08 Желтоқсан, 2011

«Алтын қалам» жеңімпаздары марапатталды

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше ENRC (Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы) мен «Егемен Қазақстан» газетінің баста­ма­сымен ұйымдастырылған еліміздегі өнер­кә­сіп тақырыбына жазатын қазақ журналистері арасындағы ІІ респуб­ли­ка­лық «Алтын қалам» шы­ғармашылық байқауының жеңімпаз­дарын марапаттау рәсімі болып өтті. Байқау ағымдағы жылдың қаңтар айында бастау алған болатын. Оның негізгі мақсаты – қазақ журналистикасында кенжелеп қал­ған экономика және өнеркәсіп тақырыбына қалам тартатын журналистерді ынталан­ды­ру. Арнайы құрылған әділ қазылар алқасы­ның құрамына ENRC Қазақстан прези­ден­тінің бас кеңесшісі Ибрагим Еділбаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, белгілі қаламгерлер Алдан Смайыл және Жарасбай Сүлейменов енген еді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін Иб­ра­­гим Еділбаев ашып, алғашқы сөзді Сауытбек Абдрахмановқа берді. Қазақ тілді мерзімді басылымдардағы кенжелеу қалып келе жатқан сала – өнеркәсіп тақырыбы. Өндіріс саласының инновациялық қыр-сырына те­рең бойлап, бүгінгі өркениетті өнеркәсіп жетістіктеріне қалам тартатын қазақ жур­на­лис­терінің шоғыры аз. Сондықтан ел эконо­ми­касының маңызды тақырыптарын жазуда мемлекеттік тілдің беделін арттырып, аясын кеңейту мақсатында екі жылдан бері ENRC компаниясы мен «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті осындай республикалық байқау өткізуді қолға алды, деді «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің басшысы Сауытбек Абдрах­манов. Алғашқы жылға қарағанда биылғы өткізіліп отырған байқауға қатысқан қазақ журналистерінің қарасы мол, байқауға келіп түскен мақалалар үш есе көп болды. Алдағы уақытта осындай байқау өткізу дәстүрге айналады. Одан кейін сөз алған жазушы Алдан Смайыл өнеркәсіп тақырыбына қалам тарту­дың күрделі екендігіне тоқтала келіп, тіпті еліміздің терминология орталықтары да жаһандану үрдісіне терең кіріккен өндіріс, экономика тақырыптарының жаңалық­та­ры­на үнемі ілесе бермейтіндігін атап көрсетті. Ал Жарасбай Сүлейменов пен ENRC Қа­зақ­станның корпоративтік коммуникациялар бас­қармасының басшысы Майра Қуан­ды­қо­ва бүгінгі өткізіліп отырған шараның қазақ журналистикасында кенжелеп қалған эконо­мика, өндіріс тақырыптарында мемлекеттік тіліміздің беделін арттыруға ерекше ықпал ететіндігін тілге тиек етті. Жыл бойы өткізілген ІІ республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауы­ның қорытындысы бойынша бірінші орын және 500 мың теңге бас бәйге «Жас қазақ» республикалық газетінің экономика және тал­дау бөлімінің редакторы Гүлзат Смағұ­ло­ваға берілді. Екі екінші орынды «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолу­шысы Жылқыбай Жағыпарұлы мен Павлодар облыстық «Сарыарқа» самалы газетінің журналисі Нұрбол Жайықбаев иеленіп, әр­­қай­сысы 400 мың теңге сыйлыққа ие болды. Үш үшінші орын «Дала мен қала» рес­пуб­ликалық әлеуметтік саяси басылымы­ның жур­налисі Нұрлан Жұмаханов, «Оңтүс­тік Қа­зақстан» газетінің экономика бөлімі­нің мең­ге­рушісі Суханберді Оразалиев және Атырау облыстық «Мұнайлы астана» газе­тінің бас редакторы Құттыгерей Смадиярға берілді. Олардың әрқайсысы 300 мың теңге кө­ле­мін­де ақшалай жүлде алды. «Үздік жас журналист» номинациясында «Алаш айна­сы» рес­публикалық қоғамдық саяси ақпа­рат­тық газе­тінің тілшісі Камшат Сәтиева ма­рапатталып, 150 мың теңге ақшалай сый­лық­қа ие болды. Қазақ журналистері арасындағы респуб­ли­калық «Алтын қалам» шығармашылық конкурсының басты мақсаты мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсету, өнеркәсіп са­ла­сына қалам тартатын қазақ тілді журна­лис­тердің кәсіби шеберлігін шыңдау, мерзімді баспасөзде жаңа экономикалық ойлау үрдісін қалыптастыру болып табылады. Бұл байқау ENRC компаниясының БАҚ-тарда мемлекеттік тілге қолдау көрсету жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір жобасы ретінде жүзеге асып отыр. Берік САДЫР. ___________

Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.