Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар. Мен Ли Куан Ю мырзамен көп жыл достық қарым-қатынаста болдым. Елдеріңіздің қазіргі Премьер-Министрімен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Халықаралық басқосулардың бәрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту жөнінде әңгімелесеміз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның туризмді дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, Астананың туристік әлеуетін арттыру үшін атқарылып жатқан шаралар жөнінде айтты.
– Сіз – қонақ үй бизнесінде танымал адамсыз, әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп жүрсіз. Астана – жаңа елорда. Біз оны туристік қалаға айналдырмақпыз. Бұл үшін біз Сингапурдың осы бағытта жүріп өткен жолын зерттеудеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Онг Бэнг Сэнг Қазақстандағы өзінің алғашқы жұмыс тәжірибесі жөнінде айтты.
Сингапурлік бизнесмен Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды түрде өркендеп, дамудың жоғары нәтижелеріне қол жеткізгенін атап өтті.