Баспасөз конференцияның алдында републикалық БАҚ өкілдері «ҚазМедиа» орталығының фойесінде облыстағы Өңірлік жобалық офистің интерактивті алаңдары туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік алды. «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» «Ақпарат толқыны» аталатын интерактивті алаңдардың әрқайсысының өзіндік қызметі бар.
Мәселен, «Тәрбие және білім» алаңындағы оқыту үстелі пайдаланушыларға латын әліпбиін оқып үйренуге, дәрістер оқуға, өңірде жүзеге асырылатын бірегей жобалар туралы ақпараттармен танысуға мүмкіндік береді. Ал, «Рухани қазына» алаңы арқылы бағдарлама аясында облыста іске асырылған жобалар және киелі жерлерінің интерактивті презентациясын тамашалауға болады. Сондай-ақ, «Атамекен» «Ақпарат толқыны» алаңдарында бағдарламаның түрлі саласында жұмыстармен таныстырылады. Мұнан бөлек, алаңда «Co-working» орталығы жұмыс жасайды.
Өңір басшысы алғы сөзін облыста бағдарламалық мақаладан туындайтын «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары мен «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру», «100 жаңа кітап», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет», «100 жаңа есім» арнайы жобалары сәтті іске асырылып жатқандығынан бастады.
Өткен жылы өңірде 1,1 млрд теңгені құрайтын 22 жоба мен іс-шара өткізілген. Ағымдағы жылы құны 3,8 млрд теңгеге болатын 133 жоба мен 66 іс-шара қолға алынбақ. Мұндағы қаражаттың 3,4 млрд теңгесін демеушілер арқылы тарту көзделген.
Бағдарлама аясында өңірлік жобалық кеңсе құрылып, сарапшылар кеңесі өз жұмысына кірісті. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларына арналған интерактивті алаңдар ашылды. Өңірден шыққан 80-ге жуық кәсіпкер-меценаттардың есебінен жалпы құны 817 миллион теңге болатын 23 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Биыл жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын 29 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілетін болады.
Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қала ретіндегі Тараз шаһарының бай тарихын туризм кластерін дамытуда кәдеге жарату жоспары түзілді. Нәтижесінде «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасының қасиетті 100 нысан тізіміне облыстан 8 тарихи-мәдени орны енгізілді. Жамбыл облысынан Қазақстанның жергілікті мәндегі өңірлік қасиетті орындарының картасына ұсынылған 27 ескерткіш Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен шыққан «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» кітаптарына енді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі және «Қазақстан темір жолы» АҚ арасында «Ақыртас» тарихи кешенін қалпына келтіруді бірлесе жүргізу бойынша Меморандумға қол қойылды,–деді Асқар Мырзахметов.
Айта кету керек, бағдарламалық мақаланың негізінде облыс орталығының өзіндік сәулет келбетін қалыптастыруға жіті назар аударылған. Соңғы екі ай ішінде «Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына 300 жұмысшы мен мен 50 техника жұмылдырылды.
Саябақ жанындағы Жансүгіров көшесіне тағы бір жолақ қосылды. Ал кіреберіс қақпаға ені 13 м, биіктігі 8 метр болатын «Ерлік» және «Подвиг» деп аталатын қақпа орнатылып, оны қорғап тұрған екі жауынгердің тұлғасы бейнеленді. Саябақтың ортасына бұған дейін қаланың әр тұсында орналасқан «Мәңгілік алау» және батыр Бауыржанның сом мүсіні қойылды. Сондай-ақ , «Батырлар» аллеясында Жамбыл облысынан шыққан 39 Ұлы Отан соғысының батырының және 9 «Даңқ» орденінің барлық дәрежесінің иегерінің есімдері жазылған жұлдызшалар орнатылды. Құрылыстың екінші кезеңінде «Даңқ» залының құрылысы жүргізіледі. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған музей бой көтеріп, тылдағы еңбек еткендерге арналған монумент және «Тырналар» меморалдары салынады. Жаңа саябақта Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендерге арналған монументтік кешендерге де орын табылады. Сәйкесінше, саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары қолға алынбақ. Сол секілді Тараз қаласындағы бұрынғы базары аумағындағы «Шахристан» сауда орталығының аумағыда өзгеше кейіпке енеді. Мұнда «Көне Тараз» археологиялық мәдени кешенінен бөлек, Оқушылар сарайы, Неке сарайы сынды ғимараттар бой көтереді. Бір сөзбен айтқанда ескі базардың орны қаланың рухани, мәдени орталығы ретінде қалыптасып, қала тұрғындары мен қонақтары бір сәт тыныстайтын орынға айналмақ.
Жалпы қоғамның санасына серпін беретін бағдарламаның жекелеген тармақтары білім саласында да көрініс табуда. Мәселен, Жамбыл облысындағы жалпы білім беретін орта мектептерде «Өлкетану», «Туған өлке тарихы», колледждерде «Тарихи өлкетану», «Әдеби өлкетану» курстары енгізіліп, аптасына 1 рет «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» сабақтары музейлерде, тарихи ғимараттарда өткізілуде.
Қорыта айтқанда, жамбылдықтар бағдарламада көзделген айқын мақсаттарға қол жеткізуге қолдау білдіру бар мүмкіндіктерін пайдалануға әзір. Есесіне жергілікті билікте киелі өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен құндылықтарын жаңғырту, оларды насихаттау жұмыстарын жалғастыра беруге ниетті.
Баспасөз маслихаты соңында өңір басшысы БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.