Елдің экспортқа шығаратын бидайдан кейінгі ауылшаруашылық өнімі – мақта. Ал әлемде мақта егумен айналысатын 60-тан астам мемлекет бар. Соның ішінде Қазақстан өнімнің көлемі жағынан қазір 17-ші орында тұр. Бұл мақта өніміне мемлекет баса назар аударғандығының нәтижесі. Мәселен, былтыр мемлекттік бюджет арқылы, нақтылап айтқанда, жүз пайыз акциясы мемлекеттікі боп табылатын «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы мақта шаруашылығына қаржы бөлінді. Акционерлік қоғам 120 мың гектар жерге мақта егетін Мақтаарал және Шардара аудандарына 2,5 миллиард теңге жеңілдетілген қаржы бөлді. Шаруалар мақтасын жинап алған соң «Қазақстан мақтасы» АҚ-қа қарайтын мақта өңдейтін зауытқа мақтасын өткізеді, сосын барып көктемгі егіс уақытында пайдаланған қаржыны қайтара жатады.
Мақта өнімі саласындағы мұндай маңызды жобалар әріректе басталған. Нақтылай кетсек, Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 19 тамыздағы «Тоқыма өнеркәсібі» қанатқақты кластерін дамытудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың жүз пайыз қатысуымен «Мақта келісім-шарт корпорациясы» АҚ құрылған болатын. Компания еліміздің мақта өңдеу өнеркәсібін дамыту және тоқыма өнеркәсібін тұрақты түрде мақта талшығымен қамтамасыз ету стратегиялық бағыттарын міндетіне алған. Мақта талшығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, компания халықаралық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы технологияларды енгізуге күш салуда. Кәсіпорын аз жыл ішінде заманауи талаптарға жауап бере алатындай өндіріс орны болып үлгерді.
Кәсіпорынның жұмыс істеуі мақта саласындағы тауар өндірушілердің, өңдеушілердің материалдық-техникалық ресурстарға деген сұраныстарын жоғарылатып, басқа да салалардың ілгерілеуіне ықпал жасайды. Осы жобаларды орындау барысында заман талаптарынан шығатын, қуаты жылына 60 мың тоннаны құрайтын жаңа мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жаңа зауытты құру мақсаты бағаны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығына инвестицияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрақты баға қалыптастыру секілді негізгі мәселелерді шешуді көздеген еді. Расында, бұл соңғы жылдарда мақта өндірісіне айтарлықтай серпін берді.
Мақта өнімдерінің өндірілетін басты орны Оңтүстік Қазақстан облысы екені әмбеге аян. Сол үшін осы облыста мақта-тоқыма кластерін одан әрі дамытуды көздеп «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасының 2007 жылғы шешімімен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ ұсынған инвестициялық жобалар мақұлданған. Нақты айтар болсақ, сортты мақта тұқымдары өндірісі бойынша зауыт құрылысына бюджет есебінен 2008 жылы 1 700,4 млн. теңге, Май экстракциялық зауыт құрылысына 2009 жылдың есебінен 2 833 млн. теңге, Оңтүстік Қазақстан облысында машина-технологиялық және жөндеу бекетін құруға 2010 жылы 1 794 млн. теңге, мақта талшығын терең өңдеу бойынша фабрика құрылысына 2010-2012 жылдары бюджет есебінен 3 787 млн. теңге бөлу қарастырылған.
Қазіргі таңда «Қазақстан мақтасы» АҚ-тың «Мақта келісім-шарт корпорациясы» АҚ жарғылық қорындағы үлесі 75% құрап отыр. Ал қалған 25% акциялар мақта өндіруші шаруа қожалықтары арасында сатылады деп жоспарлануда.
Сонымен, Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде бұл өніммен Шардара, Мақтаарал аудандары ғана емес, оңтүстік аймақтың басқа аудандары да айналысады. Соңғы он бес жылда ОҚО-да мақта өсіретін алқаптың көлемі екі есеге кеңейді. Қазіргі таңда мақта өндірумен облыста 45 мың шаруа қожалықтары шұғылданады.
Халықаралық мақта кеңесі комитетінің мәліметінше, дүние жүзіндегі 70-тен астам мақта шикізатын өндіруші мемлекеттердің арасынан тоғыз мемлекет диқандарға қолдау көрсетеді екен. 2010 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Үндістан, Мексика, Болгария мемлекеттері шаруаларға көмек көрсеткен алдыңғы орындағы елдер саналған. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ сияқты компаниялар арқылы мақта саласындағы мемлекеттік қолдау мыналарды қамтиды. Олар – тыңайтқыштардың бағасын төмендету, су шаруашылығын қолдау, жанар-жағармайды субсидиялау, өсімдік қорғау, тұқым өндіруді қолдау, мақта шикізатын және мақта талшығына сараптама жасау жұмыстары. Мақта өндірісін қолдау жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, жоғарыдағы және басқа да шараларға 2005 жылы 3 млрд. 243 млн. теңге бөлінсе, 2010 жылы 5 млрд. 403 млн. теңге бөлінді. Осының өзі-ақ уақыт өткен сайын мақтаға деген мемлекеттік маңыздың артып отырғанын білдіреді.
2000 жылға дейін елімізде аудандастырылған мақта сорттары болған жоқ. Себебі, кеңестік кезеңде еліміздің мақта шаруашылығына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары іргедегі Өзбекстанға тәуелді еді. Сол үшін ұзақ уақыт көрші елдің мақта сорттарын егіп келген едік. Ал 2000 жылдан бастап Үкіметтің қолдауымен жергілікті топырақ-климат жағдайына лайықталған, ылғал мен сортаңға төзімді, бұрынғылармен салыстырғанда суды 35-36 пайызға кем талап ететін, 110-115 күнде пісіп үлгеретін, мол өнімді, «менмін» деген шетелдік сорттардан қалыспайтын, әлемдік кез келген мақта сортымен бәсекеге түсе алатын 10 жаңа сорт шығарылды. Осы орайда, қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты селекционерлерінің қажырлы еңбегін айта кету керек. Сонымен қатар 2009 жылы «ҚазАгро» АҚ Мақтаарал ауданында республикадағы барлық мақта өндіретін шаруашылықты жоғары сапалы тұқымдық шитпен қамтамасыз ететін жаңа зауытты іске қосқан болатын. Мұндай шаруаларды мемлекет тікелей және жүз пайыз акциясы мемлекеттікі боп саналатын Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы сынды компаниялар арқылы да жүзеге асырып отырады.
«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ секілді компаниялар арқылы мақта саласындағы мемлекеттік қолдаудың тағы бір мақсаты – мақта өндірісіне инвестициялар тарту. 2006 жылы корпорация Мақтаарал ауданында АҚШ, Түркия өндірісінің жаңа жабдықтарымен қамтылған мақта өндіретін зауыт салған. Шикізатты сатып алуға 7 мақта қабылдау пункті сатып алынды. Өткен жылы шаруалардан мақта шикізатының 37 мың тоннасы сатып алынды. Қазір шикізат қайта өндірілуде. Жоғары сапалы талшық экспортқа тасымалданып жатыр.
Әлемдік бағаның өсуі немесе төмендеуі Қазақстандағы мақтаның бағасына әсер етпей қоймайтыны анық. Бұл жағындағы бағаны реттеу де оңайға соқпайды. Өйткені әлемдік баға мақта өніміне және өзге де себептерге байланысты өте құбылмалы болып келеді. Мысалы, былтыр әлемде мақта ерекше қымбаттады. 2009-2010 жылдары әлемде мақта тапшылығы 16,4 миллион тюкті құраған. Бұл 2009 жылғы мақта тапшылығына да байланысты болды. Мамандардың айтуынша соңғы 140 жылдан бері мұндай баға болмаған екен. Нью-Йорктегі континентаралық биржада мақта фунтының бағасы 3,1 пайызға қымбаттап, 1, 2854 долларды құраған. Сол кезде мақта экспорты жақсы дамыған елдер мол пайдаға кенелді.
Бұл өткен жылғы жағдай. Ал Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы мақта рыногындағы өз жұмысын мақта сатып алу бағасын бір тонна үшін 8-10 мың теңгеге жоғарылаудан бастаған. Қалыптасқан әлемдік бағамен шикізаттың әрі қарай талшыққа қымбаттауы күрделі мәселе. Сондықтан, мақта өндірісінің тиімділігін арттыру үшін, өнімділікті жоғарылатып, қарқынды үдету қажет. Корпорация енді осындай келелі істерді атқарып жатыр.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.