– Марафонға қатысуға ниет білдіргендер аптасына үш рет әртүрлі қашықтықта қала көшелерінде жүгіріп, дайындықтарын пысықтады. «Жүгіруге қатысушы физикалық тұрғыда мықты болуы керек, ол үшін алдын ала дайындық шараларына қатысқан дұрыс, – дейді жаттықтырушы Алтай Құспанов. – Мысалы, 42 шақырымға жүгіретіндер үшін сөреден мәреге дейінгі уақыт үш сағатқа созылады. Қажет құралдарды, су, жүрек жалғайтын асты да алып шығу керек. Желаяқ болу оңай емес, бірақ көпшіліктің марафонға қызығушылық танытқаны біздің де жұмысымызға серпін берді.
Сонымен көптен күткен сын сағаты да таяды. «Atyrau Marathon» жарысына үш мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында басқа облыстардан, тіпті шетелдерден келгендер де бар. Ең алыс қашықтық – 42 шақырымды 150-ден астам адам бағындырды. 10 шақырымға жүгіруде 1000-нан аса ерікті тіркеуден өтсе, 4,5 шақырымда 1500-ға жуық желаяқ бақ сынады.
Марафонның абсолютті чемпионы атағын Базарбай Дауталиев жеңіп алды. Оған ақшалай сыйлықпен қоса теледидар және Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының арнайы сыйы – жүйрік жылқы тарту етілді. Екі параолимпиадашы Ерлан Қазиев және Кенгес Көниевке «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлық тапсырылды. 71 жастағы зейнеткер Бекет Қадыралин жарыстың ең егде қатысушысы ретінде арнайы сыйлыққа ие болды.
Даңқты желаяқ Әмин Тұяқов, үздік марафоншы, Азия, Африка, Аустралия мен Американың ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен адамзат тариxындағы алғаш атлет Марат Жыланбаев, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының қатысушысы Александра Романова «Atyrau Marathon-2018» сайысының құрметті қонақтары болды.
Атырау облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бағдарлама аясында «Atyrau Marathon» додасы биыл екінші рет ұйымдастырылғанын айтады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге. Барлық қашықтықтарда бірінші болып келгендер 150 мың теңгеден сыйақы алды. Жүйрік желаяқтарға Әмин Тұяқовтың кітабы да сыйға берілді.
– Спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанудың жақсылығы көп, – дейді Әмин Тұяқов. – Жарысқа қатысқан соң әрине жеңгенге не жетсін, бірақ басты мақсат бәйге алу емес, осындай үлкен додаға қатысқанның өзі мерей.
«Atyrau Marathon-2018» жарысын ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев қатысушыларға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Марафон қатысушылары мен қонақтары үшін арнайы шоу-бағдарлама дайындалды. Қашықтықты бағындырған жүйріктердің құрметіне эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы қойылып, спорттық шара нағыз мерекеге айналды.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ