Форумға әлемнің түрлі елдерінен 500-ге жуық спикер қатысады. Бұл АЭФ-тің рекордтық көрсеткіші. Топ-спикерлер арасында Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер, физик, футуролог Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы Джим О'Нил, Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк, Ресей президенттігіне үміткер болған Ксения Собчак және өзге де тұлғалар қатысады. Форумның алғашқы екі күнгі күнтәртібі жаһандық мәселелерге арналады, үшінші күні спикерлер ҚР Үкіметінің, сарапшылар қоғамдастығының өкілдерімен алты бағыт бойынша жұмыс жүргізетіні күтілуде.
Конгрестің 10 жылдық жұмысы барысында оған әлемнің 150 елінен 50 мың делегат, соның ішінде 20-дан астам Нобель сыйлығының иегерлері, 30-дан астам шетелдік жоғары деңгейлі саяси қайраткерлер келген. Конгресс аясында жалпы құны 20 млрд доллардан асып жығылатын 300-ден астам меморандум және келісімдерге қол қойылды. Әр жылдары форумда әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, ғалымдар, экономистер, журналистер және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, бизнес-элитаның өкілдері спикер болды.
Суретті түсірген Ерлан Омаров,
«Егемен Қазақстан»