Өлке дамуына айтулы үлес қосқан қайраткер Аманбек Түсіпханұлы Әбдіхановты еске алу құрметіне волейболдан ерлер арасындағы турнирге алды Қырғызстаннан келген, Астанадан, Павлодардан, Теміртаудан, Балқаштан және басқа қалалардан жиналған 14 команда қатысты. Шаруашылық директоры, Жаңаарқа, Абай аудандарының әкімі кезінде спортқа да қамқорлық жасауға, ауыл жастарының волейболға деген ықыласын серпілтуге, құштарлығын күшейтуге ден қойған азамат атындағы жарыс мәртебесі жылдан-жылға өсіп отыр.
Мұның алдында жер-жерде өткен іріктеу ойындарында озып шыққандар 4 топқа бөлініп, бәсекеге түсті. Қай-қайсы да оңай шағыла қоймайтын жаңғақ еместігін көрсетіп, тартысты қыздырды. Дегенмен шын шеберлік мойындатпай тұра ма! Жеңіс тұғырына көтерілу үшін шешуші кездесуде Астана қаласының құрама қомандасы павлодарлық қарсыластарын тізе бүктірді. Жеңімпазға арнайы Кубок тапсырылып, бас жүлдеге тігілген сыйлық табыс етілді. Үзеңгілес бәсекелестер де, үздік деп танылған ойыншылар да сый-сияпаттан құр алақан қалмады.
– Үрдіске айналған бұл турнир ауыл, қала жастарын доп ойынының осынау бір тамаша түрімен шұғылдануға тартып келеді. Оны ұйымдастырудың алғашқы жылдарында бірен-саран ғана команда қамтылса, қазір көпшілігі одан қалыс қалмауға тырысады. Сондықтан Әуесқой Волейбол Лигасын құрып, күзден қысқа дейін волейбол бойынша маусымдық ойындар өткізіліп тұратын болды, – деді Қарағанды қаласы волейбол федерациясының жетекшісі Кенжеғұл Түсіпханов.
Сондай-ақ жарыс барысында мәлім етілгендей аталған турнир келесі жылы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының тікелей қолдауымен ресми түрде республикалық маңызы бар деңгейде өткізілетін болды. Демек, бокс пен күрестен даңқы асқан Қарағандының волейбол арқылы да атағы жаңғыруына әсері зор болмақ. «Өнегенің өрісі кең» деген осы. Үлкен волейболға жол салған үрдіс ықпалы бұл.
Айқын НЕСІПБАЙ
ҚАРАҒАНДЫ