Қазақстан • 16 Мамыр, 2018

Самарқанд қаласында Қазақстан және Өзбекстан Ішкі істер министрлерінің кездесуі болды

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) Қазақстан және Өзбекстан Ішкі істер министрлерінің кездесуі болып өтті. Оған министр Қалмұханбет Қасымов бастаған Қазақстан ІІМ делегациясы, Өзбекстанның ішкі істер министрі Пулат Бобожонов қатысты.

Самарқанд қаласында Қазақстан және Өзбекстан Ішкі істер министрлерінің кездесуі болды

Іс-шара барысында екі елдің ішкі істер органдарының қыл­мысқа қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылын нығайту, шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, практикалық тәжірибе алмасу мәселелері, сондай-ақ заң шығару қызметі талқыланды.     

– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны барлық қызмет саласында көрініс табуда. Сон­дай-ақ ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастықтың да өзіндік тәжірибесі қалыптаса бастады. Біздер екіжақты, сонымен бірге бірнеше тарап болып та, дәлірек айтқанда ТМД және ШЫҰ аясында да бірлескен іс-шаралар атқарамыз, көптеген проблемалар Ішкі істер министрлері кеңесінің отырыстарында талқыланады, – деп атап өтті Қ.Қасымов.

Кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан Ішкі істер министрліктерінің Үйлестіру тобын құру туралы бірлескен бұйрыққа қол қо­йыл­ды, аталған топтың құрамына ми­нистрліктердің бейіндік қызмет­терінің бірінші басшылары сай­ланды.

Іс-шара шеңберінде Қазақ­стан мен Өзбекстан ІІМ бейіндік қыз­мет басшыларының екі тарап­тық кездесулері өткізілді.