Аймақтар • 16 Мамыр, 2018

Жаңаарқада – жаңа зауыт

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңаарқа ауданының орталығы, тоғыз жолдың торабында орналасқан Атасу кентінде Сингапурдан келген инвестор шағын (аз тонналы) мұнай өңдеу зауытын салатын болды. Ауқымды жоба туралы келісімшартқа «Абылайхан» компаниялар тобы мен «R Way Solution PTE Ltd» фирмасының басшылары қол қойды. 

Жаңаарқада – жаңа зауыт

Бұл жөнінде «Атасу кентінде аз тонналы мұнай өңдеу зауытының құрылысы» және «Юрта» жанар-жағармай бекеттерінің құрылыс жобалары жөнінде өңір басшысы Ерлан Қошанов өткізген кеңес барысында белгілі болды.

300 млрд теңгенің жобасы

Жалпы, бұл жоба сәтімен іске асқанда, мұнай өндіруден бас­тап дайын өнімді сатуға де­йін­гі аралықты қамтитын өн­ді­ріс­тік толық цикл салтанат құрады. Атасу кентінде зауыт құрылысы және қажет­ті инфра­құрылым жасау жұмыс­тары жүргізіліп жатқанда онымен бір мезгілде Қостанай облысындағы «Новонежинское» кен орнында геологиялық бар­лау қолға алынып, мұнай өн­діру қоса жүргізілмек. Бұ­дан бөлек, дәл осы кезеңде бү­кіл Қазақстан бойынша 260 «Юрта» жанар-жағармай құю бе­кетінің құрылысы бастала­ды. Айта кету керек, бұл автомай құю стансаларының 26-сы Қарағанды облысының аумағында салынбақшы. Инвес­торлардың айтуынша, жанар-жағармай құю бекеттерін жобалау барысында дамыған елдердің озық тәжірибелері ескерілген екен. Мұның өзі жол бойындағы сервистің жоғары деңгейге көтеріле бастауына және елдегі туризмнің дамуына игі әсерін тигізері сөзсіз деп есептейді инвесторлар.

«Новонежинское» мұнай кен орнында 25 ұңғыма бұр­ғы­ланады. Жаңа зауытқа Қос­танайдан темір жол арқылы жет­кізілетін мұнайдың 1 миллион тоннасы өңделетін болады. Бұл – бір жылдағы мөлшер. Осының өзі еліміздегі ішкі нарықтың 10 пайызға жуығын жабуға мүмкіндік береді.

Жалпы құны 300 миллиард теңге болатын ірі жобаны аяғы­на дейін жеткізуге үш жылдай уақыт кетеді екен. Яғни жос­пар бойынша, құрылыс биыл бас­та­лып, 2021 жылы мәресіне жетуі тиіс.

Еуро-5 бензинін өндіреді

 «Абылайхан» компаниялар тобының басқарма төраға­сы Әмір Ысмағұлов зауыттың мұнай өңдеуде гидрокрекинг деп аталатын технологияға арқа сүйейтінін атап өтті. «Атасу мұнай өңдеу зауытының өнім­дері халықаралық стандарттар талабына сай болады», деді ол сенімді түрде.

Гидрокрекинг технологиясы еуро-5 стандартты бензин мен Jet-А1 маркалы авиация­лық отын алуға мүмкіндік бере­тін кө­рінеді. Сондай-ақ мұнай өнім­дері Қостанайдан зауыт­қа жеткізілгенде, шикізат оил-танкер технологиясына сәйкес арнайы сыйымдылық ыдыстарына құйылып, мөр басылып, содан кейін ғана жанар-жағармай бекеттеріне жеткізіледі. Маман­дардың айтуынша, мұндай тәсіл тұтынушыны сапалы және мол өніммен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді және мұнай қой­масына деген тәуелділіктен арылтады екен.

 Өз кезегінде «R Way Solution PTE Ltd» компаниясының басшысы Рагунандан Баласубра­ма­ниан инвестиция салардан бұрын аталған жобаның өңір экологиясына, әлеуметтік жағ­дайына қаншалықты әсер ете­тініне барынша назар аудара­тын­дықтарын жеткізді. «Біз стратегиялық инвестормыз. Қан­­дай да бір елге инвес­тиция құй­­мас бұрын әуелі сол жер хал­қы­ның жағдайына, оның эко­ло­гиясына әсер ететін жайттарды жан-жақты зерттейміз. Сөйтіп келеңсіздік  тудыратын жағдайларды мейлінше азайтуға тырысамыз. Сонымен қатар біз соңғы технологияларды әке­леміз. Әлеуметтік жобаларды да назар­дан тыс қалдырмай, инф­ра­құрылымға да көңіл бөле­міз. Жалпы, энергетикалық жоба­лар­дың маңызы зор», деді сингапурлық инвестор.

800 адамға үй салады

 «Абылайхан» ЖШС басшысы инвестор қарастырған кезде қалталы компанияның экология мен әлеуметтік жағдайға деген көзқарасына баса мән бергендіктерін айтты. «Мысалы, – деді ол, – «R Way Solution PTE Ltd» компаниясының табыстың қомақты бөлігін түрлі елдерде әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арнап емханалар салуға жұмсайтынынан жақсы хабардармыз. Сонымен қатар олар күн және жел энергиясын дамытуды қолдайды екен. Ал бізде күн мен жел дегеніңіз жетіп артылады».

Айтса айтқандай, шетелдік инвестор Атасу кентінде зауыт­тың 800 жұмыскеріне  арнап тұрғын үй қалашығын, меди­ци­на орталығы мен спорт кеше­нін және балабақша сынды әлеу­меттік маңызы зор нысандар салмақшы. Сонымен қатар зауытта жұмыс істейтін мамандарды оқыту үшін кентте колледж ашу да жоспарларында бар екен.

«R Way Solution PTE Ltd» ком­­па­ниясы басшысының ай­туын­­ша, біздің елге деген қы­зы­ғу­­шылықтың тууына мұн­дағы  инвестициялық ахуал­дың қо­лайлылығы себепші болған екен. Сонымен қатар ол Қазақ­стан­да жаңа технологияларды ен­­­д­ірудің зор мүмкіндіктері бар­лығын және мұндағы «жасыл» эконо­миканы дамытуға деген құлшы­ныстың жоғарылығын атап өтті.

Сәтін салып жаңа зауыт пайдалануға берілгенде 800 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал облысқа тиесілі 26 жанар-жағармай бекеті іске қо­сылғанда, бұл салада барлығы 1200 адам адал нанын тауып жейтін болады. Жалпы, мұнай өңдеу зауытының құрылысына мердігер компаниялардан 3 мың­ға жуық құрылыс маманы тар­тылмақшы.

Жаңаарқа жерінің ендігіде инвестицияның игілігін көріп, өңірдегі индустриялық өлкеге айналарына деген сенім мол.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы