі ықпал еткен деген тұ­жырым жа­сай­ды.

Академик Зәки Ахметов тү­р­кі поэзия­сын­дағы ұйқас ту­ра­лы ой өрбіткен шығыс­та­ну­шы­лар Ф.Корш, В.Гор­д­левский, Т.Ковальский, Е.Э.Бертельс, эпос­танушылар В.М.Жир­мун­с­­кий, Х.Т.Зарифов сынды оқы­мыс­тыларды ілтипатпен атайды. Ғұлама ғалым шумақ құрылысына тән сипат-белгілерді былайша көрсетеді: 1) поэзиялық ойдың белгілі бір дәрежеде аяқталып тиянақталуы; 2) өлең сөйлемдері синтаксистік-ыр­ғақтық тұрғыдан толық мүсінделіп, инто­нациялық толқындануының аяқ­талуы; 3) шумақтағы тармақ саны­ның тұ­рақтылығы; 4) шумақ жасайтын тар­мақ­тарда ұйқас тәртібі қатаң сақ­та­лады.

Ұлттық поэтика майталманы Зәки Ахметов орыстың әде­би­ет­тану ғылы­мын­дағы ой-пі­кір­­лерге сүйене отырып, ой жі­­­бін тар­­қатады. Сондай-ақ С.Сей­­фул­л­ин, С.Мұқанов, Б.Кен­же-
­­ба­ев байламда­рын, иіні кел­ген­де, ғылыми қол­данысқа ен­гі­зеді.

­Қазақ өлеңінің теоретигі ха­лық поэ­зия­сындағы ән-өлең­де­рінің түрлеріне (өлең, қа­ра өлең, айтыс, қайым, жыр, тол­­ғау, тер­ме, тақпақ), қазақ ауыз әде­би­­етінің байырғы өкіл­деріне (жырау, жыршы, ақын, өлеңші), көне түр­кі жазба ескерткіштерінің тілі мен стиліне зейін ауда­рады. Қазақстан мен Орта Азия жерін­де жаз­ба әрі ауыз әдебиеті жоғары дә­­ре­жеде дамығанын және 7 буынды өлең­дерді қолданғанын атап өтеді.

Ал 11 буынды өлеңдер түркі халық­та­ры поэзиясында, атап айт­қанда, өзбек, әзербайжан, қара­қалпақ, татар жырларында жә­не тәжік-иран әдебиетінде бар. Ф.Корштың жазуынша, әзер­байжанда 11 буынды өлең, ыр­ғақтық өрнегі 5+6, 6+5 тү­рі кең жайылған. Осындай тоқы­лыс Ясауи хикметінде ұшы­ра­са­тынын Зәки Ахметов те көр­сеткен.

XVIII ғасырда 11 буынды қара өлең үлгісі кең қолданыс тап­қан. «Ақтабан шұбырынды, Ал­қакөл сұлама» оқиғасына ар­нал­ған «Елім-ай» қара өлең үл­гісімен айтылған. О заманда ту­ған кесек дастандар, айталық, Жа­­нақ жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры және Абай­дың «Ескендір», «Әзім әңгі­ме­сі», «Масғұт», «Вадим» шығар­ма­ла­ры қара өлең түрімен кестеленген. Қиссалар да осылай.

Шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас құры­лы­сына енгізген жаңа­лық­та­рын ғылыми-теория­лық тұр­ғы­дан тексеріп таразылайды. Әс­і­ресе Абай Пушкин өлеңі­нің мелодиялық байлығын, түп­­нұс­қаның рухын, сырын, ин­то­на­циясының нәзік рең­к­те­рін, ыр­ғақтық суретін әсер­лі жет­кізгенін сипаттайды. Ауыз­екі сөйлеудің интонациясын ке­мел­дік­пен байытқанын тәп­тіш­тей­ді. Бұл орайда «Бай сейіл­ді», «Ем таба алмай», «Тайға мін­дік», «Сұрғылт тұман дым бүр­кіп», «Жалын мен оттан жаралып», «Қуаты оттай бұрқырап», «Қатыны мен Масақбай», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Сегіз аяқ» өлеңдері жа­ңа­шылдық құбылыстарымен қы­зықтырғанын қадап айтады.

Поэзия мұхитынан, сұлу­лық дүние­сі­нен жеміс терген, жемісін елге берген алтын ағаның білімдарлығына діл­марлығы, санаткерлігіне ар-ождан, рух тазалығы, көркем мінезі ұштасқан еді-ау! Иә, ғұла­ма­ның мұрасында ұлт тілі­нің керемет сыры, рухы, көркемдігі, тереңдігі, даналық дәрістері біліктілікпен сараланған.

1951 жылдың 5 қаңтарында «Абай және Лермонтов» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Осынау кесек зерттеуде Абайдың аударма саласындағы үздік өнеріне, сөз саптау шеберлігіне, көркемдік ойлау жүйесінің тегеурін-қуатына барынша терең талдау жасайды. Абайдың Лермонтовпен иық те­ңестіріп тұратындығын әрі бә­се­ке­лес те рухтас екендігін ке­лісті әңгі­ме­лейді. Қыруар салыс­ты­руларды жү­йе-жүйесімен жік­теп тексереді. Абай­­дың Лер­монтовты құштарлықпен ауда­р­­ға­нының себебін ол «ерекше ыза­ның ақы­ны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп, өте-мө­те бүйрегі бұрылып, ынтасы ауып, жүрегі қалап жақын тұт­қа­­нын зерделілікпен таразылап тү­сін­діреді.

Абай аударған Лермонтовтың «Ой» деген өлеңі жайында «Дү­ние, өмір жайлы тынымсыз ойға ба­тып, бәрін сынап, ақыл­ме­нен са­ралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де; жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан айтқан, азулы күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бә­рі де осы өлеңнен молынан се­зіледі», деп жазған. Демек зерт­теуші терең тамырластықты, төр­кіндестікті, сарындастықты аңғарған.

Задында, Зәки Ахметов абайтану мен лермонтовтануға жа­ңа­шыл құ­бы­лыстар енгізді. Жас ғалымның тұ­жы­рымды ой-пікірлерін академиктер Крач­­ковский, Струве, Баран­ни­ков, про­фес­сорлар Ефимов, Бер­ков, көрнекті лер­­­монтовтану­шы В.А.Мануйлов қол­дап қуат­тады. Сөйтіп оқу мен жазуды, тыңдау мен сөйлеу өнерін, қыс­қа қайырғанда, бірнеше өнер түр­лерін түбегейлі меңгерген ру­хани балғын қа­сиет­тің иесі Зәкең зиялы ойшыл қа-
у­ым­ның, озат та үлгілі ортаның барша жақсылықтарын бойына тұтастай сі­ңірді. Осы кезде ұлттық әдебиеттану ғы­лымының болашақ ту ұстаушысы ре­тіндегі ал­ғышарттары қалыптасты. Сө­зіміз дәлелді болу үшін ғылыми же­текшісі С.Е.Маловтың пікірін кел­тіре кеткен дұрыс. Ол кісі шә­кіртімнің ғы­лыми танымының те­реңдігіне, зер­дел­і-
лікпен ой тол­ғауына, білім деңгейіне жә­не ең­бексүйгіштігіне дән разымын деген екен.

Зәки Ахметов 1965 жылдың 2 ақпа­нында докторлық диссертация қор­ға­ғанда ұлы жазушы Сәбит Мұқанов былай деген:

– Өлең құрылысы туралы бұ­рын да аз жазылған жоқ. Зәки Ахметов соларды түгелдей бі­ліп, ескеріп, қазақ өлеңін жаңа қы­­рынан терең зерттеген. Оның «Қа­зақ өлеңінің құрылысы» атты зерт­теу еңбегі – бұған дейін ай­тыл­­­маған толымды, көңілге қо­ным­ды пікірлер айтуымен құнды.

Академик В.М.Жирмунский Зәки Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» зерттеуін түркітануға және өлең теория­сына қосылған бағалы еңбек деп есептейді. Профессор Темірғали Нұр­тазин: «Өлең құрылысының нәзік құ­бы­­лыстарын тамыршыдай дөп ба­сып, жатық тілмен ұғынықты жет­кізетін сирек талант иесі», дейді.

Зәки Ахметов биік эрудиция­сымен баурайды, тамыр тере­ңі­мен қопара тексереді, аса біл­гірлікпен, үлкен мәде­ни­етпен, білімдіге тән әдеп-иба­мен сөйлейді, жазады. Толға­ныс­тары мен талдаулары жан-жақты, терең, кең. Жан са­рай­ының кіршіксіздігі сондай, алыс-жақынға қылдай кінә­рат келтірмейтіні былай тұр­сын, өзінде тіпті тірі пендені жек ­көру сезімі атымен жоқ еді; адам атаулыға тек ғашық көз­бен қарайтын. Қазіргі қазақ әде­биеттануының күмбезін тіреп тұр­ған күміс баған еді, – дейді ака­демик-жазушы Зейнолла Қабдолов.

Ұлт санаткері Зәки Ахметовтің әде­биет тарихы мен теориясы, ұлттық поэ­тика мен өлең жүйе­сі, абайтану мен әуе­зов­тану жай­ы­ндағы монографиялары Қазақстан ғылымы тарихында жар­қын бе­лес болып есептеледі. Оның еңбектері Қытай, Түркия, Ресей мемлекеттерінде, Минск, Кишинев, Ереван, Баку, Ташкент, Бішкек қалаларында жарық көрді.

Зәкең дарынды зерттеуші, талантты ұстаз ретінде қоғамның ғылыми әлеуетін көркейту ісін­де, елді сәулелендіру жо­лын­да елеулі із қалдырды. Оның же­те­к­­ші­лігімен 20-дан астам док­тор­лық және кандидаттық диссер­тациялар қорғалды.

Ол репрессияға ұшыраған Алаш қай­раткерлерінің шығар­машылық мұра­сын баға­лау­да та­­рихи әділеттілікті қал­пы­на кел­­­тіруге орасан зор еңбек сі­ңір­­ді. Ғы­лыми-мето­до­ло­гия­лық әдіснаманы шығар­­ма­шы­лы­ғының түпқазығы еткен тумысы бөлек, тұлғасы биік академик Зәки Ахметов кейінгі ұрпаққа қымбат қазына қалдырды.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор